Көк тудың желбірегені, қазақтың асқақ беделі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы №1226 Жарлығымен тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні болып бекітілгені баршаға мәлім. 2004 жылдан бері спортшылардың төл мерекесі ресми түрде тойланып келеді.

Еліміздің көк Туы екі жағдайда көкте желбірейтіні белгілі. Біріншісі, Мемлекет басшысының өзге елдерге ресми сапары кезінде болса, екіншісі спортшыларымыз әлемдік, құрлықтық және халықаралық аламандарда атой салған сәтте Туымыз биік көтеріліп, Гимніміз шырқалады.

Бір ғана мысал, Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары 15 алтын, 21 күміс, 27 қола жүлде иеленген. Оның ішінде боксшыларымыз 7 алтын, 7 күміс, 8 қола жүлдеге қол жеткізсе, балуандарымыз 1 алтын, 5 күміс, 9 қола медальді қоржынымызға түсіріпті. Ауыр атлеттеріміз де жасындай жарқыраған. Олар 2 алтын, 3 күміс, 5 бірдей қола медальді мойнына ілген. Қазақстан секілді жас мемлекетке мұның өзі зор табыс емей немене? Василий Жиров, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев секілді жұдырығы жойқын жампоздарымыздың үздік боксшыға берілетін Баркер кубогін иеленгенін де айта кеткен жөн деп білеміз.

Шүкір, тәуелсіздік алған уақыттан бері жамбылдық спортшылар ел намысын абыроймен қорғап келеді. Боксшылар Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов, Ермахан Ыбырайымов пен Бақтияр Артаев, Олжас Сәттібаев, Ғани Жайлауов, балуандар Ислам Байрамуков, Елдос Сметов, Ақжүрек Таңатаров және өзге көптеген оғландарымыз есімдерін қазақ спорты тарихына алтын әріптермен жазды. Талай аламандарда Қазақстан намысын абыроймен қорғаған саңлақтарымыз мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтан тыс қалған емес. Жасампаз елдің жампоздары әлі де көптеген биіктерді бағындыратыны сөзсіз.

Лебіздер легі

Саңлақтарымыз биік
белестерді бағындыра берсін!

Зүлфия ҒАБИДУЛЛИНА,
жүзу спортынан Паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

Спорт – денсаулық кепілі. Жан мен тәннің саулығын ойлаған әрбір адам дене шынықтырғаннан ұтылмайды. Өйткені қазіргі кезде елімізде бұқаралық спортпен айналысуға барлық мүмкіндіктер қарастырылып отырғаны баршамызға аян. Тек сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, шыныққан адамның шымыр болатынын қаперден шығармасақ екен деймін.
Жылдағы дәстүр бойынша еліміздің де, өңіріміздің де спортшылары кезекті мерекемізді зор табыспен қарсы алып отырғаны сөзсіз. Дамудың даңғыл жолына түскен біздің елде әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Шаһарымыздағы «Тараз-Арена» спорт сарайында да үлкен додалар өткізіліп жүргенінен хабардармыз. Бұл өңірімізде өсіп келе жатқан жастардың намысын қамшылайтынына, жігерлендіретініне бек сенімдімін.
Бүгінгі күнде билік тарапынан да, жергілікті атқарушы билік органдарынан да спорт саласына зор қолдау көрсетіліп отыр. Соған сәйкес өңіріміздің саңлақтары ойдағыдай нәтижелерге қол жеткізуде. Одан бөлек жастарымыз бен жасөспірімдеріміз де құрлықтық, әлемдік додаларда атой салуда. Мұның бәрі төгілген тердің жемісі деп айтуға толық негіз бар.
Келесі жылы Токио Олимпиадасы және Паралимпиада ойындары өтетінінен жанкүйерлер толыққанды хабардар. Бүгінде спортшылардың барлығы төртжылдықтың басты додасына жолдама алу үшін жанталасып жатқаны анық. Кез келген спортшының басты арманы – Олимпиада ойындарының чемпионы болу. Мен де сол Паралимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалып жатқан жайым бар. Төрт жыл бұрын алтыннан алқа таққан кезімде төбесіне көтерген жанкүйерлеріме ризамын. Бұйыртса келесі додаға қатысу да жоспарымызда бар. Жанкүйерлердің сенімінің үдесінен шығу үшін бар күшімді жұмсаймын.
Спортшылардың төл мерекесімен барша сала мамандарын, әріптестерімді құттықтаймын! Жеңісті күндеріміз көп болсын!

