- Advertisement -

Жас ақындар жыр оқыды жалындап

134

- Advertisement -

Мөлдір өлеңді жүрек көзінен өткізген жастар кофеханада бас қосты. Әрине, ас ішіп, аяқ босату үшін емес, жыр оқып, жан сергіту үшін.
Еркін форматтағы басқосуды өткізуге ешқандай басқарма мұрындық болған жоқ. Жүрек дүрсілі өлең деп соққан, өлеңге аңсары ауған жастар өздері ұйымдасты. Басқосудың атын – «Авангард» деп қойыпты.
«Global Coffee» деп аталатын кофехананың іші де әдеби атмосфераға негізделіпті. Көне кітаптар, түрлі бұйымдар әдебиет әлеміне жетелей түседі.
Әдеби кештің кіріспесінде сөз сөйлеген жазушы Несіпбек Дәутай жастардың бұл қадамына құт тілеп, талантты жастар шоғырланған біздің өңірде мұндай кешті өткізіп отырған ақындарға ризашылығын жеткізді. Облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрадин Рақай ақындардың бұл қадамы көңіл қуантатынын тіліне тиек етті.
Белгілі ақын Есенғали Раушановтың «Болмаңыз, тегі, шүбәлі» атты өлеңінде «Ақындар айхай жыр оқып, ару қыз келіп гүл қадап…» деген жолдар бар. Бұл күні сол көрініс көз алдымызға келгендей болды. Тараздағы тартымды кешке ару Алматыдан халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, талантты ақын Батырхан Сәрсенхан арнайы келіп, шашын сілкіп тұрып жырын оқыды. Жас ақындар Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Жолдасбек, Арайлы Жақсылық, Әлімжан Шөңгербай, Файзулла Төлтай, Нұрболат Сатымқұл бастаған өзге де қыз-жігіттер жаңа өлеңдерімен жүректерден жол тапты. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман да жырларымен бөлісті. Облыстық «Арай» жастар газетінің тілшісі Мұратхан Әлімхан бастаған өзге де жастар гитарамен және домбырамен ән шырқап, әдеби кештің ажарын аша түсті. Белгілі режиссер Камат Касенов өз ұсыныстарын ортаға салды.
Пушкин «Поэзия – әпенделеу болуы керек», – депті. Олай болуы да заңдылық шығар. Алайда біз жастардың бойынан әпенділіктен гөрі, зияткерлікті байқадық. Жиналған жастардың кейбірінің жанарынан романтиканы аңғардық. Поэзияның құдіреті сол – айсбергке айналған жүректерді жібітетіндігі. Әсіресе жастардың жанары ештеңені жасыра алмайды ғой. Жүректердің дүрсілінде сезімнің лүпілі қылаң беретіні содан да болар…
Сонымен, жас ақындардың бұл басқосуы көпшіліктің көңілінен шыққанына шүбәміз жоқ. Шығыстың шайырлары тамсана жырлаған Таразда осындай басқосулардың өтіп тұрғаны ләзім.

 

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Тараз қаласы.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер Сланбек Алдабергеннің жақында «Жұртта қалған шындық» атты жыр жинағы жарық көрді. Сан салада еңбек еткен ардагердің жүрегінен төгілген тұнық жырлардың бірқатарын оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.

Сланбек АЛДАБЕРГЕН.

Кім білген?

Кім білген жылы күннің аз екенін,
Қыстың соңы түбінде жаз екенін.
Бірде ән, бірде зарын әкеп тұрған,
Көрген әр шыққан күннің бақ екенін.

Тосатын жазықтан соң жар екенін,
Заманның кең боп тұрған тар екенін.
Өкінген соңғы күні көрер адам,
Өзіне түбі Құдай жақ екенін.

Бағының уыстағы қар екенін,
Ұшқалы тұрған құстай сақ екенін.
Өмірден кештеу біліп өтер пенде,
Жалғанда кімнің адал, ақ екенін.

Суарып көз жасымен Жар өтемін,
Жаны ірі бір-ақ адам бар екенін.
Көп пенде білер түбі күні келсе,
Жүректің тек жылуға зар екенін.
Бақ деген көшпелі құм-төбе екенін,
Көл екен деп жүргеннің шөл екенін.
Кім білген, кеше түспей кеткен жолың,
Бақытқа бастайтұғын жол екенін.

Күніңнің өтіп жатқан бос екенін,
Ескерткен «дұшпаныңның» дос екенін.
Ортадан жырақ қалса ұғар пенде,
Жұрт тастап кететұғын көш екенін.

Махаббат

Жетпіс жаста махаббат шын болар ма?
От сезім ыққан күздің ызғарынан.
Өткен жаздан естелік мұң қалар ма?
От жүрек алаулап бір сыздады жан.

Келді ме махаббатты құнттар күнім,
Жай оты да жарқылдап күлімдейді.
Көкжиекте ойнайды бұлттар бүгін,
Менің ынтық жүрегім дірілдейді.

Пенде бар ма жүзінен әр таймайтын.
Әлденеге ынтығып асығамын.
Жүрегім бар жалғанда қартаймайтын,
Селдетіп жіберетін ғашық әнін.

Оянар ма ендігі сезім деген,
Кеудемде соққан жүрек дүрсілінен.
Жазылғандай бейкүнә көзіңде өлең.
Өтеді ме, бұл өмір күрсінумен.

Өмір

Ей,өмір!
Мен де саған өкпеледім,
Қайда менің шат күнім көп дегенің?
Тағдырдың тәлейінен қаным қайнап,
Мен кейде дүниені жек көремін.

Жалғанда қайғылы күн жоқ деп едім,
Кім білген жүрекке мұң дөп келерін.
Жанымды жасытатын болып алды,
Қуатын бойдан алып от дененің.
Ұлымын деп жүруші ем іргелі елдің,
Келмейді тіршілікті түрге бөлгім.
Тіршілік арбаса да, алдаса да,
Келеді бәрін елмен бірге көргім.

Кезім жоқ бос лепіріп секеңдеген,
Борыш көп дүниеде өтелмеген.
Түбінде орындалар бар арманым,
Зау биік мақсаттарға жетем деп ем.

Ей, жалған, сағымдай боп мұнартасың,
Сен бе едің, шығар тауым, шығар тасым.
Неліктен жанарыма мұң үйіріп,
Неліктен жүрегіме жүк артасың?

Көктем

Көктем, көктем, көңіліме көш менің,
Мен өзіңе еркеледім, бөспедім.
Жарандардың жылу сыйлап жанына,
Боранда да көңілімнен өшпегін.

Көктем, көктем, жүрші менің қасымда,
Сені алғанмын бәсіре ғып жасымда.
Айналаны, Аспан, Жермен мені де,
Бояп тұршы ерінбей кіл жасылға.

Көктем, көктем, тәу етемін өзіңе,
Көк дүние көк боп қоншы көзіме.
Күтіп жүрдім мен де сені асығып,
Күтіп жүрдім жан жүрегім езіле.
Көктем саған ынтық едім жасымнан,
Сен келгенде жан сарайым ашылған.
Бар өмірім көкке оранып өтсін деп,
Мен өзіңе ғашық болғам, бас ұрғам.

Жаз жайқалсын, күз де болсын, қыс ұлып,
Тек жанымыз қалмасыншы қысылып.
Жақсылықтың жаршысындай жыл құсын,
Біздің жаққа жібер, көктем, ұшырып!

Көктем, көктем, мен жылайын, сен күлші,
Жүректегі күмәнімді жеңдірші.
Лебіңменен жанды аймалап ілкі сәт,
Бір ғажайып боларына сендірші.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support