- Advertisement -

Тапсырылған іс тез арада тиянақты тындырылуы тиіс

34

- Advertisement -

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніндегі құрылыс жұмыстарының барысы қаралды. Онда осы іске жауапты штабтың есебі тыңдалып, жан-жақты сараланды.

Аталмыш кешеннің құрылысы ағымдағы жылдың күз айында мерекеленуі жоспарланған облыстың 80 жылдық мерейтойына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға беріліп үлгерілуі тиіс. Ондағы құрылыс жұмыстарының бүгінгі таңдағы қарқыны көңіл көншітпейтіні жиында ашық айтылды. Осы мәселеге айрықша назар аударған өңір басшысы құрылыс жұмыстарын жандандыра түсу керектігін баса айтты. Ол үшін екі ауысымдық режімге негізделген жаңа жұмыс кестесі бекітілді. Сол бойынша мердігерлердің жұмысы ширатылып, қарқыны күшейтілмек. Алайда өңір басшысы уақыттан ұтамыз деп, құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау керектігін қатаң ескертті.
Ол ғана емес, ендігі кезекте жұмыс режімінің өзгеруіне байланысты, құрылысқа қажетті материалдарды уақтылы жеткізіп отыру жайы да сөз болды. Бұл орайда материалдарды өндірушілермен алдын ала келісімге отырып, қажетті бұйымдарды күні бұрын дайындатқызып қоюдың маңыздылығы айтылды.
Облыс басшысы бұл жұмыстарды күнделікті өз бақылауында ұстайтынын жеткізіп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ осы күні түс қайта Тараз қаласындағы бағдаршамдар, жол белгілері, жарықтандыру, жол қозғалысы мәселелері бойынша жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі мәселе бойынша қала әкімі Қайрат Досаев баяндама жасады.
Бүгінде облыс орталығында барлығы 1330 даңғыл, көше, бұрылыс болса, оның 39 пайызы асфальтбетонды жолдар. Қалғаны шағал, топырақты көшелер. Айта кету керек, өткен жылы бұл бағытта 500 миллион теңге бөлінсе, ағымдағы жылы 2,1 миллиард теңге қарастырылған. Оның 1 миллиард теңгесі қалалық бюджетке, 1,1 миллиард теңгесі облыстық қазынаға тиесілі.
Асқар Исабекұлы қала ішіндегі жолдардың сапасы шын мәнінде сын көтермейтінін ашық айтты. Тұрғындар тарапынан да көтеріліп отырған басты мәселелердің бірі осы екенін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, тиісті көрсеткішті жақсарту керектігін тапсырды.
Сонымен қатар қаладағы орынсыз орналасқан бағдаршамдар мен жол белгілерінің олқылықтарын жіпке тізгендей атап көрсеткен өңір басшысы бұл мәселердің бұған дейін сан рет көтеріліп, нақты тапсырмалар берілгенімен, еш нәтиже шықпағанына қынжылыс танытты. Бұл бойынша жауапты басшыларға соңғы мәрте ескерту жасап, он күн уақыт беріп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Ол ғана емес, басқосуда Тараз қаласының оңтүстік айналма жол және қаладағы жол жөндеу жұмыстарының барысы да кеңінен сараланды.
Өңір басшысы биыл облыстың 80 жылдық мерейтойы мерекеленетінін тағы да бір еске салып, барлық жұмыстар оған дейін тиянақты түрде тындырылуы қажеттігіне назар аудартты.

Ерман Әбдиев

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support