Қазақтың Қаратайы

Мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовты Жасөркеннің төлқұжаты десем, артық айтқандық болмас. Ол кісінің есімі мақтанышпен осылай атауға лайық. Қаратай Тұрысов Мәскеудегі тау-кен барлау институтын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша біраз қызметтер атқарып, мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға араласқан. Бұл – уақыт талабы.Кеңестік кезеңде де талай жауапты қызметтер атқарған Қаратай Тұрысовтың еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, Елбасымен тізе түйістіріп жаңа әрі жас мемлекеттің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Әсіресе Парламент депутаты Қаратай Тұрысовтың Ата Заң – Конституцияны түзуге, ел дамуына қосқан үлесі көп. Ол тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы жолында ерен еңбек сіңірді. Өзінің еңбек жолында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық қызметтерді азаматтық ар-ұяттан аттамай, жоғары жауапкершілікпен атқарған Қаратай Тұрысов КСРО-ның екі рет Еңбек Қызыл Ту, Тәуелсіз Қазақстанның екінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Ең жоғары марапат – адал, асыл, арда перзентіне деген халықтың құрметі. Өзі түлеп ұшқан Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында Қаратай Тұрысов атындағы мектеп-гимназия және көше бар. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында ол кісінің есімімен аталатын көшелер бар. Сондай-ақ Жамбыл облысы мен Қаражал қаласының Құрметті азаматы. Тағы бір мақтанышпен айтуға болатын дерек – Қаратай ағамыз – АҚШ, Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына КСРО делегациясын бастап барған бірінші қазақ және Төлеген Тәжібаевтан кейін үлкен мінберден сөйлеген жасөркендік екінші азамат.
Қаратай ағамыз Жасөркен ауылындағы білім ұясында жетінші сыныпты бітіргеннен кейін, сол кездегі Жамбыл қаласындағы орта мектепте оқиды. Бұл білім ошағы Жасөркен ауылынан 20 шақырым қашықтықта. Сол жылы мектептің жанынан жүз орындық интернат ашылып, қазақтың басқа да қара домалақ балаларымен бірге Шерхан Мұртазамен сыныптас болып, онынышы сыныпты күміс медальмен бітіреді.
Мектепті аяқтайтын тұста облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров қазақтың Қаратайын Жамбыл мектебі түлектерімен бірге өзіне шақырады. Бір топ бала жөңкіліп жетіп барады. Осы кездесуде Асанбай Асқаров қазақ жастарының Мәскеу, Ленинград сияқты қалаларындағы жоғары оқу орындарына барып. өзінің ақыл-кеңесін береді. Мәскеудегі оқуға деген алғашқы талпыныс осылай басталған екен. Ол – атақты ғалым Қаныш Сәтпаевтың аты дүркіреп тұрған кез. Бозбала Қаратай да сол кісі сияқты үлкен геолог болуды мақсат етіп, Серго Орджоникидзе атындағы Мәскеу геологиялық барлау институтына құжаттарын тапсырып, емтихансыз қабылданады. Бір қызығы, ол кезде он алты жастағы балада паспорт деген атымен жоқ еді. Негізі туған күні 13 тамыз-тұғын. «Қалалық комсомол комитетіндегілер обал болмасын деді ме, туған күнімді 2 ақпан деп өзгертіп, паспорт алып берді. Сонымен Мәскеуге оқуға дайындала бастадым. Отбасының кенжесімін, алты ағам соғысқа кетіп, содан екеуі мүгедек болып оралған. Басында оқуға бару-бармауым да белгісіз еді. Ал бүгінде он алты жастағы баланы жер түбіндегі Мәскеуге аттандырған әкем мен шешемнің батырлығына әлі күнге дейін таңғаламын», деген екен Қарекең бір сұхбатында.
Сол әңгімесінде Қаратай ағамыз туған ауылы жайлы былай деген: «Жасөркен ауылы – Қырғызбен шекаралас, Таластың жоғарғы бойында орналасқан елді мекен. Кезінде 1947 жылға дейін бұл өңірде ағаш, көк өспеген еді. Сол жылы біздің әкеміз Таластың бойындағы Тоған өзенінің жағасынан үй салып, тал еккен. Түк шықпайтын жерге кейін жүзім, алма еккен. Түк шықпайтын жерге кейін жүзім, алма ағаштары жайқалатын болды. Бір жағы тау, екінші жағында сайлар тізбегі. Міне, сол ауыл бүгінде тал-терегі мол мекенге айналған. Туған ауылдың тағы бір құдыреті оның қойнауында менің әкем, шешем, ағаларым мәңгілік қоныс тепкен. Бүгінде ауылда ағаларымның жиырма шақты бала-шағасы бар. Мен барған сайын жерлестерім абыр-сабыр болып жатады. Бала кезімнің көзайымындай болып жүрген бір-екі жеңгем бар. Әлі күнге дейін ауылға атбасын тіресем, «Қара бала», «Кенже бала» келді деп қауқылдасып қалады. «Қаратай атам келді, ағам келді, тәтем келді» деп шуылдасып жататындар да кездеседі. Осының бәрі адамның бойында туған жерге, балалық кезеңге деген сағынышты үдете түседі. Мен өз өміріме ризамын. Қысқасын айтар болсам, мен өмірден алатынымды алдым, ал беретінімді бердім бе оны өзім айта алмаймын. Оның бағасын елім, жұртым бере жатар».
Одақтық деңгейдегі министрліктер мен ұйымдарда қызмет істеген қазақтар саусақпен санарлық. Солардың санатында ВЦСПС-тің басшылық қызметінде болған Қаракең де бар. Ол 1978-1980 жылдар аралығында тұңғыш рет ашылған КСРО Министрлер кеңесінің жанындағы КСРО халық шаруашылығы академиясында да оқыды. 1981 жылы қазақ кәсіптік одақтар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Қарекеңнің 1987 жылы 30 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының отырысына КСРО Жоғарғы Кеңесінің делегациясын бастап барғанын жоғарыда айттық. Ондағы басты мәселе – Кеңес одағының 70 жылда қол жеткен табыстарын насихаттау, соңғы кезде елде жүріп жатқан оң өзгерістерді айтып беру еді. Осыған орай, жүзеге асырылып жатқан шаралар жөнінде КСРО атынан жиырма минут баяндама жасайды. Осы сапар барысында АҚШ-тың конгрессмендерімен пікірталас ұйымдастырады.
