- Advertisement -

Ауылдың тұрмысын жақсартудың тиімді жолдары жоқ емес

201

- Advertisement -

Қазақта «Ауылым алтын – бесігім» деген аталы сөз бар. Ауылын сағынбайтын адам сирек. Жыл сайын еңбек демалысымызда туған жерге тартатынбыз. Ондағы күндіз-түні бітпейтін тіршілік, көктемде мал төлдеп, жер құлпырып, ауыл адамдары өз есіктерінің алдындағы жеріне жоңышқа және көкөніс егетін.Бұл – сол кездегі Талас ауданының әр шаруашылығына тән жағдай болатын. Ал осы халқы еңбекқор Талас ауданынан 59 Социалистік Еңбек Ері шыққаны белгілі. 

Бірақ бүгінде ауылды жұмыссыздық жайлаған. Республика көлемінде ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында «ҚазАгро», «ҚазАгроҚаржы», «ҚазАгроКредит», «ҚазАгроМаркетинг» және басқа да қызметкерлері көп, бірақ пайдасы аз мекемелер құрылды. Олардың аттары дардай болса да, халыққа тигізіп жатқан пайдалары шамалы.
Колхоз-совхоздарды таратқан 1990 жылдардың басынан бастап күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы аса қиын жағдайды бастан кешіріп келеді. Шаруашылықтардың таратылуы, нарықтық жүйеге ауыл тұрғындарының дайын болмауы, ауыл шаруашылық машиналарының көп бөлігі жекешелендіру кезінде талан-таражға ұшырауы, экономикалық заңдылықты есепке алмау ауыл тұрмысына қатты әсер етті. Үкімет тарапынан ауылды көтеру мақсатында түрлі заңдар, қаулы-қарарлар қабылданғанына қарамастан, ойдағыдай нәтиже шықпай отыр.
Мен ұзақ уақыт ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен соң оның қыр-сырын жақсы білемін. Сондықтан да саланы дамытуға байланысты Үкімет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламаларды қадағалап отырамын. Барлық бағдарламаларда тек істің экономикалық жағы қаралады да, ал ауыл халқының әл-ауқаты туралы сөз қозғалмайды. Барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыстарының ең маңызды көрсеткіші – халықтың нақты табысын өсіру.
Қазақстан, оның ішінде облысымыз мал шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Бірақ Үкіметтің ауыл шаруашылығында ойластырылмай қолданған шаралары оған да кері әсерін тигізді.
Облыста қой шаруашылығы – мал шаруашылығының жетекші саласы болып табылады. Меніңше алдағы уақытта да солай болуы тиіс. Себебі біздің облыстың табиғи жағдайы осыған ыңғайлы.
Қой – негізінен жайылым малы. Біздегі табиғи жайылым осындай ұсақ мал жаюға өте тиімді. Нәтижесінде салыстырмалы түрде арзан әрі сапалы ет, жүн және тері өндіруге болады.
Ең бастысы, облыс аумағы егін, әсіресе, мал шаруашылығын өркендетуге оңтайлы. Жазда жайлауда болса, қыста құмға қыстауға көшеді. Қысы жайлы жылдары қой-ешкі өз аяғымен жайылып шығады.
Талас ауданында әкім болып істеп жүрген кезімде, шаруа қожалықтарына «тауарлы несие» ретінде малмен несие бердік. «Талас ауданының әкімі Б.Құлекеевтің малмен несие беру тәжірибесін іске асыру жолдары» облыстық әкімдікте және облыстық мәслихат сессиясында қаралды.
Іске асыру тетігі өте қарапайым, яғни өтініш берген әрбір шаруа қожалығына аудан бюджетінен 250000 теңге қаржы бөлінеді. Олар «Көктал» және «Талас» АҚ-ларына 50 бас тоқты алу үшін алған қаржысын құяды. Акционерлік қоғамдар салығын өтейді, берілген қаржы қайта айналып аудан бюджетіне түседі. Осы схема бойынша біз алғашқы жылы 5000 бас алты айлық тоқтыны аудан шаруа қожалықтарына тараттық. Соңғы жылдары қаржының көзі ұлғайғаннан кейін жылына 7000-10000 бас «тауарлы несиелер» беріліп, Талас ауданының уақ малы бес жылда 320000-ға өсті. «Тауарлы несие» – ауыл тұрғындарының жағдайын көтеруде өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл – жұмыссыздықпен, кедейшілікпен күресіп, ауыл тұрғындарын материалдық тұрғыдан қолдап, тиісінше тұтынушыларды арзан мал өнімдерімен қамтамасыз етудің оңтайлы әрі тиімді жолына айналды.
Бүгінде ол жылдардағыдай бюджет қаржысы тапшы емес. Талас ауданында тоғыз жыл аудан әкімі болып жұмыс істедім. Сол жылдары елу мыңнан аса қой-ешкі, сиыр, жылқы малы аудан халқына «малмен несие» түрінде берілді. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Балтабай Бекежанов малды несиеге беруге тікелей басшылық жасап отырды. Аудандағы барлық ауылдарға халық санына қарай таратылған несие теңдей берілді. Ауыл әкімдері ауданда құрылған комиссияға ұсыныс беріп, ешқандай кепілдіксіз елу бастан алты айлық тоқтыларды шаруа қожалықтарына тараттық. Келісім шартқа аудан әкімі, ауыл әкімі және шаруа қожалықтарының басшылары қол қойып, заңдастырдық. Бұл жұмыста сол кездегі облыс әкімі, ауыл шаруашылығының білгір маманы Серік Үмбетов мені қолдап отырды. Серік Әбікенұлына мың да бір рахмет. Бұл бастамаларымызды ұнатпайтындар да табылды, арыздар жазылды. Бірақ қанша тексерулер болғанымен, ауыл халқының ризашылығын көріп, бәрі жақсы анықтамалар беріп кетті.
Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудың жолы – оларға мал алып беру. Әр аудан әкімі өз бюджетінен әр отбасына елу бас тоқты алып беру керек. Сонда елу қой алған адам сол малды көбейту жағын ойлайды.
Бұл – «Қарапайым заттар экономикасының» бір тармақшасы дер едім. Мал түрінде несие алған шаруа қожалығы алған несиесін ерте қайтарса, ол малды екінші шаруа қожалығына беріп, ерте қайтарған азаматтарды ынталандыру үшін субсидия беру жағын қарау керек.
Ауыл экономикасын көтерудің бірінші жолы – шаруа қожалықтарын ірілендіру керек. Бұрын әр ауданда 10-12 колхоз, совхоз болса, қазір 1000-нан астам шағын шаруа қожалықтары бар. Осылардың басын біріктіріп, бір ауыл – бір шаруашылық болуы керек. Беларусь Республикасының тәжірибесін басшылыққа алса дұрыс болар еді. Ол елде бұрынғы ірі шаруашылықтар тарамаған, аттары өзгеріп, жұмыс істеп жатыр.
Екіншіден, ірі бірлестікке мүше болып, жеке шаруашылығыңды жүргізе бер. Бұрынғының жақсы жақтарын зерделеп алу керек. Айталық, сол кезде менің әкем мұғалім болды. Ауыл адамдары сияқты біз де көпбалалы отбасылар қатарынан едік. Өзіміздің 40-50 бас уақ, 4-5 ірі қара малымыз болды. Ауладағы шаруашылық бізді қатардан қалдырмай, не кием, не ішем дегізбеді. Бәріміз жоғары білім алып, қоғамнан өз орнымызды таптық.
Субсидия ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерге міндетті түрде берілуі керек. Тек субсидия бөлудің схемасын өзгерту қажет. Бүгінде барлық тауар өндірушілердің небәрі 10-15 пайызы көлемінде ғана мемлекеттік қолдауға ие болып отыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің 60-65 пайызын өндіретін жекелеген шаруашылықтар мемлекеттен мүлдем қолдау көрмейді. Егер субсидиядан жеке шаруашылығы барларға үлес берілсе, онда ауыл халқының кірісі бүгінгідей төмен болмас еді.
Отбасын асырай алмаған ауыл тұрғындары жұмыс іздеп қалаларға көшуде. Әрине, ауылдан көшіп келгендерге қалада барлық жағдай жасалса, жұмыспен, тұрғын үймен, балабақша мен мектептерде бүлдіршіндеріне кедергісіз орын табылып жатса құба-құп. Бізде керісінше, сондықтан тағы да қиыншылық пен кедейшілікке ұрынатын өзіміздің қандастарымыз. Олар қала маңындағы саяжайларда заңды-заңсыз орналасып, қаладағы әлеуметтік мәселелерді одан сайын шиеленістіруде.
Мемлекетте жекеменшік әріптестік ауылдық елді мекендерде әртүрлі шағын кәсіпкерлік көздерін ашуға мүмкіндіктер көп. Ол үшін екінші деңгейлі банктермен емес, облыс, аудан өз бюджеттерінен қаржыландыру керек.
Облыс әкімі А.Мырзахметов әр аулада жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерін өндіру керектігіне ерекше көңіл бөлуде. Ол үшін қажетті қаражат көздері мен нақты көмектер іздестіріліп, жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Өте керек жұмыс, тек қаржылай көмек жолын жеңілдету керек.
Біріншіден, қала, ауыл тұрғындары өзін-өзі қамтамасыз етеді, екіншіден, артық өнімдерін нарыққа ұсынады. Үшіншіден, бағаның тұрақтануына әсері көп болады.
Халықтың қарекеті – шаруасында. Шаруасы күйлі болса, халық та күйлі. Сондықтан ауыл халқына жұмыс беру керек. Жоғарыда айтылған малмен несие беру арқылы халықты қолдау керек. Президенттің тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасының» әлеуетін пайдалану қажет. Ол үшін жоғарыда айтылған тәсіл бойынша, әр аудан өз бюджетінен тікелей аудан әкімінің жауапкершілігімен, келісімшарт арқылы кепілсіз несие беру керек. Келісімшартқа аудан және ауыл әкімі, шаруа қожалығының басшысы қол қоюы қажет. Заң аясында аудан, ауыл әкімшіліктері жанынан коммуналдық мекемелер ашып, аудан көлемінде өздеріне қарасты әлеуметтік мекемелердің ағымдағыдан күрделі жөндеуіне дейін және каналдар мен арықтарды тазалау қызметтерін сол мекемеге жүктеу қажет. Ауыл тұрғындарының көпшілігі малының жемшөбін камтамасыз ету үшін шаруамен айналысса, келесілері коммуналдық мекемелерде жұмыс істеп, еңбекақымен қамтамасыз етіледі.

Батырбек Құлекеев,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support