- Advertisement -

Ғабең мен шераға

123

- Advertisement -

Жазушының жазушыға деген айрықша ілтипаты, ықыласы болады. Оның бастауында былайғы жандар біле бермейтін түрлі себептер болуы мүмкін. Ал ең басты жайдың бірі – олардың өзара рухани үндестікті сезінуі, қалам қуатының мықтылығын, айдынының кеңдігін жоғары бағалауы. Шерағаңның алдыңғы буын жазушылар қазақ әдебиетінің алыбы Ғабеңе (Ғабит Мүсіреповке), Тахаңа (Тахауи Ахтановқа) деген айрықша ілтипатынан осы жай аңғарылады.Жазушының «Қызыл жебе» романдар циклінің кезінде ұлттық әдебиетте үлкен дүмпулер туғызып, қарапайым халық, оқырмандар ықыласына бөленіп жатқанымен, жолы жеңіл болмады. Әсіресе оның бас кейіпкері Тұрар Рысқұловтың сталиндік қан-қасап жылдарында «халық жауы» болуы, тағдыр-талайының күрделілігі мен дүниетанымының бір қалыпқа сыймауы әрқилы алып-қашпа, аяқтан шалу бағытындағы әңгімелердің арқауы болды. Сондай сыңаржақ талқылаулары мол қиын кезеңде Шерхан Мұртазаны рухани тұрғыдан демегеннің алдыңғы легінде – қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов тұрды.

Кейін қаламгердің 60 жасқа толуына орай шыққан мерейтойлық «Шераға» кітабына «Жұлдыз көпір» және Тұрар» деген атпен енген мақаласынан сол кезеңнің лебі сезілгенмен, Ғабең азаттық жолындағы күрескер, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, уақыттың бұғауын бұзып шыққан Тұрар Рысқұловтың «тар жол, тайғақ кешулі» қызмет жолына терең талдау жасайды. Бұл қажет еді. Себебі Тұрар тәрізді мейлінше күрделі тұлғаның азаттық жолындағы күрес жолына алдымен талдау жасамай, оның әдебиеттегі Ш.Мұртаза жасаған әдеби образына әділ баға беру, қатал сын мен сыңаржақ талқылауды тежеу мүмкін емес-ті. Бұл ретте Ғабеңнің қаламы дәуір шындығын ашып бейнелеуде символдық суреттеуге барады.
«Сол солдат от кешті ғой. Сол солдат жаңа дүние жасау үшін өмірінің бар қызығын, қымбатын, ар-намысын, қажыр-қайратын құрбан еткен жас еді ғой!
Сол жаңа заманды өз қолымен орнатысқан ерлердің ішінде ардақты ұлдары болса, қай халықтың атақ-даңқы, абырой-мерейі өсе бермес еді?!
Қазақ халқының сондай ұлдары, елінің болашағы жолында ар-намысын, өмірін құрбан еткен ұлдары – Эра солдаты болды ма? Болғанда қандай!
Әне, Ақмола түрмесінен қаншама адам айдалып шықты…»
Бұдан соң сол Эра солдатының алдыңғы қатарында Тұрар Рысқұловтың болғанын жазып, өзі сөз етіп отырған үшінші кітапта оның кімдермен бірге тұрып, азаттық жолында күреске белсене қатысқанын таратып айтады. Әрине, біз бүгін әртүрлі көзқараспен қабылдағанымызбен, Тұрар сол кездің күрескерлері Фрунземен, Элиава, Рудзутак, Куйбышевтермен қатар тұрып, жаңа қоғам құруға бар күш-қуатымен араласты. Міне, ол ел қамы жолында Ленинмен жолығу үшін Мәскеуге аттанып бара жатыр дейді.
Ғ.Мүсірепов жазушы Ш.Мұртазаның Тұрардың күрескерлік тұлғасын жасауда сол кезеңнің күрделі шындығын жан-жақты суреттеуге ден қойғанын, сондықтан да бас кейіпкердің өсу-қалыптасу жолының «тозақ отынан өткендей» жеңіл болмағанын көрсетеді.
