- Advertisement -

Үлгі алатын адам қасыңда жүр

50

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің үй іргесіндегі жер телімдерін тиімді пайдаланып, тұрғындардың тұрмысын жақсарту жөніндегі бастамасы облыс жұртшылығының кең қолдауына ие болып отыр. Қосалқы шаруашылық – кеңестік кезеңде де ауылдықтардың асыраушысы және қосымша табыс көзі болатын. Ол кезде ауылдардағы әр отбасында 5-6 баладан кем болмайтын. Аналарымыз оларды өсіріп, үй шаруасымен айналысатын. Отағасының азын-аулақ айлық жалақысы отбасының қажеттілігін өтеуге жетпейтін. Сондықтан да жер телімін тиімді пайдаланғандар бақуат өмір сүрді. Көкөніс және мал өсіріп, мұқтаждықтарын өтеді. «Еңбек қылмас еріншек адам болмас» деп Абай атамыз айтқандай, өкінішке қарай ауласындағы 25-30 сотық жерде бұзау және есек арқандаумен шектелетіндер де аз болған жоқ.

Біз жердің, өзіміздің иелігіміздегі жер телімінің қадірін білмейміз. 1995 жылы жолымыз түсіп, Өзбекстанның Паркент ауданындағы Алмалы деген шағын ауылда бірнеше күн құдалықта болдық. Ауылда кілең қазақтар тұрады. Ол жақта ауылда тұратындарға 10-12 сотықтан артық жер берілмейді. Олар осы аядай аумақты тиімді пайдаланып, көкөніс өсіріп, онымен отбасының қажеттіліктерін өтейді, артылғанын сатады. Үйлердің ауласында бос жатқан бір шаршы метр жер жоқ. Олар осы жерден жылына екі рет көкөніс өсіріп, өнім жинайды. Көршілес Қытай мемлекетінде шаруа қожалықтарына біздегі сияқты мыңдаған, жүздеген гектар егістік емес, елу сотықтан ғана жер телімі беріледі. Егер олар оны бір жыл пайдаланбаса, мемлекет келесі жылы қайтарып алады.
Кеңестік кезеңде ауылдарда бірқатар азаматтар «өкімет өлтірмейді» деген жалған наным-сеніммен өмір сүрді. Нарық заңы – қатал. Қайда да болса, қарым-қабілетіңе сай қарекет жасап, кәсіппен шұғылданбасаң, еңбек етпесең, көштен қаласың. Жуырда облыс әкімі басқарма басшылары және мамандармен бірге аудандарды аралаған кезде иеліктеріндегі жер телімдерін тиімді пайдаланып, қыруар табыс тауып жүрген отбасыларды көздерімен көрді. Демек, көпшілік ниет болса, қарекет жасаса жер телімі кіріс әкелетініне тағы да көз жеткізді. Аулаларында көкөніс, құс және мал өсіріп, адал еңбегімен отбасы бюджетін толтырып жатқандар Меркі ауданында да аз емес. Солардың бірі – Сұрат ауылдық округіндегі Сұрат ауылының тұрғыны Алмас Жәрдембаевтың отбасы.
Алмас Жәрдембаев – кеңестік кезеңде еңбек жолын шопандықтан бастаған. Кейін құрылысшы болды. Еліміз нарықтық экономикаға көшкен кезде әртүрлі жұмыстармен шұғылданды. Оған бір күні «ауламдағы жер теліміне қызанақ өсірсем» деген ой келді. Ол осы ойын 2014 жылы жүзеге асырды. Әуелі 10 сотық жерге қызанақ егіп, өткеріп, азын-аулақ табыс тапты. Осы мерзімде біраз тәжірибе жинақтады. Өткен жылы 15 сотық жерге егілген өсімдіктен жалпы 700 мың теңге ақша түсті. Оның 300 мың теңгесі сатып алған тұқым, дәрі және басқа да қажеттіліктерге жұмсалды. Әлбетте, ауылдықтар үшін 400 мың теңге де аз ақша емес. Биыл ол ағайындарының бос жатқан жерін сұрап алып, 40 сотық егістікке қызанақ және қияр көшеттерін орналастырды. Оған бұл істе жұбайы Гүлзира, қызы Динара және ұлы Арнат көмектеседі. Біраз тәжірибе жинақтаған Алмас жер телімдеріне қызанақтың голландиялық «Бобкат», қиярдың голландиялық «Платина» сұрыпты тұқымдарын екті.
