- Advertisement -

Мәдениет – мәңгілік мұра мәйегі

368

- Advertisement -

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана».(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»
атты мақаласынан).

Біз қазір әлемдік жаhандану деп аталатын ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Ғасырлар алмасуда. Жүз жылдықтар орнын мың жылдықтар басуда. Заман өзгеруде. Заманмен бірге адамдар да өзгеріп бара жатыр. Тіліміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз мынау алмағайып заманда өзара арпалысқан бәсеке үстінде. Ата- бабаларымыздан ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жалғасып келе жатқан ата-ананы сыйлау, кісілік пен кішілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, келіннің инабаты, қыздың көргендігі, ұлдың имандылығы секілді өркениет көшіне қосылатын ұлттық өзгешелігіміз, қала берді қанымызға ананың ақ сүтімен дарыған қазақи мәдениетіміз көмескіленіп бара жатқан секілді. Осыған жаның ауырады. Санасы бар адам болған соң ұлтымыздың түп-тамырына ой жіберіп, тереңнен бастау алатын өркениетімізге ерекше тәнті боласың. Ойланасың, толғанасың.
«Қазақ – ежелден бұратана халық. Ол тек мал бағу үшін ғана жаралған, мәдениеттен, өркениеттен жұрдай» деп пәлсафа айтатын, тарихымыздың өткенінен хабары аз, жалғанға жаны құмар айтқыштардың сөзін естігенде қынжыласың. Егер тарих тұңғиығына көз жіберетін болсақ, біздің жыл санауымыздан бұрынғы IV-І ғасырларда Сырдария, Ыстықкөл, Каспий, Еділ және Іле аймақтарын мекендеген қазақ, қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ, өзбек, әзірбайжан, түркімен, ойрат, башқұрт, татар секілді халықтардың алғашқы өмір сүрген ру-тайпалық құрылысы кезінде де өзіндік салт-дәстүрі мен мәдениеті болғандығын көреміз. Сол кездің өзінде Отырар, Тараз, Пенжкент, Бұқар, Үргеніш секілді қалаларда Ұлы Шығыс мәдениеті ерекше қарқынмен дамығандығына көне тарих куә. Осы дәуірде дана халқымыздың алдыңғы қатарлы талантты өкілдері «Оғызнама», «Мұхаббат нама», «Күлтегін» секілді өнер туындыларын жасап, Орталық Азия және Қазақстан халықтарының бөлінбес, біртұтас, ортақ мәдениетіне мұра етіп қалдырғандығы баршаға мәлім.
Түрлі басылым беттерінде жарияланып жататын дүниелерге назар аударып, зер салсақ, біздің халқымызға мәдениет пен өркениет арабтардан келген секілді. Бұл – бір жақты түсінік. Арабтар Орта Азия мен Қазақстан жеріне ІХ-Х ғасырларда ғана үстемдік құра бастады. Ал көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір азамат біздің өркениетіміз ертеден басталатындығын білсе керек. Мәселен, әл-Сығанақи, әл-Түркістани, әл-Қыпшаки, Қожа Ахмет Ясауи, Әбу-Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн секілді ғұламаларымыз – жалпы Ислам халықтары мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ерекше дарын иелері. Рас, бізге арабтар әкелген әлемдегі ең таза дін – Ислам дінімен бірге білім және ғылым келді. Бірақ бұған дейіннің өзінде ежелгі Шығыс ойшылдары аспан әлемін зерттейтін астрономия ілімін жетік білгендігін ешкім жоққа шығара алмайды.
Сол секілді алгебра мен геометрия, медицина, әдебиет, өнер және басқа ғылымдар саласында жаңалық ашқандар да, оны дамытқан да – Шығыс мәдениеті. Жердің алғашқы картасын сызғандар да, тұңғыш компасты ойлап тапқандар да, адамға бірінші ота жасағандар да, қырық бөлек болып бөлшектеніп кеткен сүйекті жинап емдегендер де, бағыт-бағдарын жер бедері мен жұлдыздар шоғырына қарап белгілейтін болғандар да – мұсылман әлемінің ойшылдары, оның ішінде қазақтар.