«Шерхан да революциялық дәуірді алғашқы адымдарынан бастап өсіріп келеді. Тұрардың әкесі Рысқұл Саймасай деген болысты адам айтқысыз айуандығы үшін оққа байлады. Тұрар жетім болып өсті, оқыды, ер жетті, революция жолына түсті. Алғашқы екі кітап сонымен аяқталады… Енді өзіміз көрген Тұрар революция батырының бейнесінде алдымыздан шықты. Шерханның қаламы сыналар тұс та осы еді.
Тұрар бұған дейін әдебиетте онша-мұнша көріне қойған адам болмайтұғын! Оның себебі бәрімізге мәлім. Шерхан кешегі Тұрарды көп ізденулер арқылы тапты деуге тура келеді. Осынысының өзі де автордың жауапкершілігін, үлкен тақырыпқа зер сала бел байлағанын көрсетсе керек» деп жазады Ғабең.
Әлбетте, ниет жақсы болғанмен, оны жүзеге асыру жолдары бар. Образ өзінің тереңдігімен, шынайылығымен көрінуі үшін қозғалысқа түсуі керек. Өмірдің күрделі мәселелерімен тікелей бетпе-бет араласып, ортасында болуы тиіс. Автор Тұрар бейнесін осындай қалыпта бейнелейді. Вотинцев оны Денсаулық сақтау министрі етіп тағайындағанмен, ол өзі тіленіп аштықпен күрестің басшысы болады. Сонымен бірге бұл кезде жаңа қоғамға сырттай да, іштей де түрлі қауіптер төніп жатқан еді. Шетел басқыншыларымен астыртын байланыс жасаған революция жауларының шұғыл қимылымен Түркістан басшылары – он төрт комиссар бір түнде ұсталып атылып кеткен. Бұл қанқұйлы іс-әрекеттер де романда Тұрардың басына құйын боп үйіріліп соғып өтеді. Оның алысқа барар алғырлығын тежеп, сағын сындыру үшін қарсыластары да түрлі айла-әрекеттерге барады. Немере туысы есерсоқ Оразбекті әдейі болыс сайлатады. Кішкентайынан бірге өсіп, Тұрарға тұрмысқа шыққан Наташа сұлудың өзі кейін бөлесі, ақ гвардия полковнигі Приходконы түрмеден босатып алу үшін әрекет жасайды. Халқының азаттығы үшін қайнаған күрестің бел ортасында жүрген оның қателескен кезі де болады. Заман шындығынан туындап жатқан осындай қиындықтар мен арпалыстардың бел ортасында көрінуі Тұрар бейнесінің терең де күрделі ашылуына мүмкіндік берген.
Ғ.Мүсірепов шығарманың осындай ерекшеліктерін жіті танып, таратып айтады. Романдағы тартыстың шынайылығын және оның өткір өрбуін жоғары бағалайды. Сонымен қатар романдағы суреттелетін өзге образдардың да толық көрінуін, оқырманның одан көз жазып қалмауын ескертеді.
«Шерхан романында жалғыз Тұрар емес, басқа да тарихта аты мәлім адамдар жүр екен. Енді бір кітап жазатынын аңғартады. Ол өз шаруасы делік. Әйтсе де әкелген екенсің, кейіпкеріңнен көз жазып қалма дер едім. Мәселен, Кобозев роман соңында хабарсыз кетіп отыр. Куйбышевтер келген соң оның не істегені белгісіздеу.
Маған романдағы Наташа, оның шешесі де ұнамды болып көрінеді. Табиғилық бар жерде солай болады ғой өзі. Тұрар толқынысы, ойы, халқы жайында айтқан байламдары да кісіні сендіреді.
Ертеректе бір жиналыста жастарға ескерткен ойым бар еді. Сол жай тағы тіліме оралып отыр. Егер тартыстың бір басын мықты қолға беріп, екінші жағын жарымжан біреуге ұстатсаң, одан ұтылатын тек шығармаң! Оның аты М.Шолохов айтқандай: «Тышқандардың тырбаңдауы» болып шығады.
