- Advertisement -

Тұлғалардың достығы

174

- Advertisement -

КАЛЛАУР МЕН БӨЛТІРІК БАЙДЫҢ БАЙЛАНЫСЫ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

1896 жылдың жадыраған жазы. Ел аралап, жер-су аттарының шығу тарихын саралап, қағазға түсіріп жүрген Әулиеатаның уезд басшысы Василий Андреевич Каллаур төменгі Талас өзені сағасындағы қамысы ну, сексеуілі сіресе біткен өңірге аң-құс атуға шығушы еді. Қасына көмекшілері ере жүреді. 1876 жылы Әулиеата қаласына уезд бастығы болып келгелі бері өзінің алғырлығы арқасында жергілікті халықпен тіл табысып, аз уақыт ішінде-ақ қазақ тілін меңгеріп алған. Қазақтың салт-дәстүрлерін де жақсы біледі. Өзге орыс шенеуніктеріндей киіз үйге кірмей, берген ас-ауқатын менсінбей кекірейетіндей емес. Қарапайым. Қазақтың мақал-мәтелдерімен біркісідей таныс. Қолы қалт еткенде қаладағы осы күні «Атшабар» деп аталатын жердегі Балпық сарайына соғып тұрады. Өйтетіні, әр жексенбіде уездің игі жақсылары осында бас қосады. Араларында көзі ашық, көңілі ояулары көп. Солардың бірі Талас өзенінің төменгі жағындағы Елібай жотасында отыратын, Шапырашты тайпасының белгілі байларының бірі – Бөлтірік. Ол мыңғыртып мал өсірсе де, соның қызығына тоймай, басқа ешнәрсені ойламайтын наданнан емес, ақкөңіл қазақ. Ашық мінезімен Каллаурды баурап алып, еліне қонаққа шақырған.

Қос ат жегілген тарантасқа мінген уезд басшысы Бөлтіріктің Қызылжар деп аталатын жерде тігілген ақ және қараша үйлердің қақ ортасындағы сәулеті келіскен 12 қанат ақ үйге түсті. Түскенде Каллаурды Бөлтірік байдың өзі бас болып, қарсы алған. Төс түйістіріп құшақтасқан. Оны көрген Ойық, Ошақты болыстарының тәуірлері де таңғалысып, екі қолдарын төстеріне қойып, «хорошо, хорошо» деп қауқылдасты. Әсіресе Каллаур қазақ тілінде: «Ассалаумағалейкум» деп сәлемдескенде тіпті риза болысты.
Еті асылып, қымыз-қымыран сапырылып, Бөлтіріктің немере інісі Отарбайдың Исабегі онда 16-дан 17-ге жаңадан шыққан кезі. Домбырасын қағып-қағып жіберіп, Каллаурды мадақтап өлең шығарып еді, мақтағанды кім жек көрсін, аймақ басшысының көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. Қарап отырмады, Шапыраштылардың Талас өлкесіне қалай қоныс аударғаны туралы сұрастыра отырды. Көпті гулеткен жоқ, әңгімені Бөлтірік байдың өзі бастап, біраз нәрсені айтты. Каллаур құлағын тосып, анда-санда сұрақ қойып, әңгіме-дүкен жарасымын тапты. Жай-жапсарды түсіндірді. Сүйінбай Аронұлы бабасының төкпе жырын:

Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз,
«Қарасайлап» шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп жау алған.
Шапырашты батыр бабамыз,
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым,
Бөрілі байрақ көтерсе
Қозып кетер қайдағым, –

