- Advertisement -

Ән салды қордайлықтар қоңырлатып

70

- Advertisement -

Жастар жылына және облыстың 80 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Жеңіс» саябағында өтіп жатқан «Жамбылым қандай тамаша!» атты көркемөнерпаздардың концерттік бағдарлама эстафетасын өткен аптада Қордай ауданының өнер иелері жалғады. Ән дүлдүлі Кененнің туған жерінен жеткен жалынды жастардың жақсы дайындықпен келгені көрініп тұрды.
Іс-шараны «Аққу» халықтық би ансамблінің бишілері қазақтың «Мұңайма» биімен ашты. Мұнан кейін халықаралық ән байқауларының жүлдегері Сәуле Жуатбекова Латиф Хамидидің «Бұлбұл», Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әндерін жоғары шеберлікпен шырқады. Бәкір Тәжібаевтың «Тойбастар» және Тамара Асардың ән қоржынынан «Жайнай бер, жастар, тамаша!» әндерін жүректерге жеткізе білген Жаңыл Оңғарова да республикалық «Күміс көмей, жез таңдай» әншілер байқауының жүлдегері екен. Қордайлық өнерпаздардың ішінен бірнеше өнер аламандарының лауреаттарын байқадық. Мәселен «Халқым-ай» атты әнді әдемі орындаған Айдай Жанай республикалық ән байқауының жүлдегері болса, Айбек Бекбосыновтың «Мәңгілік» күйін керемет орындаған Қуаныш Ахметов облыстық күйшілер байқауының жүлдегері.
Сондай-ақ Ұлжан Кенесалиева «Бұл өмірде», Құндыз Байболатова болса Ринат Зайытовтың «Қазағым» әнін жүректерге жеткізді. Шынарай Мешітбаева, Әйгерім Қалқажан орындаған шығармалар да көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Қуаныш Ахметов өзінің «Қуаныш» атты жаңа күйін көрермен қауымның назарына ұсынса, Жандос Меңдібаев та нағыз өнерпаз екенін байқатты. Концерттік бағдарлама «Қордай» әншілер тобының орындауындағы «Қордайым менің» патриоттық әнімен мәресіне жетті. Әннің авторы – Талғат Әбдірәсілов. Өнерпаздарды бастап келген аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлдан Шалабаеваның еңбегінің үлкен екенін айта кеткен жөн. Концерт соңы жастардың би кешіне ұласты.
Бұл іс-шараны облыстың Құрметті азаматы, жазушы Елен Әлімжан бастаған зиялы қауым өкілдері де тамашалады.
– Мен осы «Жеңіс» саябағына жиі келіп, аралап тұрамын. Бауыржан Момышұлы атамыздың ескерткіші, Кеңес Одағы Батырларына, Отан қорғаған жауынгерлердің рухына көрсетілген құрметті жоғары бағалаймын. Сондықтан жаңарған саябақты көре бергім келеді. Бұл облыс әкімінің тараздықтарға деген ықыласы, жанашырлығы деп білемін. Апта сайын өтіп жатқан аудан өнерпаздарының концертінің де маңызы жоғары. Бүгін Кененнің топырағынан келген қордайлықтар тамаша өнер көрсетті. Мұндай шараның көрермені өте көп болуы керек, – дейді Елен Әлімжан.

 

Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support