Ал Тұрар алысқан жаулар маған ірі көрінеді. Кушекин, Успенский, Клевенцов секілді шовинистер мен Ергеш хан, Ташбулат секілді басмашылар, ағылшын шолғыншысы Бейлилер осал жау емес еді. Тегі, Тұрардың шоқтығын биіктеткендер де осы жаулары».
Ғабең «Қызыл жұлдыз» романындағы кейбір стильдік олқылықтарды да назардан тыс қалдырмайды. «Шерханның бұл жолғы табысы Тұрардың бейнесін сомдап көрсете білуінде. Біздің осы сөздерді жазып отырғанымыз да соған байланысты. Шығармаға нәр беретін бірінші шарт – көркемдігі ғой. Ол жөнінен, әлгіндей селкеулер болмаса, Шерхан мақтана алар еңбекпен шығыпты. Сол кездегі Түркістан өлкесінің болмыс-тірлігімен бізді куәгер еткен. Қойжелкен, еңлік, шолпанкебіс, балықкөз, теңге жапырақ, қоңырау гүл деген атауларды баяғы Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттерінен» кейін жолықтырып отырғаным осы.
Шерхан, меніңше, «Қызыл жебенің» үшінші кітабын ойдағыдай аяқтаған. Тұрар үлкен өмірдің есігін енді ашқандай сезінесің. Және де әлі аяқталмаған романға үзілді-кесілді баға беруден біз де аулақпыз.
Әйтсе де романдағы сюжет тұтастығы, тіл құнарлығы Шерхан Мұртазаев қаламының ұштала түскеніне куә боларлықтай.
Қызыл көпір маған Тұрар өткен өмір өткеліндей көрінді. Автордың табысы да осы бір символиканы аяқтап шыққанында ма деймін.
Жалпы романның жақсы аяқталуына мен ағалық көңілден сәт-сапар тілеймін».
Қазақ әдебиетінің алыбы, классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің осы пәтуалы сөзі Шерағаңның жаңа туындысына үлкен демеу болғаны сөзсіз.
Ескерерлік жай – Ғабең пікірінің әділдігі. Ол шығарманы зер сала оқып, терең талдау жасаған. Шығарманың басты сипатын Күреңбай сыншыдай дәл аңғарған.
Осы ағалық ілтипат кейін Шерағаңның «Қаңтарулы қазанат» атты әйгілі эссесінің жазылуына түрткі болғаны ақиқат. Эссенің жазылу кезеңі Ғабеңнің қайтыс болғанына бір жыл толуы қарсаңы екені аңғарылады. Мұнда Шерағаңның Ғабеңді ішкі жан дүниесімен іздеуі өзгеше берілген.
«Жазушы Ғабит Мүсіреповтің кабинеті бір жылдан бері жабық тұр. Құлыптаулы. Оқта-текте телефон шырылдайды. Сонда төрт қабырға, қабырғаға сірескен кітаптар… елең еткендей болады да… кабинет қайта мүлгиді. Егіз телефонның сыңарын басқа бөлмеден жазушының жұбайы, кабинеттің «шырақшысы» Ғазиза Бисенқызы көтереді. Ал кабинеттегі телефонның трубкасын ешкім алмайды.
– Алло-о-у-у, – дейтін кербез, тәкаппар дауыс естілмейді».
Осы жазудан-ақ сырттай сұсты көрінер Шерағаңның суреткерді жүрегі езіле еске алуы, іздеуі аңғарылады. Бұл дүниенің өткіншілігін кейде осындай сәттер адамның есіне салады. Бір кездері әміршіл жүйенің әділетсіздігіне күйіне қарсы тұрып, қазақ деген халықтың қайталанбас көркемдік әлемін жасаған, әдебиетке айрықша қатаң талаппен қарап, ең аяғы жүрген жүрісі мен шеккен темекісінің күлін күлдеуішке қағып түсіруіне шейін аңызға айналған Ғабең бұл күнде көзден ғайып болған. Жоқ, көзден таса болса да, ұмытылмайды екен. Тіршілікте рухани ұстаз тұтқан Шерағаңа мына құлыптаулы кабинеттегі жазушының қолы тиген әрбір мүлік сыр шерткендей екен.