Ел намысын абыроймен
қорғау – зор бақыт

Елдос СМЕТОВ,
дзюдо күресінен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы:

Спортшының кәсіби өмірі оңай емес. Қандай да бір жетістікке қол жеткізу үшін шүмектеп тер төгесің. Еткен еңбек пен төккен тердің арқасында ғана арманыңа қол жеткізе аласың. Біздің облыстан шыққан мықты спортшылар көп. Олардың бәрі де әлемдік деңгейдегі аламандарда ел намысын абыроймен қорғап, жеңімпаз атанғанын баршамыз білеміз.
Бірнеше жылдан бері елімізде Спорт күні мерекесі ресми түрде тойланып келеді. Әріптестерімнің мерейін асырып, арнайы мерекесін белгілеп берген еліміздің Тұңғыш Президентіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл күн бізге ерекше ыстық. Өйткені дәл осы күні спорт саласында жүрген азаматтардың еңбегі еленіп, құрметке бөленеді. Сонысымен де мерейлі мереке біз үшін қымбат.
Жаһандық жарыстарда жасындай жарқыраған қазақстандық спортшылардың бәрі адал еңбегінің өнбегін көріп жүр. Бізге билік тарапынан қажетті деңгейде қолдаулар көрсетіліп отырғаны рас. Сенім бар жерде еңбектің, еңбек бар жерде нәтиженің болатыны белгілі. Оны әріптестерім дәлелдеп те келеді. Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінде атой салған спортшылардың көк Туымыз көкте желбіреген сәтте ғажайып күйді басынан кешіретінін мен жақсы білемін. Өйткені ондай керемет сезімді өзім де басымнан кешіргенмін. Елдің үмітін ақтау – зор бақыт.
Келесі жылы Жапония астанасы Токио қаласында кезекті Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Төртжылдықтың басты додасында қазақстандық спортшылармен бір қатарда жамбылдық оғландардың да қатысатыны сөзсіз. Бұл аламанда өңірімізден шыққан сайыпқырандар қалайда жақсы нәтиже көрсетуге күш салатыны анық. Сол үшін қазірден-ақ жатпай-тұрмай тер төгіп жатқандары ақиқат. Сол аламанға қатысуға ниетті барлық спортшылардың жолдама жеңіп алуына тілектеспін. Одан әрі қарай Олимпиада ойындарының жүлдесі мойындарында жарқыраса екен деймін.
Спортшылардың асыға күткен төл мерекесі құтты болсын! Еліміздің және өңіріміздің спорт саласы өркендей берсін! Біз үшін тақым қысып, жанкүйер болып жүрген барлық азаматтарға алғысым шексіз.

«Әулие-атаның»
әлі де алар асуы көп

Төлеген ЖҰМАТАЕВ,
ұлттық спорт түрлерінен «Әулие-ата» кәсіпқой клубы басшысының орынбасары:

Бүгінде еліміздің қай өңірінде болсын, ұлттық спорт түрлеріне баса назар аударылып келе жатқаны баршамызға мәлім. Соның нәтижесінде көкпаршылар додасында болсын, басқа да спорт түрлерінде болсын, бәсеке көркі қыза түскенін көзі қарақты жанашыр бірден байқайды. Десе де көкпар десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер «Әулие-атаның» жетістіктерге толы жылнамасымен жақсы таныс деп пайымдаймын.
Өздеріңіз білесіздер, биыл көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты біздің өңірде өтті. Тұлпар тұяғының дүбірін естісе делебесі қозатын ұлттық спорттың жанашырлары Бектөбедегі атшабардан табылып, сүйікті командасына бар ынта-шынтасымен қолдау көрсетті. Жанкүйерлердің қиқуынан қуат алған көкпаршыларымыз намысты қолдан бермей, оныншы мәрте ел чемпионы атағына қол жеткізгенін зор мақтанышпен айта аламыз. Финалда Түркістан облысының командасы, әйгілі бәсекелестеріміз «Құлагерді» жеңгеніміз ел есінде шығар. Ел біріншіліктерінде он мәрте топ жарған жалғыз команда болса, ол – «Әулие-ата». Шабандоздарымыз қашанда сенім артқан басшылар мен жанкүйерлердің ойынан шығуды көздейді.
Шүкір, бүгінде спорттың қай түріне де қолдау зор. Президент те, өңір басшысы да спортшыларға қамқорлық көрсетіп, нәтиже күтіп отырғаны талас тудырмайды. Біздің төл мерекеміз аясында клуб басшысы Нұрдәулет Момынов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қолынан «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін алды. Мерей ме – мерей, абырой ма – абырой.
Біздің «Әулие-атаның» жігіттері көптеген құрлықтық, әлемдік жарыстарға қатысып, ойдағыдай нәтиже көрсеткені баршаңызға мәлім. Команданың әлі талай асуды алуға шамасы жетеді. Спортшылардың төл мерекесінде барша сала қызметкерлерін құттықтағым келеді. Жеңісті әрі жемісті жылдарымыз мол болсын! Өңір спорты өркендей берсін!

Comments are closed.