- Advertisement -

Жаңа оқу жылының жағымды жаңалықтары көп

82

- Advertisement -

Бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыруда бірінші кезекте басты үміт мұғалімдерге артылатыны түсінікті. Еліміз үшін лайықты азаматтарды тәрбиелеу – педагогтердің, ең алдымен ата-аналардың міндеті. Уақыт бізден білім беру жүйесінің үздік үрдісін сақтай отырып, әрдайым даму жолында ізденісті талап етуде. Ал мұндай өзгерістерге отандық жүйе қаншалықты дайын?

Бүгінде мектептер кезең-кезеңімен жаңартылған оқу бағдарламасына көшуде. Республика бойынша мұғалімдердің 70-87 пайызы жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша курстардан өтті. Педагогтарды аттестациядан өткізудің жаңа жүйесі енгізілді. Оқушыларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші жоғарылай түсті.
Иә, қазір – ақпараттық технологиялар мен биотехнология саласындағы революциялар кезеңі. Бұл өзгерістер адамзаттың тұрмыс-салтына да тікелей әсер етуде. Республикалық Тамыз кеңесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, жаңа өмірге білім беру жүйесі де тез бейімделуі қажет. Бүгінде әлемдегі жетекші мектептер балалардың креативті әлеуетін дамытуға кіріскен. Сандық технологиялар мен нақты ғылымдарға үйретуде. Біздің де дамыған елдер қатарына қосылуымыздың жолы осы –қолжетімді және заманауи білім.
Өңіріміздің білім саласы жаңа оқу жылында бірнеше жағымды жаңалықпен ерекшеленбек. Игі өзгерістер білім берудің барлық сатысында бар. Атап айтқанда мектепке дейінгі білім беретін ұйымдардың саны 545-ке жетіп отыр. Балабақшалар саны мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту арқылы жүзеге асырылуда. Өткен алты айдың өзінде облыста 2194 орындық мектепке дейінгі 15 мекеме ашылды. Жалпы қазіргі кезде Жамбыл жеріндегі 171 жекеменшік балабақшада 14984 бала тәрбиеленуде. Соның нәтижесінже мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығында қамтылғандар үлесі 84 пайызға, 3-6 жас аралығында 98 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 100 пайызға жететін болады. Бұл – мектепке дейінгі білім беру сапасы артады деген сөз.
Республикалық Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгінгі таңда 2 жастағы балаларды балабақшамен қамту мәселесінің өте өзекті екенін айтты. «Балалардың балабақшаға бару кестесін қайта қарау қажет. 6 жастағы балаларды балабақшадан мамыр айынан бастап шығару тәжірибесін тоқтатып, тамыз айына дейін ұзарту керек. Осы уақытты балалардың мектепке дайындығына арнаған абзал. Аталған өзгерістерге сай бағдарлама әзірленеді. Кедергісіз қамту ұстанымын жүзеге асыру арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың балабақшамен қамтылуын әрі қарай жалғастыру керек», – деп министр сала мамандарына нақты тапсырма беріп отыр.
Баланың келешекте мықты маман болып қалыптасуында мұғалімнің рөлі зор. Мұны ұстаз өзі түйсігінен өткізгенде ғана саналы ұрпақты тәрбиелей алады. Ол үшін заман ағымына ілесіп, оқушыларға жаңа жүйемен сабақ беріп қана қоймай, кәсіби деңгейін де өсіруі керек. Осы мақсатта жаңартылған білім беру мазмұнына көшетін 4, 9, 10-сыныптарға сабақ беретін 5311 жамбылдық педагог жаңа бағдарлама аясында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жалпы 2018-2019 оқу жылында облысымыздағы 446 мектепте 25528 ұстаз 222 мың оқушыға заман талабына сай саналы тәрбие мен сапалы білім берді. Өткен оқу жылында жұмысқа мыңнан аса жас маман қабылданып, бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табуда.
Облысымызда 2019-2020 оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Алдағы оқу жылында 442 мектеп жұмыс істемек. 1 қыркүйекте 28059 балғын мектеп табалдырығын жаңадан аттайды.
Биыл өңірімізде үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілді деуге болады. Ағымдағы жылы облыс бойынша 16 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылып, 5 мектеп, оның ішінде апатты жағдайдағы – 1, үш ауысымды – 1 және орын тапшылығы бар 3 мектептің құрылысы аяқталды. Барлығы 1 қыркүйек – Білім күнінде пайдалануға беріледі. Сөйтіп қаншама жамбылдық ұстаз заман талабына сай жабдықталған ғимаратта еңбек етуге мүмкіндік алады.
Оқулықтармен қамту мәселесіне келсек, жаңа оқу жылында 4, 9, 10-сынып оқушылары жаңа кітаптар алады. Бұл үшін бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, жаңа оқу жылында барлық бала оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.
Жаһандағы дамыған мемлекеттердің тәжірибесін негізге алған Қазақ елі білім беру саласын цифрландыруға да көптеп көңіл бөле бастағаны мәлім. Ақпараттық технологиялар – саналы, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады. Бүгінде аймағымыздың барлық мектебі бірыңғай сандық жүйеге қосылған. Өңірде балабақшаға балаларды кезекке қою және жолдама алу (edugarden.kz), мектепке 1-сыныпқа және лагерьлерге қабылдау (eduschool.kz), техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне оқуға қабылдау (zhambyltipo.kz) жүйесі 100 пайыз автоматтандырылды.