Қазақтар мәдениетті Батыстан үйренді деу – мүлде қате түсінік. Керісінше, Батыс халқы ілім-білімге жаңадан аяқ басқан тұста ежелгі Шығыс мәдениеті гүлденген кез болатын. Ал тегі қазақтан тараған ғұламалар мен ойшылдар, ақын-жыраулар өз дүниелерімен, өміршең шығармаларымен барша Шығыс мәдениетін, соның ішінде қазақтың ұлттық мәдениетін байыта түсті. Өкінішке қарай, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанып, тарих қойнауына енген жоңғарлардың жойқын шапқыншылығы кезінде елдігіміз бен дәстүрімізді бейнелейтін баға жетпес мәдени мұраларымыз қирады, жермен жексен етілді. Отырар секілді мәдениеті өркендеген, ғылым-білімнің орталығы болған қалалардағы сөз маржанын жинақтаған, ғылымның әр саласынан сыр шертетін бай кітапханаларымыз күлге айналып өртеніп кетті. Ғұлама ойшылдарымыз қудаланып, дарға асылды. Сөйтіп, мәдениетіміз тұралап қалды, мыңдаған жылдарға кері кетті.
Алайда өмір тоқтап қалған жоқ. Өнер халықпен бірге жасай берді. Ендігі жерде тарих сахнасына жаңа толқын ойшылдар мен дара таланттар шықты. Атап айтқанда, Алтын Орда дәуірі тұсында қазақтың Асан қайғы, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыри секілді ұлы ойшылдары, Сыпыра жырау, Шалкиіз, Қазтуған, Доспанбет, Марқасқа, Ақтамберді, Жиембет, Үмбетей, Шал, Бұқар сияқты ақындар мен жыраулары Қазақ халқының мәдени тарихында өшпес із қалдырған тарлан талант иелері. Бұл туралы Ертістен Алатауға, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі ұлан-ғайыр кең даланы күн демей, түн демей үздіксіз аралаған Еуропа ғалымдары таң шолпаны туғанша мүдірмей айтысқан ақындарды, таңды-таңға жалғап, жыр бұлағын селдеткен жыраулар мен жыршы-термешілерді, дауысы алты қырдан асатын күміс көмей әншілерді, мың бұралған бишілерді көріп тамсана таңдай қағысқаны тарихи шындық.
Қазақ халқы ежелден дүние есігін шаттық әнмен ашатын болса, өмірден озған пендесін жұртты зар еңірететін мұңды да шерлі жоқтау жырымен жер қойнына шығарып салатын болған. Осындай салт-дәстүрі бар, текті халықты қалайша «Мәдениеті жоқ, мал бағуға жаралған халық» деп айтуға болады.
Иә, ата-бабаларымыз ықылым заманнан бері төрт түлік мал өсірумен айналысып келеді. Бірақ олар көшпенді емес. Нағыз отырықшы халық. Егер көшіп жүрсе, өз жерінде өз аумағында қоныс аударды. Жазда жайлауға шықса, көктемде көктеуіне келді. Күзде шөбі піскен күздеуіне барса, қыста қыстауына барып тұрақтады. Осы да көшпенді ме? Ешқандай жат жұртқа тізе батырып, шекарасын бұзып әлімжеттік танытқан емес. Малын бағып, ұрпағын тәрбиелеп, салт-дәстүрін дамытып, ән-жырын шырқап салауатты өмір кешті. Түсіне білген адамға мәдениеттің нағыз шыңы осы емес пе?
Өзге халық жапырақтан киім жасап, бірін-бірі жетектеп жүрген кезде желмен жарысқан жабайы жануар, тағы хайуан – жылқыны алғаш рет құрықтап мініп, қолға үйреткен де – қазақтар. Бұл біздің жыл санауымызға дейін болған. Жылқыны қазіргі тілмен айтқанда әскери күш-көлік ретінде пайдаланған ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп ұшы-қиырына көз жетпейтін Ұлы даланы – аттың тұяғы жеткен атамекенін басқыншы жаудан қорғап қалып, ұрпағына мұра етіп қалдырған. Асаудың құлағында ойнап, оны құрыққа көндіріп жуасыта білген батыр жігіттері мен ат әбзелдерін жасаған хас шеберлерін ерекше қадірлеп төбесіне көтерген. Ұрпағын батырлық пен ақындыққа баулыған.
– Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы Даладан тарағаны тарихтан белгілі, – деп тереңнен ой толғай тарқатып жазады тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді.
Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.
Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.
Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі.
Бұдан артық не деуге болады? Қазақтың жылқыға деген болмысы осыдан-ақ нақты көрініс тауып тұр емес пе?
