- Advertisement -

Кәсіпкерлік ісінің желісі кеңейтілуде

41

- Advertisement -

Жеке кәсіпкер Шәріпбек Оңалбаев Қаратау қаласында отыз жылдан бері тұрып, еңбек етуде. Ол үшін биыл өзін кәсіпкерлік ісінде сынап көрудің сәті түскен. Шәріпбек бизнес жоспарын жасап, оны жүзеге асыру кезінде аудандық өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бөлімі тарапынан бағыт-бағдар беріліп, сүйемелдеу, керекті құжаттарды дұрыс рәсімдеу түрінде айтарлықтай көмектер көрсетілгенін ризашылықпен атап өтті. Енді, міне ол «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ы арқылы қаржылай несиеге де қол жеткізіп, өзінің жеке кәсіпкерлік ісін бастап та кетіпті.
Атап айтқанда, кәсіпкер жігіт аз ғана уақыт ішінде қыруар іс тындырып, таластықтар үшін таңсықтау өзіне өзі қызмет көрсету түріндегі автокөлік жуу орнын ашқан екен. Айта кетейік, мұндай сервистік қызмет түрімен айналысушылар облыс орталығы Тараз қаласында да аса көп емес. Кәсіпкерлік ісін жаңадан бастаған іскер азаматтың мұндай іске тәуекел етуі қала тұрғындарының да ризашылығын туындатуда екен.
–Жаңа нысанымыз аудан көлеміндегі жеке автокөлігі бар азаматтардың барлығының да игілігіне жарап тұр. Автокөлікті бізде жуып тазалау кім-кім үшін де тиімді әрі жылдам жүзеге асырылатын іс. Көліктерін жуушыларды тиісті жуғыш қоспалар және құралдармен де қамтамасыз етеміз. Ең бастысы тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейміз. Жүргізушілердің түнде үлгермей қалса, азанда ертелеп келіп көлігін жууына да мүмкіндігі бар. Бұған, әсіресе, қалааралық бағыттарға қатынайтын такси жүргізушілері дән риза. Біз ұсынатын сервистік қызметтің құны бар-жоғы 200 теңге ғана, – дейді Ш. Оңалбаев.
Айта кетейік, мұндай қызмет көрсету орны ауданда алғаш ашылып отыр. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясындағы бір игілікті іс те осы. «Нұрбек» жеке кәсіпкерлігі әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Кәсіпкер азамат алдағы уақытта үш автокөлікке арналған осынау сервистік қызмет көрсету кешенінің ауқымын одан әрі ұлғайту арқылы алыс қалаларға қатынайтын жүк көліктеріне де қызмет көрсету ойластырылып отырғанын айтады. Бүгінде мұнда күніне 30-40 машина жуылуда екен.
Бұдан тыс биыл аудан бойынша 90 азамат кәсіпкерлік негіздерін оқып, меңгеріп, тиісті сертификаттарын да алған. Олар мемлекеттік бағдарламалар аясында түрлі салаларда жеке кәсіпкерлік нысандарын ашып, жұмыстарын бастап та кетіпті.
– Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде аудан көлемінде барлығы 100 азамат жеке кәсіпкерлік нысанын ашты. Олар негізінен «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ филиалы мен «Әулиеата» несие серіктестігі, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылуда. Ауданда барлығы 2345 орта және шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олардың 1997- і, яғни 85, 2 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. Былтыр ол 1847 бірлікті құраған болса, олардың қатары жыл ішінде 150-ге артып отыр. Міне, мұның өзі ауданда кәсіпкерлік ісі желісін кеңге жая бастағандығының айқын дәлеліндей, – дейді бұл тұрғыда аудан әкімдігі өндіріс, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

Талас ауданы.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support