деп Бөлтіріктің өзі арқаланып айтып шықты. Каллаур риза болды.
Шыбыл атаның ұрпақтары Жетісу өңірін жайлап жатқан. Шыбылдан Өтеміс, одан Айса, Байқуат, Сарман, Сағынай, Сеңгірбай мен Меңлібай тарайды. Одан әрі қарай Байқуаттан Атымтай, Жомарт, Үсен, Тоқпанбет шығады. Атымтай мен Жомарт аттарына сай өмір сүрген. Осы әңгімені айтып отырған Бөлтірік Байқуаттың шөбересі. Әкесінің аты – Әліке. Бабасының інісі Тәжібайдың бірінші әйелінен Ыбырайым, Қыдырәлі, Әбілдә, Ыса, Рысқұлбек, Егемберді, екінші әйелінен Бұралқы мен Керімбай тарайды.
Құлағын барынша тосып, ынта танытқанымен Бөлтірік бай Каллаурды жалықтырып жібергенін біліп, Талас өңіріне қалай келгендіктерін әңгімеледі. Жетісуды жайлап отырған Шапыраштының бір баласы Шыбылдың ұрпағы Үсенұлы Жауғашар бабамыз Сұраншы, Саурық батырларының соңына еріп, Кенесары ханның қол астында Қоқан хандығына қарсы соғысқан екен. Кейін орыстың генералы Колпаковский Жетісу өңірін жаулап алады. Жаулаушылардың пиғылы қашанда теріс келеді. Жауғашар ауылына маза бермеген соң, батыр бір солдатын мерт қылыпты. Солдаты өлген соң орыс аяйды ма, күнде ауылды шабатындай көрінген соң батыр әулетін бастап ең алғашқыда Бетпақдаланың шөліне, одан кейін сауға сұрап, Шымкент уезіне қарасты Түлкібас жеріне аялдап, ақырында Таластың төменгі сағасын жағалайды. Бөлтірік бай санап отырса, содан бері жарты ғасыр өтіпті. Құдайға шүкір Қызылжар, Қызыларықтың маңайы Шапыраштыларға құт-мекен болып шықты. Байқуаттың ұрпақтары бақуатты болды. Елді бастап келген Жауғашар батыр ол кезде тірі, жетпістің алтауына келген. Ұзын бойлы, ақ сақалы кеудесіне түскен, ұзын қасты шал екен. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді деген» деп сөйлей кірді. Каллаур да зиялы адам ғой. «Өзім-ақ сәлем беретін едім ғой» деп ыңғайсызданды. Мұны көргендер: «Біздің болыстар тыштаңдап кісіге сәлем бергенді ар көреді. Үлкен ұлықтан үлгі алмайды ма?» деп күңкілдесті.
Әдемі әңгіме-дүкен жалғасын тапты. Жақында ғана Ұзынағаштағы Шапырашты ағайындардан Андас би келіп кеткен екен. Жәй келмепті. «Баяғы Колпаковский жоқ. Азғантай ғана Шапыраштының шашырап кеткені болмас. Атамекендеріңе оралатын кездерін жетті» деп келіпті. Бидің көңіліне қараған. Мынау отырған Жауғашар батыр мәселені ағайынның талқысына салыпты. Естілері: «Ағайыннан жырақ демесеңіз, бұл жерден жақсылықтан басқа не көрдік? Басымызға бас қосылды. Бір қауым ел болдық. Оның үстіне еншісі бөлінбеген Ойық, Ошақты сен бөлексің деп көкірегімізден итеріп отырған жоқ. Қыз алып, қыз беріп құда болып кеттік. Сіңістік. Енді үйреніскенімізде тағы да қопарыла көшкеніміз жүдә ұят. Оның үстіне Көшек батыр бабамыздың сүйегі де осында жатыр екен. Ендеше бұл жер де біздің атамекеніміз» деп көкейдегілерін ашық айтыпты. Андас би де ақылды адам. Жөн сөзге тоқтапты. Тек кетерінде: «Ағайыннан қол үзбеңдер. Барыс-келісті көбейтіңдер, көбейіңдер» деп батасын беріпті. Қазақтардың бауырмалдығына риза болған Каллаур «қазақтың жері ортақ қой» деп ойын қосты.