Ұлы Ғабеңде де өкініш болыпты.
«Соңғы жиырма жылға жуық уақыттың көп күндерін, сан сағаттарын ол осы кабинетте өткізді. Үстіне қалың картон қағаз төселген жалпақ стол, көнетоз мығым кресло, жалпақ столдың үстінде жасыл қалпақты шырағдан, жанында хрусталь күлдеуіш, инедей өткір ұшталған қарындаш, бір десте аппақ ақ қағаз… және «Жат қолында» романының орысша шыққан кітабы қақ ортасынан айқара ашық жатыр. «Жат қолында» кітабы орысша жарық көргеніне көп те болмаған. Жазушы сол кітапты бірінші бетінен бастап шұқшия оқып, өткір қарындашпен түзетіп келе жатыр екен. Бірақ аяғына дейін жете алмапты. Орысшасында «три года» деген екен аудармашы. Оны автор «третий год» деп түзетіпті. «И тут произошло то, чего Кенжегара больше боялся» депті орысшасында. Автор «боялся» дегенді сызып тастап, үстіне «опасался» деп түзетіпті. «Не чужая вы мне, а сноха с дядиной стороны» дегендегі «сноханы» үстінен сызып, жанына «тетя» деп жазыпты.
Ол қазақтың көркем сөзінің хас шебері болғанда, орысшасы да өте озық еді. Өзі айта беретін «қос қанат» онда пара-пар болатын.
«Қазақтың қыран сияқты қос қанаты бар: бірі – қазақ тілі, екіншісі – орыс тілі. Сыңар қанатпен ұша алмас болар».
Ол осылай дейтін. Сөйтсе де оның шығармаларының аудармасы бұрындары онша сәтті бола қойған жоқ. «Оянған өлке» – «Пробужденный край» болғанда, «Оянған өлкенің» сөз сиқыры солғындап, бояуы оңып кеткендей болды. «Кезінде онша мән бермей, аударманы бастан-аяқ өзім оқымай опынып қалдым» дер еді ол. Сол өкініш ұмытылмаған да сексеннен асқан шағында әрбір сағаты қымбат уақытын «Жат қолындағының» аудармасын мұқият қарауға амалсыз қиған ғой».
Шындығына келгенде, Шерағаң Ғабең жөніндегі әдемі естелік-мақаланы үйінде отырып-ақ жаза салуына болатындай еді. Бірақ олай жасамапты. Мақаласын жазар алдында, Ғабең рухымен оңаша қайта сырласқысы келгендей тұрған үйіне барыпты, жұбайы Ғазиза Бисенқызының рұқсатымен кабинетіне кіріпті. Бұл бір жағы қазақ әдебиетінің классигіне үлкен құрмет-ықыласы болса, екіншіден, естелік-эссенің мазмұнын байытқан.
Эссенің екінші бөлімі – жазушының блокнотындағы жазбалармен байланысты өріледі. Екінің бірінің қолы жетпейтін үлкен қаламгердің жан толқыныстарын оқырманға ұсына отырып, онымен іштей сырласып, ой бөліседі, біте қайнасады. Ал блокноттағы ой-толғамдар бүгінгі кез үшін де маңыздылығымен ерекшеленеді.
Блокноттың беташарында қазақ халқының ар-ұят жөніндегі мақалдарын келтіріп ой толғаған жазушы келесі бір кезекте ұлы ақын Абайға жүгініпті. Әрине, мұның барлығы аяқ астынан жазыла қалмаған. Жазушы көңілін мазалаған үлкен ойлардың қағаз бетіне құйылып түскен сілемі іспетті.
«Абайдың философиялық ойларының тереңі әрі философияға қосқан жаңалығы мына екі жолда болуы керек:
Кірлеген көңіл өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай…
Саналы адам біреуге жәбір-жапа көрсетіп, өз көңіліне дақ салған болса, ол сол дақты жақсылық істеу арқылы кетірмей тыншыға алмайды, көңілі дауаланбайды».
