- Advertisement -

Жеңіс күні жыр толғап, жүлде алған

88

- Advertisement -

ол кезде 48 келі бидай дегеніңіз алтыннан да артық

Ақбастау ауылдық округінде Несіпкүл Байділдаева деген әже тұрады. Бүгінде жасы жүзге жақындаған қарияны кенже ұлы Балақазым мен келіні Зейнекүл қабағына кірбің түсірмей, бағып-қағып отыр. Ананы ардақтаған, үлкенді құрметтеген келіннің бәрі де Зейнекүлдей болса ғой, деп ойлайсың осындайда.

Несіпкүл әже жайлы ел аузында әңгіме көп. Соның бірі – оның Жеңіс күні жүлде алғаны туралы. Ол кісінің ауылдастары бұл оқиғаны айтқан сайын, әр сөзге екпін беріп, құбылтып айтады. Осылайша оның бітім-болмысын биіктете түскісі келетіндей.
Несіпкүл әже өлең жазады екен. Ұйқасы тастай, төрт аяғын тең басып, мөлдіреп тұрмаса да, жүрегінен шыққан асыл жырлар.
1945 жылдың 9 мамыры. Ұлы Жеңіс күні. Ауыл Жеңіс тойын тойлап жатқан кез. Орталыққа ел жиналып қалған. Ішінде балдаққа сүйенген жаралы жауынгерлер де бар. Ол кезде арнайы құрылған сахна қайда? Ашық алаңқайға ат арба қойып, аудан басшылары соның үстіне шығып сөз сөйлейтін. Жұрт зарыға күткен Жеңіс күнін осылай қарсы алған.
Басшылар құттықтау сөз сөйлеген соң, ат арбаның үстіне әнші, бишілер шығып өнер көрсетті. Бір кезде ақындар айтысына кезек келеді. Несіпкүл Байділдаеваға көрші ауылдың бір жас жігіті қарсылас болып шығыпты. Сонда Несіпкүл:

– Атың өшкір, сұмырай Гитлер,
Кезің келді үйтілер.
Әкем қайда, айт қане?!
Жүр екен қайда сол бір ер, – дегенде жиылған көпшілік ішінде көзіне жас алмаған жан қалмаған екен.
Одан әрі:
– Беліне байлап гранат,
Лақтырды өзіңе тұра қап.
Қаштың ба арам, сұм фашист,
Ой-қырмен сонда жылап ап.
Тұмсықты ұрдың тасыңа,
Пәле келді басыңа.
Атың өшсін, Гитлер,
Тасыма, енді тасыма.

Ірілерден іріміз,
Жеңіске жеттік міне біз.
Жасасын жеңіс, жасасын,
Батырлармыз – бәріміз.

Жігітсің-ау келісті,
Білімі бар өрісті.
Несіне шықтың ақын боп,
Жырламасаң Жеңісті,
– деп тоқтамай жырлауы мұң екен, жиналған жұрт ұзақ қол соғып тұрып алады. Сонда қарсыласы жауап қайтаруға жарамай, елеусіз қалыпты.
Қолындағы қызыл орамалды жалаулата көтеріп тұрған Несіпкүл сонда өзін шын бақытты сезінгенін айтады. Аудан басшысы айтыста жеңіп шыққан ақынға арнайы барып, бас жүлдеге үш пұт бидай тарту етіпті. Ол кезде 48 келі бидай дегеніңіз алтыннан да артық.
Жылдар өтсе де, соғысқа аттанғандар шетінен жараланып келіп жатады. Алайда Несіпкүл күткен адам оралмайды.
1946 жылы Несіпкүл соғыстан оралған Шайхы есімді азаматқа тұрмысқа шығады. Екеуі де колхоздың қара жұмысына жегіліп, еңбек етеді. Отағасы 44 жыл қызылшашы, сушы болып жұмыс істеген екен. 2007 жылы өмірден озған.
Бүгінде Шайхы мен Несіпкүлден он ұл мен қыз тарап отыр. Қырық жыл қызылшашы болған Несіпкүл ана әлі де ширақ. 4 ұл, 6 қызынан 40 немере, 20 шөбере, бірнеше шөпшек сүйді. «Құдайдың берген жасын жасап, перзент сүйдік. Тіршілікте аштықты да, тоқтықты да көрдік. Енді жастар аман болсын. Жас ұрпақ аман болсын», – дейді ғасыр жасаған әже Несіпкүл Байділдаева.

Есет Досалы

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support