- Advertisement -

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған

85

- Advertisement -

Облыстық ардагерлер ұйымы кеңесі ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абайды оқы – таңырқа!» атты іс-шара ұйымдастырды. Айтулы жиынға абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның мемлекеттік және «Түркі әлеміне қызмет» халықаралық сыйлықтарының иегері, Абайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мекемтас Мырзахметов қатысты.
Жиынды жүргізіп отырған академиктің шәкірті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы-ғалым Рахат Саламатова қазақ қана емес, өзге де елдер мойындаған тұлғаның ақындық қырына кеңінен тоқталды. Ал Мекемтас Мырзахметұлы өлмейтұғын артына сөз қалдырған Абай – сазгер, философ, ақын, ойшыл, аудармашы, данышпан дейді. Ол ел-жұртының болашағын ойлап, қалыпты тұрмыстан, азаптан құтылудың жолын меңзеп, оқу-білімге шақырған, жаман әдеттен арылып, жақсылықты өн бойына жинауға үндеген ақынның өмірінен көптеген нақты мысалдар келтірді.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақ тілі және әдебиет» мамандығының 4-курс студенті Ерлан Нұрланов Абайдың «Сегізаяқ» өлеңін нақышына келтіріп оқыса, облыстық билер кеңесінің мүшесі Әбдірайым Уәшев оны әнімен орындап, көпшілікті тамсандырды. «Құнанбай» киносында Зеренің рөлін сомдаған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрсифат Салықова тақырыпқа байланысты пікірін ортаға салса, жазушы-драматург Елен Әлімжан Абайтану орталығының директоры М.Мырзахметовтің еңбегі жайлы сөз қозғады.
Облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев: «Адам болу мәселесі сонау тар-қапас заманда дүниеге келген ұлы Абайды ерекше толғандырған. Кешегі ауыр да күңгірт заманда жалын боп өткен ақынның мол мұрасы туған халқы үшін ешқашан да сарқылмайды. Ұлы тұлға туған елін қанша сүйсе, елі үшін күңіреніп тебіренсе, бүгінгі ұрпақ оны дәл солай құрметтеп отыр.
Абайдың көзі тірісінде жетпеген арманына біз жеттік. Өйткені бүгінгі ұрпақ көзі ашық, ғылымға, білімге, өнерге құмар», – деп, ойшылдың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін көкіректе нық сақтауға шақырды.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support