Каллаур жәй жатқан жоқ. Ертесіне Елібай жотасына шығып, көкпарды, қыз қууды, теңге ілуді, аударыспақты тамашалады. Әр ауылдан келген жігіттердің ат үстіндегі өнерлеріне таңдай қақты. Аттың үстінде тік тұрып шапқандарды көріп, есі шыға жаздады. Енді біреуі аттың бауырына аунап түсіп, екінші жағынан шыға келгенде тіпті таңғалды. Орыстар әсіресе казактар атқа мінуді көшпенділерден, олардың ұрпағы қазақтардан үйренген-ау деп іштей түйін жасады. Өзі де атқа жақсы отыратын. Ат үстінде қылышын оңды-солды сермейтін орыс офицері бола тұра, көкпарға қатысуға жүрегі дауаламады. Бір-екі солдаты атқа мініп көкпар жаққа барып еді, көкпаршылар оларды қаға-маға жандарынан қиқулап өткенде, ол байғұстардың естері шығып кетті. Әсіресе көкпаршылар тана тартқанда орыстардың ауыздарының сілекейлері шұбырып кетті. Бастарын шайқасты.
Той өткен соң Каллаур Бөлтірікке өңірді аралауға шыққанын, ләжі болса төңіректегі бекіністер мен тарихи орындарды көргісі келетінін жеткізді. Оған Бөлтірік қуана-қуана келісті. Тарантасты тастап, белді аттарға мінген бір топ адам болып, саяхаттарын ауыл іргесіндегі Тектұрмастан бастады. Әжептәуір болып үйіндіге айналған Тектұрмастың Әулиеатаның іргесіндегі Тектұрмаспен қандай байланысы барлығын сұрастырды. Бөлтірік бай өз білгенін айтты. Оның айтуынша Таластың төменгі ағысы бойында тұрған Тектұрмас қорғаны орнында бұрынғы заманда қала болған. Осыдан бес жүз жыл бұрын Талас бойын жат жерден келіп, қалып қойған қалмақтар билеп тұрыпты. Жергілікті ел Әмір Темірмен сөз байласып, қалмақтарды Талас бойынан қуып шығуға келіседі, Әмір Темір қалың қолын бастап, Самарқаннан Таласқа қарай жорыққа шығады. Бұл хабарды естіген қалмақтар Темірдің әскеріне ешқандай асыл зат не бұйым қалдырмаудың жолдарын іздестіреді. Қалмақтар Тектұрмасқа өздерімен бірге алып кете алмайтын асыл заттар мен бұйымдарды әкеліп жинайды, олардың үстіне таудай қылып сексеуіл және басқа отын ағаштарын үйеді. Жинаған түрлі асыл заттар мен бұйымдар аспанға атылған алып от-жалын ортасында өртеніп күлге айналды. Әмір Темір келгенше, қалмақтар түгелдей ел-жұртына қоныс аударып, көшіп кетеді.
Аймақ басшысы Бөлтіріктің әңгімесін жазып алып қана қойған жоқ, отыра қалып Тектұрмастың суретін салды. Көмекшілеріне төбенің маңайында шашылып жатқан қыш ыдыстардың сынықтарын жинатты. Әулиеатаға апарып, ғалымдарға көрсетпекші. Олардың сапары әрі қарай Атбайларға жалғасты. Қоныстың орнында тастан қойылған белгітас бар болып шықты. Әрі тастан өрілген үлкен астау бар. Бөлтірік оны Алпамыс батырдың аты байланған орын деп түсіндірді. Бұл өңірдің маңайының барлығы арық, атыздар. Бір кездері егін егілгендігін тақтайдай алқаптардың сұлбалары анықтап тұрғандай. Қалмақтар қазақтарға қаздырды ма, жоқ қазақтар қалмақтарға қаздырды ма, Таластың басынан басталатын терең қазылған арық – Қалмақ арығы аталады екен. Арықтың сілемі ауылдан 18-20 шақырым жердегі Ақкесене және Көккесене бекіністеріне жетелеп апарады. Биіктігі 11-14 метрге жететін қарауыл мұнаралары бар екі бекіністің арақашықтығы тұп-тура 7 шақырым. Жәй