Шераға жазушының бұл ойы жөнінде: «Абайдың әр өлеңінде, әр сөзінде шындықтың шыңырау тереңі жатқанын Мүсірепов әдейі бөлектеп отыр. Біздің көбіміз-ақ Абай өлеңдерін оқимыз, тіпті жаттап аламыз. Ал сол сөздің ар жағында не жатқанына назар сала бермейміз. Тіпті мектепте де терең, ойлы талдау бола бермейді. Ғабит Мүсірепов Абайды жақсылап таныңдар, тереңнен тартып түсініңдер дегісі келеді» деп пікір білдірсе, Ғабең меңзеуінің ар жағында не жатқаны қазір кім-кімді де ойлантады. Өзі саналы адам болса… Біреуге жәбір-жапа көрсетіп, өз көңіліне дақ салған болса… Бұл, біздіңше, кешегі кеңестік замандағы зорлықшыл биліктің адал жанға жасаған қысастығы ғой. Біреуді біреуге айдап салып, «жау» тауып беріп, бірін-бірі әшкерелетіп… Заманды ұйқы-тұйқы етіп… Ғабең соның бәрін көрді, басынан өткерді. Уақыт өте келе сол бір адал жандардың ішкі күйзелісін сезді. Бәлкім, бұл да емес болар. Ғабеңнің ой-толғанысы әр қилы ойларға жетелейді.
Енді бірде Шераға суреткердің нақылға айналған «Жаны аласаны үлкейткенмен ол өспейді» деген сөзін келтіріп, оның көрінісін өмірдің өзінен алып, «Дарынсызды, парасатсызды қолдаушының өзі мұндайда екі есе кінәлі» деп ой түйеді.
Ғабеңнің қойын дәптердегі ендігі бір ой-толғаныстары қасиетті өнерге арналыпты. Бұл қағидалар арада отыз жылдың үстінде уақыт өтсе де, мән-маңызын бүгінге дейін жоймаған екен. Онда ол: «Қай халықтың болса да мәдениетін, көркемсөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант аздық етпейді». «Соқыр көретіндей, саңырау еститіндей етіп жаз!» депті.
Сондай-ақ Ғабең әсірешілдіктен сақтаныпты. «Газетіңде кейде марапатшылдық бар. Тым өсіре мақтау ұшырасады. «Көркемсөз шебері», «Сөз зергері» деп жатасыздар. Маған да әсірелеу жарамас болар. Зергер деген не? Егер сен сөзіңмен, сөздің құдіретімен қурап қалған ағашқа жасыл жапырақ бітіре алсаң – әне сонда зергерсің. Егер сен сөз құдіретімен үмітсіз ауру адамды аяғынан тік тұрғыза алсаң, әне сонда зергерсің… Егер әлдекімнің жүрегіне мұз қатып қалса, сенің кітабың соны жібітер болсын. Әне, сол зергер…» депті жазушы Шерағаңа оңаша бір сырласуда.
Өздеріне деген қатаң сыншылдық көзқарас Ғабеңдердің кезінде берік қалыптасыпты.
«Сәбит-ау!
Біз, шалдар, жазбай отыра алмаймыз ғой. Тек бір ғана тілек айтқым келеді – жаман жазбасақ екен. Біздің жаман үлгіміз жастар үшін жақсы үлгі болып көрініп жүрсе, бізге бұдан ауыр кінә болмау керек…»
Қазіргі әдебиетте мұндай жақсы дәстүрдің жойылып бара жатқаны өкінішті.
Қысқа қайырып, терең ой айту – Ғабеңнің жасыл қойын дәптеріндегі әдемі форма болса, осы құрылым кейін Шерағаңның «Бір кем дүниесінде» жалғасын тауып, өрістеп кеткен тәрізді көрінеді.
Шерағаңның Ғабең жөніндегі эссесі жылылыққа толы. Бәлкім Шерағаңның рухы да абзал ағасын тапқан шығар…

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х. Дулати атындағы
ТарМУ-дың профессоры,
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу
орталығының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support