- Advertisement -

Ердос Шәріпбек – Азия чемпионы!

128

- Advertisement -

Кувейтте әуесқой бокстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Аталмыш жарысқа сары құрлықтың барлық елінен «сен тұр, мен атайын» деуге лайық мықты боксшылар қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Бұл аламанға ел чемпионы, тараздық былғары қолғап шебері Ердос Шәріпбек те қатысып, айтулы додада ел намысын абыроймен қорғады. +70 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ердос жарыстың алғашқы күнінде иорданиялық боксшымен қолғап түйістірген болатын. Жерлесіміздің жойқын соққылары иорданиялық бозбала боксшыны кәдімгідей есеңгіретіп тастады. Нәтижесінде шайқас мерзімінен бұрын техникалық нокаутпен аяқталды. Шаршы алаңда жасындай жарқыраған Ердостың қимылы көз сүйсінтті. Доданың екінші күнінде Ердос Шәріпбек түркіменстандық былғары қолғап шеберімен жұдырықтасты. Бұл кездесуде де Ердостың айқын басымдылығы байқалды. Жерлесіміз тағы да техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ердос финалда ғана үш раундты түгелімен өткізді. Индиялық боксшыны қуып жүріп сабаған тараздық оғлан көк туымызды көкте желбіретіп, алтын медальді мойнына ілді.
«Бұл Азия чемпионаты маған берілген мүмкіндік болатын. Құрлықтық бәсекеде жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта Олимпиада ойындарының және әлем чемпионатының жеңімпазы атанғым келеді. Додаға мені баптап апарған жеке бапкерім Ербол Алпысбаевқа алғысым шексіз», – дейді Таразға жеңіспен оралған Ердос.
«Азия чемпионатында Ердос жеңістің биіктің тұғырынан көрінсе, №6 спорт мектебінің өзге де бірнеше оғланы жүлделі орындарға ілікті. Ердос – болашағынан үлкен үміт күттіретін оғлан. Жалпы менің жетекшілігіммен қазіргі кезде отызға жуық жасөспірім бокстың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Олар жалқаулыққа бой алдырмаса, қай-қайсысы да жасындай жарқырайтын мүмкіндікке ие. Мысалы, Ердос қазір небәрі 14 жаста. Алдағы уақытта шүмектеп тер төксе, зау биіктерді бағындыратынына күмәнім жоқ», – дейді Азия чемпионының жеке бапкері Ербол Алпысбаев өз ойын ортаға салып.
Құрлық біріншілігінде Өзбекстан құрамасы 10 алтын жүлде иеленді. Ал Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екі алтынның бірін тараздық боксшының жеңіп алғаны – зор мақтаныш!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support