- Advertisement -

«Анамның аманатымен таразға оралдым»

337

- Advertisement -

Бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы –
«серпер» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, облыстық қазақ драма театрының актеры кенен ақүрпеков

«Әкемнен алты жасымда қалыппын»

– Кенен Сәкенұлы, Ақүрпековтер әулетінен тарағандар облысымызға да, елімізге де танымал. Сіздің азамат ретінде қалыптасуыңызға бауырларыңыздың ықпалы қалай болды?
– Біз Т.Рысқұлов ауданындағы Әбжаппар ауылында туып өскенбіз. Ата-анамыздан 11 перзент тараған, қазір 9 бауыр бармыз. Оның ішінде Гүлмира Ақүрпекованың елімізге белгілі әнші екенін жұрт біледі. Нұрлан Ақүрпековтің Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы екені, бокстан Бақтияр Артаев секілді Олимпиада чемпионын тәрбиелегені жұртқа аян. Немере ағам Мәлік Ақүрпековтің белгілі актер, танымал композитор екенінен де ел хабардар.
Әкем алпыс жасқа жетпей, өмірден ерте озды. Жаратқанның жазуына ешқандай шара жоқ. Ауданда бас есепші қызметінде жүрген елге қадірлі кісі болыпты. Әкем бақилық болғанда мен 6 жаста екенмін. Анам: «Кенен әке жылуын көрмей қалмасын, осыған мейірімдеріңді төгіп, көмектесіп жүріңдер», – деп бес ағама тапсырыпты. Обалы не керек, ағаларым мені алақандарында аялап, еркелетіп өсірді. Олар әлі күнге дейін қабағыма қарап, мейірімдерін төгіп тұрады. Сол ағаларымнан ақыл сұраймын. Ел қатарынан кем қылмай, бауырларым мені жеткізді. Үйдің кенжесімін. Кенен Әзірбаев атамыздың үлкен бір тойының қарсаңында дүниеге келіппін. Әкем есімімді азан шақырып, «Кенен» деп қойыпты да, «Кенен деген – ардақты есім. Оны көп атай бермейік. Өзіміз Кентай дейік» депті. Кенекеңнің атына кір келмесін дегені ғой. Сонымен ауылдастарым, туыс-бауырларым әлі күнге «Кентай», «Кішкентай» деп еркелетеді. «Кенен» сөзі «Кенже» деген мағынаны да береді екен.
Ауылда еркін, тайраңдап өстім. Қазір де: «Ой, айналайын, Сәкеннің баласысың ба? Әкең марқұм жақсы адам еді» дейтіндер көп. Қалыптасуыма бауырларымның ықпалы мол болды.
– Қандай бала болып өстіңіз?
– Бұзық болдым. Ерке баланың мінезі белгілі ғой. Бірақ, қолымнан домбыра түспейтін. Жылда аудандық ән фестивалінен бас жүлде аламын. Сыйлыққа радио алып қайтамын. Әлгі «Гауһартас» фильмінде осындай бір көрініс бар ғой. Сол көрініс қайталанып, үйдің іші радиоға толып кеткені бар. Бірақ, тірлікке ыңғайым жоқ-тын.
Бір жолы Әсембике анам: «Кентай, анау жайылып жатқан қойды суарып, бері айдап келе қойшы. Мен ақырға шөп сала берейін», деп тапсырды. Ол кезде мен 7-8 жастамын. Содан мен қойға бармай, талдың үстіне шығып алып, ән салып отыр екенмін. Қой қашанғы күтеді, өрісіне кетіп қалған. Анам шаршап, шалдығып сол малды қайтадан айдап келе жатыр. Маған өкпелеген анам: «Әй, Кентай, сен үйдің кенжесісің. Малға жұмсасам, талға шығып алып, ән салып отырғаның мынау. Сен мені қалай асырайсың?» дегені бар. Сонда Құдай аузыма салған шығар. «Апа, асыраймын. Сені түрлі-түрлі ән айтып асыраймын», деген екенмін. Анам кейіннен ағаларыма: «Кененді өнер жолына түсіріңдер. Өзге сабаққа икемі болмаса да, өнерге бейімі бар» деп ағаларыма бағдар берді. Анам маған ертегіні көп айтатын. Өзім де қазақ әдебиеті пәнін жақсы оқыдым.
1998 жылы мектепті бітірдім. Ол кезде ағаларымның бәрі студент. Үйде азын-аулақ мал бар. Қазақтың күні малмен емес пе? Содан ағаларым маған айғыр әперді де, бір жыл оқуға апармай қойды. Сөйтсем, малмен жүрген адам малдан өзгені ойламай кетеді екен. Ағаларыма: «Оқымаймын, малды көбейтіп, өсіремін», дейтін болдым. Мұны естіген Гүлмира әпкем шырылдап, ауылдағы Бақытжан ағама қайта-қайта ескертіп, мені Алматыға алдырады. 1999 жылы Гүлмира әпкем, Нұрлан ағамның жетелеуімен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер инситутына құжат тапсырдым. Бағыма қарай институтқа түсіп кеттім. Бауырларым мені әнші болады деп ойлайтын. Гүлмира әпкем: «Әнші болу үшін алдымен актерлікті оқып алсын, әрі қарай сахнаны меңгеруі оңай болады», деп әлгі институтқа түсуіме кеңес берген ғой. Мен түскен оқу орны бір жылдан соң өнер академиясы, екі жылдан соң Ұлттық өнер академиясы атанды. Басында институтқа түскеніммен, 4 жылдан соң Ұлттық өнер академиясының дипломын алып шықтым. Академияның актерлік бөліміне қалай түстім, солай алдыма үлкен мақсат қойдым, әншілікті тастадым. Мен театр, кино актері болғым келді. Институтқа түскелі сахнаға әнші болып шыққан емеспін. Келешекте де ондай ойым жоқ. Төрт жыл кәсіби білімімді шыңдап, театр және кино актері мамандығын алып шықтым. 17 жыл болды, өз мамандығым бойынша жұртқа қызмет етіп келе жатқан жайым бар.