Бірде АҚШ-пен КСРО-ның арасында телекөпір өткен. Сол тұста да американдықтарға Қарекеңнің ашық пікір білдіруіне тура келеді. «Социалистік елдерден барған кәсіподақтардың белсенділерін АҚШ аумағына кіргізбеу жөнінде сіздерде заң бар, бұл ең алдымен американдықтардың өз әріптестерін шақыруға құқығын шектейтін норма болып табылады. Сонда АҚШ-та демократия бар дегеніңіз осы ма? Бұл адам құқығын тежеудің нағыз өзі ғой», деп айтқан екен. Осыдан кейін-ақ телекөпірдің арғы бетіндегілер өзара пікірталасқа түсіп кетіпті. Бұл сауал сол кездегі біздегі басшылықтағылардың да көптігінен шықса керек. Өйткені ертеңіне қызметтестері жабыла құттықтау жолдаған көрінеді.
Ауылдас Қаратай ағамыз уақытында талай тұлғалармен қызметтес болып, олардан қандай тағылым алғанын, қандай қасиеттері көбірек ұнағанын былай жеткізеді:
«Менің ерекше қадірлейтін адамым – Димаш Ахметұлы Қонаев. Ол кісімен біраз жыл қызметтес болдым. Ол кісі сөйлегенде мәселенің түйінін біліп айтатын, тағылымды тұрғыда түсіндіріп беретін. Іскерлік жағынан да кез келген адам тағылым аларлықтай еді. Сондай-ақ Бәйкен Әшімовтің бойынан да өнеге аларлық ізгі қасиеттерді байқадым. Ол да көп сөйлемейтін, ойлана отырып мәселенің тоқ етерін бір-ақ айтатын».
Тағы бір тұлғаны айтқан, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. «Бір керемет жері, онда орысша айтқанда «аналитический ум» бар. Кез келген жағдайға еніп, оны жан-жақты талдап бере алады. Ол кіріскен ісін аяғына жеткізбей тынбайды. Бұл – екінің бірінің бойына біте бермейтін үлкен қасиет. Талдау жасай білуімен қатар, содан қорытынды шығара да біледі. Содан кейінгі еңбекқорлығына таңғалған адамым – ВЦСПС-тің төрағасы Геннадий Шалаев. Ол өте сауатты кісі болатын. Мәселенің қалай дамитынына да алдын ала болжам жасай білетін».
Осы жоғарыда айтылған төрт адамның қазақтың Қаратайының өміріне ықпалы зор болыпты. Оның белгілі бір деңгейге жетуіне осылар әсер еткені анық.
1990 жылы ол кісі Мәскеуден Бүкілодақтық кәсіптік одағының орталық кеңесінің хатшылығынан Қазақ ССР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы болып келген еді. Қарекеңе құлдырап бара жатқан жоспарлау экономикасынан өзіміз 70 жыл бойы халыққа құбыжық қылып көрсеткен нарықтық экономикаға көшу жолында жүргізілгелі жатқан реформаларды басқару жүктелді.
Сол кездің өзінде Қарекеңнің экономикалық білімі, әсіресе өндірістік экономикадан сауаты өте жоғарылығы әріптестерінің арасында айрықша белгілі болып тұрды. Қарекеңнің тікелей жетекшілігімен, ұйымдастыруымен дайындалған Қазақстанның нарықтық экономикаға өту тұжырымдамасы да, халық шаруашылығын тұрақтандыру және нарықтық экономмикаға өту туралы Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік бағдарламасы да ұзақ талқыланғаннан кейін бірауыздан қабылданды.
Қаратай Тұрысұлының халқына, еліне ең қомақты пайдасы Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған уақытында тиді. Оның баяндамалары, сөйлеген сөздері келесі күні республикалық газет-журналдардың бетінде жарық көретін, мамандар, саясатшылар, экономистер үлкен ынтамен, қызығушылықпен оқитын, ризашылықтарын білдіріп жататын. Қарекеңнің айтқан ойларына, сындарына, кеңестеріне, қойған шарттарына Үкімет мүшелері Примьер министрден бастап құлақ асып, бірлесіп қарауға, көп талаптармен келісуге даяр тұратын. Ол әсіресе көп балалы аналарға, зейнеткерлерге, тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету шараларына көп көңіл аударатын.
Қаратай Тұрысовтың ықпал етуімен Жасөркен ауылының 16 шақырым жолы толық жөндеуден өткізілген еді. Ауылға соңғы үлгімен орта мектеп, фельдшерлік-акушерлік емхана, Ұлы Отан соғысынан елге оралмаған азаматтарға арналған ескерткіш, өз қаражатына тұрғызылған «Тұрыс» мешіті бой көтеріп, барлық көшелер жарықтандырылды.
Не керек, Қаратай ағамыз ел алдында да беделді болды, өзінің ел азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері екеніне күмән туғызбай өмірден өткен асыл азамат. Халық оны ешқашанда ұмытпайды деп ойлаймын.
Бірде Қаратай Тұрысов Жасөркен ауылына келгенде өзі оқып білім алған қара шаңырақ М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесу өткізді. Жүздескенде ол оқушы жастарға былай деп айтқаны есімізде:
– Шырақтарым, келешек өздеріңде. Сендер біздің болашағымызсыздар, білімді болуға ұмтылыңыздар. Білімді адамға жол ашық.
Сол кездесу кешіне қатысып отырған жастардың ішінен қазіргі уақытта жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүргендер бар. Мәселен, Қорғаныс министрлігінің бас инспекторы Қанат Амангелдіұлы Әметқұлов, Энергетика министрлігінің департамент директоры Ахметжан Әбдіжәлелұлы Пірімқұлов, осы министрлікте бөлім басшысының қызмет атқаратын Айдар Ілесбекұлы Қуатбеков, Мәдениет және спорт министрлігінің бас сарапшысы Шыңғыс Керімұлы Егембердиев, Білім және ғылым министрлігінде департамент директоры болған, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып жүрген Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов, ҚР спорт шебері, Қазақстан құрамасының белді мүшесі болған, қазіргі уақытта Қарағанды қаласының «Шахтер» футбол командасының жетекшісі Мұрат Тілешев – ауыл мақтаныштары.