«Баптай білсең – жер жомарт». Тиісті күтім көрген өсімдіктер бітік өсті. Қазір олар жинаған өнімдерін Меркінің базарына көтерме бағамен өткеруде. Биыл күннің қатты ыстық болуына байланысты қызанақ пен қиярды аптасына бір рет ылғалдандыруға тура келген. Үш рет олардың арамшөбін отап, екі реттен түптерін қопсытқан. Екі рет дәрілеген. Жалпы, өнім өткергенге дейін 400 мың теңге шығын жұмсалған. «Биыл оларды өткеруден 1 миллион теңгеден астам кіріс түседі. Оның 700 мың теңгесі таза табыс болатынына сенімім зор», – дейді Алмас Жәрдембаев. А.Жәрдембаев бұл кәсібін келешекте де жалғастырғысы келеді. Ол өсірген қызанақ пен қияр шілде айында ғана піседі. Бұл кезде нарықта көкөніс көбейіп, олардың өнімі арзан бағаға өткізіледі.
– Егер біз көкөністің көшеттерін наурыз айынан бастап отырғызсақ, олар ерте пісер еді, қыруар табысқа кенелеміз. Ол үшін егістіктің бетін жабатын арнайы мата керек. Оны сатып алуға шамамыз келмей отыр, – дейді А.Жәрдембаев.
Ақермен ауылдық округіндегі Ақермен ауылының тұрғыны Сәкен Мәутенов 3 жылдан бері бройлер тауықтарын өсіреді. Ол бұл кәсіпте едәуір тәжірибе жинақтаған. Жазда Алматыдан әр балапанды 270 теңгеден сатып алып, оларды ауласындағы жылы қорада 12 күн ұстайды. Одан кейін балапандар ауладағы қоршауда бағылады. Сәкен жұбайы Меруерт Мәмбетова, ұлы Ержігіт және қызы Құралаймен бірге 2 ай 10 күн күтім жасайды. Құстарға біраз уақыт арнайы құрама жем беріледі. Кейін олар мақсары, бидай және жүгері дәндерінің қалдықтарымен азықтандырылады. Осы мерзімде олар 2-2,5 килограмм салмақ тартады. Құс өсіруші оны тірідей және сойып Алматыға өткереді. Әр килограмм құс етінің құны – 1 мың теңге.
Сәкен 1 мың балапанды сатып алуға және жемі мен дәрісіне 1 миллион теңге жұмсаған. Енді «оны өткеруден 2 миллион теңге табыс табамын» деп отыр. «Әрекет түбі – берекет». Демек, Сәкеннің отбасына 2,5 айда 1 миллион теңге кіріс кіреді. Құс өсіруші бұл кәсіппен жыл-он екі ай бойы шұғылданғысы келеді. Әйтсе де бұл ойын жүзеге асыруға қаржы тапшылығы қолбайлау болуда. Ол үшін үлкен қора керек. Сәкен келешекте 5 мың бройлер тауыққа арналған, іші жылытылатын, су келіп тұратын нысан салғысы келеді. Осы ойын жүзеге асыру үшін аудан басшыларынан өсімі төмен несие алып беруге өтініш жасауда. Ауылда жұмыссыздар көп. С.Мәутеновтің кәсібіне қызығып, табыс тапқысы келетіндер де аз емес. Бұл жағдайды аудан басшылары да жақсы біледі.
– Алмас және Сәкен сияқты азаматтардың тәжірибесін тарату үшін ауылдарда семинар өткізудеміз. Сәкен Мәутеновке құс өсірушілердің кооперативін құруға ұсыныс жасалды. Егер құс өсіретін 10 азамат бір кооперативке біріксе, ауылда 30 адамды жұмыспен қамтуға болады. С.Мәутеновтің балапан алу, оларды өсіруде және өткеруде тәжірибесі мол. Сонда ауылдағы басқа әріптестері кәсіптерін алаңсыз жүргізер еді. Қазір аудандағы осындай азаматтардың істерін дөңгелету үшін қаржылай көмек және өсімі аз несие беру үшін қаржы көздері қарастырылуда. Алдағы уақытта біраз өтініш берушілердің қолдары қайтарымсыз гранттарға да жетіп қалады, – дейді аудан әкімі Мейірхан Өмірбек.

Ақылжан МАМЫТ

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support