- Advertisement -

Татулықты ту ету – өскелең ұрпақтың да міндеті

101

- Advertisement -

Азияның жүрегі, тоғыз жолдың торабындағы қазақ жерінде этникааралық келісім мен өзара сыйластықты, толеранттылықты қалыптастырған, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт тіршілік кешуінің бай, тарихи тәжірибесі жинақталған. Ал осы ішкі тұрақтылыққа негіз болып отырған татулықты сақтап қалу – өскелең ұрпақтың міндеті. Айтар ұлағатын өнеге қылып көрсеткен халқымыз бұл есті ескертуді жастарға енді қалай жеткізеді? Өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі «Заманауи медиа мәдениет кеңістігіндегі этникалық имидж» тақырыбында пікірталас алаңдарын ұйымдастырып, көкейдегі көп сұраққа жауап іздеді.
Қазақстандық бірегейлікті, сондай-ақ рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды, жастарды отаншылдық пен азаматтыққа тәрбиелеуді көздеген шара он ауданда және Тараз қаласында өткізілді. Пікірталас алаңдарына этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Аналар кеңесі және ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері, аймақтық этномәдени бірлестіктердің жастары және облыстық, қалалық, аудандық БАҚ өкілдері шақырылды. Ұйымдастырушылар бұл шара аймақтағы сексеннен астам этностың мәдениеті, өркениеті, әдебиеті, тілі, ділі сынды ұлттық құндылықтарын жандандыра түседі дейді. Себебі ашық диалог алаңында осы мәселелерді шешу, дамыту жолдары қарастырылып, түрлі ұсыныстардың жай-жапсары талқылануда. Әр этностың өкілдері өз салт-дәстүрлері туралы сауалнама толтырып, ұсыныстар жасау арқылы да бұл жобаға белсенді түрде атсалысуда.
«Бұл шараны қолға алғандағы мақсатымыз – әртүрлі ұлттардың дәстүрлерінің ерекшеліктерін, әсіресе Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші миссиясының маңыздылығын талқылау. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтап қалу керектігі туралы анық айтылған. Біз де осы бағытта тиісті жұмыстар атқарудамыз. Елімізді мекендеген барша этностың мәдениетін тиісінше келешектің санасына сіңірсек дейміз», – деді жобаның жетекшісі, аталған мекеменің бас сарапшысы Альбина Маратқызы.

Назерке ОҢҒАР,
облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз қызметінің маманы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support