ғана қарауыл мұнарасы емес кішігірім қалашық болғандығын жалпақ кірпіштен қаланып, мүжіле бастаған дуалдары айғақтайды. Бөлтірік бастап, Каллаур қоштап мұнаралардың ұшар бастарына шықты. Құдайдың құдіреті, Қаратауға дейінгі аймақ айнадай жарқырап көрінеді. Ал Бөлтірік болса Қаратаудың іргесінде дәл осындай Найза қызыл деп аталатын қарауыл мұнарасының болғандығын, қазақ-жоңғар соғысында қирап қалғандығын айтып Каллаурды таңқалдырып жатыр. «Сірә осындай қарауыл бекіністері өңірдің барлық аймағында салынып, жаудың қимыл әрекетін бақылап отыратын мекен болса керек», деп ой түйді Каллаур. Ерінген жоқ. Екеуінің де суреттерін салып алды.
Екі-үш күндік сапардан соң Каллаур Әулиеатаға кетті. Кетерінде Бөлтірік байды шегелеп шақырды. Екеуі әбден бауыр басып қалыпты. Қоштасар кездерінде бір қимастық байқалды. Дәл кететін күні Бөлтірік бай үйінде: «Қазақта қонақ қуыс үйден құр шықпайды» деген мақал бар. Сіз менің ғана емес осы өңірдегі халықтың басшысы әрі құрметті қонағысыз. Сондықтан астыңызға тұлпар, үстіңізге шапан және мына жинаған тай-тұяқ алтыннан қалағаныңызды алыңыз» деп оюланған әбдіренің аузын аштырып, сый-сияпатын жасады. Алтындарды көріп Каллаурдың көзі ұясынан шыға жаздады. «Жоқ, алтын ділдәларыңыздың бір-екеуін Тәшкендегі музейге өткізуге алайын» деп дегдарлығын көрсетті.
Кетерінде сен менің «үкіртайымсың» деп кетті. Ол сөздің не екенін Бөлтіріктер түсіне алмады. Каллаур түркі тілін зерттеп жүрген сұңғыла адам еді. Ол Алтай төңірегіндегі бір аймақтың билеушісін, не топтың жол бастаушысын «үкіртай» деп атайтындығын білетін. Болыстың басқарушысы десе соңында шашбауын көтеріп жүрген болыс меңгерушілері көре алмай жүрер деп, әдейілеп жаңағы атауды Бөлтірік досына «байлап кеткен».
Сосын: «Айып болмаса айтыңызшы. Қазақтар қасқырдың баласын бөлтірік дейді. Сізді де бөлтіріктей болсын деп есіміңізді солай атаған шығар?» деген сауалға: «Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан көрші ауылды Ысты дейді. Ыстының бір баласы Ойықтан төрт ата тарайды. Соның кішісі Ауызүсіген деп аталады. Ол ата негізінен Шу мен Жетісу бойын жайлайды. Ыстыдан Бөлтірік шешен, би шыққан. Бүкіл қазақ-қырғызға сыйлы еді. Иманды болғыр атамыз Түркістанға барып қайтар жолында Жәдік көлінің жағасында отырған нағашыларына соғады. Соғатыны, бір жыл бұрын баласы Танабай барымташыларының қолынан қаза тауыпты. Бөлтекең баласының зиратына барып, құран бағыштауға ниеттенсе керек. Жасы келген, ауыр жол қажытқан шешен табан астында ауырып, нағашысының үйінде қайтыс болады. Ел болып Жәдік көлінің жағасына жерлейді. Шамалауымша, 1854 жыл. Сол жылы күзде мен де дүниеге келгенмін. Әкем Әліке Бөлтіріктей шешен, би болсын деп молдаға, құлағыма үш мәрте азан шақыртып айқайлап атымды қойдырыпты» деп Бөлтірік бай есімінің қойылу тарихын айтып барып: «бірақ менен шешендік пен билік шықпады» деді күліп. «Оның үстіне Сіз», деді Каллаур қалжыңдап. «Мың жылқы біткен байсыз. Атақты мен берейін. Осы өңірдегі үкіртайым сіз боласыз» деген-ді сонда.