Тағы бір ерекше атан өтетін жағымды жаңалық, білім саласында көрсетілетін 37 қызметтің 14-і автоматтандырылса, жыл соңына дейін тағы 14 қызмет цифрландырылады деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда білім мекемелері алдында тұрған басты талап – оқушылар білімінің сапасын жақсарту. Осы мақсатта 2018 жылы аудандар мен Тараз қаласында 14 IT сыныбы ашылса, биыл 37-сін іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ Wi-Fi желісімен өңірдегі барлық мектептің 96 пайызы жабдықталған. Жыл соңына дейін мектептер 100 пайыз Wi-Fi желісімен қамтылатын болады. Бүгінде робототехника кабинеттерімен мектептердің 50 пайызы қамтамасыз етілді. Бұл шәкірттердің дарынын ұштап, сандық технологиялар бағытындағы білімін арттыруға жол ашпақ.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі тағы бір өзекті мәселе уақыт талабы мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне қарай арнаулы орта оқу орындарын жаңғырту екені белгілі. «Тәжірибе көрсеткендей, қолданыстағы колледждердің материалдық-техникалық қайта жарақталуына басымдық беру – ресурстарды шығындайтын тәсіл. Сондықтан Үкіметке колледждерді ірі кәсіпорындар арқылы сенімді басқаруға көшіру, дуалды оқытуды дамыту, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріндегі стратегиялық бағдарларды айқындай отырып, типтегі ұйымдарды дамыту ісін кешенді түрде қарауды тапсырамын», – дей келе елімізде техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән берілетінін атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың басқосуында. Осы мақсатта техникалық және кәсіптік мамандарға деген еңбек нарығының сұранысына сай жаңа оқу жылына облыстағы 47 мамандыққа 3082 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.
Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша 3500 түлек бітірсе, оның 84,2 пайызы жұмысқа орналасып, оның 67 пайызы өз мамандығы бойынша өңірдің еңбек рыногын білікті мамандармен толықтырды. Кәсіби маман даярлауда дуалды оқытуды енгізудің маңызы зор. Өткен жылы дуалдық оқыту жүйесімен оқуын аяқтаған 1588 түлектің 75 пайызы жұмыспен қамтылды.
Жамбыл политехникалық жоғары және Құлан агротехникалық колледжінен үлгілік оқу орнын жасау мақсатында облыстық бюджеттен 600 мыңға жуық қаржы бөлініп отыр. Аталған оқу ордасынан 10 техникалық және ауыл шаруашылық құзыреттілік орталығы ашылды. Жұмыс беруші мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері арасында 3581 түлекті жұмыспен қамту туралы 726 келісімшарт жасалды. Мұнда, жұмыс беруші өз тапсырысына сәйкес оқу бітірген түлекті алған мамандығы бойынша жұмысқа қабылдауға міндеттелді. Өңірдің қажеттілігіне сәйкес, жаңадан 4 мамандық (сүт, ет өңдеу технологиясы, бал арасы мен орман шаруашылығы мамандықтары) 12 біліктілік ашылды.
Тағы бір атап өтетін жағымды жаңалық, енді грантқа оқуға түсе алмаған талапкерге мемлекеттік тапсырыспен тегін оқуға тағы мүмкіндік берілді. Көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына жоғары оқу орнында білім алу үшін Ұлттық қордан 5000 грант бөлінген болатын. Оның 460-ы біздің өңірге бөлінсе, облыстық бюджеттен 39 грант қосымша беріліп отыр. Биыл жергілікті бюджеттен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жалпы медицина саласына – 15, агрономия мамандығына – 10, аграрлық техника және технология мамандығына – 5 грант, денсаулық сақтау саласы бойынша резидентураға – 9 орын бар.
Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзінің жаны бар. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне үлес қосуы үшін қазіргі білім және тәрбие беру үдерісін қатар дамытуы керек. Туған жерге, қоршаған ортаға, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптей алатын ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз.
Жас жеткіншектерге рухани және патриоттық тәрбие беру ісіне жамбылдықтар түгелдей атсалысып отыр десем, артық айтқандық емес. Бір ғана Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің жүлде қоры 3 миллион теңге болатын кітап оқу байқауын ұйымдастыруы, оған облыстық мәслихаттың депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің демеушілік жасауы – соның дәлелі. «Кітап оқып, миллионер бол!» жобасының негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу. Бес айға созылған білімділер бәйгесінде мыңдаған оқушы кітапты жанына серік етіп, қатысуға ынта танытты. Бірегей байқау нәтижесінде жүлдесі 1 000 000 теңгені құрайтын I орынды Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Қазына Әбдісейіт жеңіп алды. Байқаудың өзге де жеңімпаздары сертификат, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама иеленсе, қатысушылары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қазір жастар кітап оқымайды дейміз. Ал байқауға қатысуға ынта танытқан мыңға жуық оқушының талпынысы кітапқұмар балалардың бар екенін көрсетті.
Сала мамандары халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының 50 жеңімпазына Нұр-Сұлтан қаласына саяхат ұйымдастырды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген «#BestVideoТуғанөлке», «BilimАнимация», «Ogy, tap», «BILIM FM мектеп радиосы» онлайн бірегей байқауларының 27 жеңімпазы Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалуда. Лагерьлердегі жазғы демалыс мектеп оқушыларының жаңа оқу жылына жаңа күш-жігер жинауына үлкен септігін тигізді деп сенеміз.
Иә, жазғы демалыс маусымы өз мәресіне таяп қалды. Алда – жаңа оқу жылы. Біздің алдымызда былтыр қол жеткізген жетістіктерімізді еселеу, жаңа межелерді бағындыру міндеті тұр.
Жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Бұдан былай мұғалім мамандығына деген құрмет те арта түседі. Жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы да қарқын алып келеді. Мұның бәрі бүгінгі ұрпақтың білім нәрімен сусындап, өмірден өз орнын таба білетін білімді, сауатты маман болып шығуы үшін жасалған қадам.

Рахия Тұрмаханбетова,
облыс әкімдігі білім
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support