Әзімбек ТІЛЕШЕВ,
облыстық тарихи
өлкетану музейінің
қызметкері.

Тараз қаласы.

Дерек пен дәйек

Қаратай Тұрысов 1934 жылы 2 ақпан күні Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Инжинер академиясының академигі (1993).
1955 жылы Мәскеу геология барлау институтын бітірген;
1972 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген;
1980 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы халық шаруашылығы академиясын бітірген;
1955 –1963 жылдары Павлодар, Қарағанды облыстарында геология барлау партияларының бастығы;
1963 –1964 жылдары Ақшатау аймағында партиялық-мемлекеттік комитетінің төрағасы;
1964 –1971 жылдары Қаражал қалалық партия комитетінің 2, 1-хатшысы;
1971 –1974 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде инспектор;
1974 –1978 жылдары Торғай облысы партия комитетінің хатшысы;
1980–1981 жылдары Қазақ КСР-інің өнеркәсіпте жұмыс қауіпсіздігін бақылау мен кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы;
1981–1984 жылдары Қазақ КСР-інің кәсіподақтар кеңесінің төрағасы;
1984 –1986 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы;
1986 –1990 жылдары ВЦСПС-тің хатшысы;
1990–1991 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР-і Экономикалық реформалар жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы, Қазақ КСР-і Премьер-министрінің орынбасары;
1991–1993 жылдары Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрі;
1993 –1994 жылдары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, «Ясауи» туристік компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы.
1995 –1999 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты;
1999 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

Comments are closed.