Каллаур екі күн қонақ болғанда Бөлтіріктің кілең көкала түсті жылқыларын көріп таңғалған. Жүндері жылтырап, шеттерінен асау. Әлгі көкпар тартқан күндері ауылдастары ма, апайтөс келген жігіттер түн қоюлана бере байдың үйіне келіп: «Байеке, бір-екі айғырыңызды көкпарға салдық, ренжімеңіз» деп айтып жатқандарын, оларға Бөлтіріктің: «жарайды, жақсылап суытып, таң асырып, үйірге қоса салыңдар»дегенін де құлағы шалып қалған. Ағайындары: «Біздің Бөлтекең қанша малы бар екенін де білмейді» деп күліп отырды. Солайы солай шығар, бір аста жиналғандар пәленде пәлен жылқы, түгенде түген жылқы бар екен» деп дуылдасқанда Бөлтірік бай: «Бәрінің санағын алыңдаршы. Сатып алайын» деп күліпті. Айтатыны, екі кебежедегі алтын-күмісінде есеп жоқ. Бөлтекең соны меңзесе керек. Аймақ басшысы досына соны айтып, Бөлтіріктен қай жерің кем дегенді білдірсе керек.
Екеуінің арасындағы сыйластық үзілген емес. Ай өткен соң Бөлтірік Әулиеатаға сапарлады. Қаланың қақ ортасындағы уезд бастығының мекемесіне соғып, Каллаурға жолықты. Аймақ басшысы Тәшкенге, Түркістанға соғып Ресей географиялық қоғамы археология әуесқойларының Түркістандық үйірмесінің мүшесі ретінде Талас өлкесіне жасаған сапары жөнінде есеп беріп қайтқан екен. Есебінде өзіне көп көмек көрсеткен Әулиеата қазағы Бөлтірік Әлікеұлын марапаттау жөнінде ұсыныс берген. «Бұйыртса, Патша Ағзамның марапатын аласың» деп Каллаур Бөлтірікті қуантып қойды. Шынында да Каллаур 1898 жылы Перовск уездіне бастық болып кетер кезінде Бөлтірікті Әулиеатаға арнайы шақыртып, медалін табыстап кетті.
Содан кейін де жылдар өтті. 1914 жылы Бірінші Дүниежүзілік соғыс басталды. 1916 жылы Патшаның қазақтарды әскерге алу жөніндегі маусым Жарлығы шықты. Ел арасында дүрбелең басталды. 1917 жылы Патша өкіметі құлады. Баяғы Бөлтірік байдың дәулеті шайқалатын заман келе жатты. «Кеңес өкіметін құрамыз» деп жалаңаяқтар жалаңдады. Кеңестің белсенділері байларға тырнақтарын батыра бастады. Олар ең әуелі Бөлтірік байдың көкала жылқыларын айдатып алды. Заманның сұрқынан қорыққан бай баяғы екі әбдіре толы алтын-күмісті Мойынқұм қыстауындағы шұраттардың біріне апарып көмдіріпті-мыс. Өзі де көп ұзамай байлығымен қоса бұ дүниеден баз кешіп кетсе керек-ті. Тек артында «Бөлтірік бай қыстауы», «Бөлтірік бай құдығы», «Бөлтірік бай шартағы» деген атаулар ғана қалды. Иманды болғыр Әулиеата уездінің басшысы Василий Андреевич Каллаурдың жазған ғылыми еңбектерінде оның есімі өшпестей болып жазылып қалғаны жанға қуат. Каллаур досы 1918 жылы Киев қаласында 90 жасқа қараған шағында қайтыс болыпты. Оның жазбалары Ресей археология қоғамы шығыс бөлімшесінің ай сайын жарияланатын жаңалықтар бюллетенінде шығып тұрған. Кейіннен ол еңбектерді В.В.Бартольд, А.Н. Бернштам сияқты орыс тарихшылары мен Қазақстанның орта ғасырдағы тарихын зерттеуші басқа да ғалымдар жоғары бағалады. Демек өлке тарихын зерттеудегі Каллаурдың досы Бөлтірік Әлікеұлының да еңбегі зор деп бағалауымыз керек сияқты.

Сәулембай Әбсадықұлы.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support