Бұған қоса асқан кемеңгерлікпен «Тәрбие – тал бесіктен» деген философиялық ой түйіндеген бабаларымыз «Қызға қырық үйден тыю» дегенімен қыз баланы өрісім деп төрге отырғызған, жылатпаған, көңіліне қаяу түсірмеген. Ананы қадірлеген. Шаңырақтың ақылшысы, данасы деп білген. Бұл не, мәдениет емес пе? Біле білсек, бұл өркениеттің нағыз бастау бұлағы ғой.
Ғылыми тұрғыдан алып қарағанда мәдениеттанушылар оны рухани мәдениет және материалдық мәдениет деп екіге бөледі. Тумысынан табиғатпен етене жақын халқымыздың қанына сіңген қасиет қаншама бай болғысы келіп тұрса да материалдық байлықтан гөрі рухани байлықты жоғары санады.
Ғасырлар бойы ұлтымызбен бірге жасап келе жатқан ортақ мәдениетімізге тамыры ежелгі Шығыс мәдениетімен тамырлас көне Таразбен қатар өмір сүрген Құлан өңірінің перзенттері де өзіндік үлестерін қосқандығы тарихи шындық.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл үрдіс қазір де орынды жалғасын табуда. Туған жердің тарихы мен мәдениетін сол топыраққа қіндік қаны тамып түлеп ұшқан тұлғалы перзенттердің жасайтындығы белгілі. Елі үшін ерінбей еңбек етіп, өркениетке жетуге өзіндік үлесін қосқан біртуар азаматтардан Құлан топырағы да кенде емес. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ұрандатып қол бастаған Танабай, Рысбек, Болтай батырлар да, Қоқан хандығына қарсы күресте халық құрметіне бөленген Құдайберген Датқа Бәйетұлы да, елін ынтымақ пен бірлікте ұстай білген Есім, Тоқсаба, Тортай билер де, Абайілдә шешен де – ежелгі Құлан өңірінің, осы Құлан жортқан сайын даланың перзенттері. Өзбек Ақжолұлы басында тұрған Балқыбек Тәжіұлы, Бораншы Рүстембайұлы, Сыдықназар Керімбаев, Қожатай Ахамбаев, Қазыбай ақын, Аманжан Қалманбетов, Қабыланды Көрегенов, Совет Әлімқұлов, Қуандық Шолақ, Шырын Мамасерікова, Құлмақан Пірімқұлов, Төребек және Жорабек Әбдікерімовтер, Кәріпжан Нүсіп, Мәдина Сәбденбекова секілді ақындар шоғыры Құлан мәдениетінің көш басында тұрғандығы даусыз. Академиктер Ғани Қалиев пен Жұмабай Байтанов бастаған Есенбай Әлпейісов, Сағымбек Игісінов, Рыскүл Әлпейісова, Өмірқан Әбдіманов, Қанат Әбіқұлов, Файзия Сейдахметова, Роза Еркінбаева, Алуа Ыбраева, Билібай Мүсілімов, Сейтхан Жошыбаев, Әдібай Табылдиев, Арнабай Нұржанов сияқты профессор ғалымдарымыз өркениетімізді өрге сүйреп келе жатқан, елге танымал азаматтар.
Кешегі өмірден өтіп кеткен Қамзақ Төлендиев, Смайл Ырғалбековтей ағаштан түйін түйген шеберлердің қолөнерге қосқан үлесін қалай жоққа шығаруға болады. Осылардың басы-қасында белгілі мүсінші Қырғызбай Қаңтарбаев қария тұр. Ағаштан түйін түйген шеберлер Ғазиз Күмісбаев пен Азат Өзенбаевтың өнер мектептері өз алдына бір төбе. Бүгінде құландық жас өрендер атадан балаға мирас болып келе жатқан киіз үйдің жабдықтарынан бастап қамшы өруге дейінгі халық өнерін әспеттеп ауданымыздың абыройын асқақтатып келеді. Тарихты жасайтын адамдар десек, мәдениет тарихын өмірге келтіретін өнер иелері, зиялы қауым өкілдері екендігінде дау жоқ. Тұрар Рысқұлов ауданының мәдени өміріне көз жіберсек те ол ауданмен бірге жасап келе жатқандығын байқаймыз. Аудан құрылғанған дейін де Құлан өңірінде от ауызды, орақ тілді шешендер, таңды таңға жалғап жыр бұлағын төгетін ақындар мен термешілер, жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер, халыққа білім нәрін сепкен жандар аз болмаған.
Өнер – халықтікі. Халық шығармашылығын сызып тастау – тарихтан мәдениетімізді, сол арқылы өркениетімізді өшіріп тастаумен бірдей. Бүтіндей бір ұлттың ғасырлар бойы жасаған тарихи және мәдени мұрасы, оның біздің өлкемізге тән үлгілері шежіреге бай Тұрар Рысқұлов ауданының аумағында да жетерлік. Өйткені мәдениет пен өнерді қастерлеу, ұрпақ санасына өмірден түйген өсиеттерін аманат етіп құйып отыру – Ұлы Даланы мекен еткен Қазақ халқының қанына ежелден сіңген қасиет.

Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support