«Бекежанды ойнап, Асанәлі Әшімовтен құрмет көрдім»

– Ұлттық өнер академиясынан кейін Ақтау қаласына қалай барып жүрсіз? Тараз шақырмады ма?
– Неге шақырмасын? Ұсыныс болды. Режиссер Қуандық Қасымов мені студент кезімнен танушы еді. Республикалық бірнеше театрдан да ұсыныстар түсті. Есмұхан Обаев ағамыз М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына шақырса, Ғ.Мүсірпепов атындағы жасөспірімдер театры да хабарласып, қабылдауға ниет танытты. Бірақ, содан екі-үш ай бұрын Елбасының Жарлығымен Ақтауда театр ашылған болатын. Біз тобымыздағы 37 студент Ақтауда жаңадан ашылып жатқан театрға тәжірибеден өтуге барып, «Қыз Жібекті», «Томирис» спектаклін қойған едік. Режиисеріміз – елімізге танымал Гүлсина Ерғалиқызы. Театр директоры Нұрнияз Мұханұлы бірге барған барлық студенттерді жұмысқа шақырған болатын.
Бірге оқыған достарымның көпшілігі ойланбай, Ақтау театрына баратын болып жатты. Бұл жөнінде мен тағы Гүлмира әпкеммен ақылдастым. «Кентай, олар – 4 жыл бірге оқыған достарың. Сол өзіңе үйреншікті ортамен жүргенің дұрыс. Оның үстіне Гүлсина Ерғалиқызы керемет талантты режиссер ғой. «Дарын» және «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты. Ол кісінің үйретері көп. Жұмысыңды Ақтау театрынан баста. Бір-екі жыл көр. Ұнамаса қайтарсың. Ауыл да, басқа театрлар да еш жаққа қашпайды», деп кеңес берді. Сонымен Ақтауға тартып кеттік.
– Әпке ақылын тыңдап, өз достарыңыздан бөлінбеген екенсіз…
– Солай болды. Екі жылға деп кеткен Кенен едім, 12 жыл жүріппін. Ақтауда жаман болған жоқпын. Бірнеше басты рөлде ойнадым. «Махамбетте» Махамбеттің, «Томирис» қойылымында Кир патшаның, «Қыз Жібекте» Бекежанның, И.Сапарбайдың «Сыған серанадасында» Шәмшінің рөлін сомдадым. Камюдың «Ғашықсыз ғасырында» Ескендірдің, «Қос жебе» спектаклінде Қалқанқұлақтың рөлін ойнадым. Мен тек еске түскен ірі-ірі, басты рөлдерімді айтып отырмын. Бұл рөлдердің бәрі әр актердің арманы ғой. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов Ақтауға келген кезде біз «Қыз Жібекті» қойып, мен Бекежанды ойнадым. Соңында Асанәлі Әшімов ағамыз өзіне жабылған шапанды «Бүгінгі Бекежанды ойнаған балаға жабамын», деп, маған жауып кеткен. Әріптестерім: «Оу, Кенен, енді жаман болмайсың», деді. Айтқандай, жаман болған жоқпын. Мемлекеттік «Серпер» жастар сыйлығын алдым. Сол Ақтауда жүріп үйлендім, кішкентайлы болдым. Пәтер алдым. Қысқасы, барлық мәселем шешілді. Ақтаудан ешкім қуған жоқ, жүрсем жүре беретін едім. Бірақ…
– Он екі жылдан соң елге қайтуыңызға не себеп болды?
– Театр деп, Ақтау деп жүргенімде жасым отыздан асып кетіпті. Адам өзі отыз жастан асқан соң, туған жерін, өскен елін, туыс-бауырларын ойлай бастайды екен. «Анаң өмірден қайтты» деген хабар келгенде мен Ақтауда «Күйші» деген фильмге түсіп жатқанмын. Жолдың қашықтығынан анамды жерлеу рәсіміне әрең үлгердім. Сол жағдайдан кейін қатты ойландым. Анам да: «Кентайды елге қайтарыңдар» деп ағаларыма аманат айтып кетіпті. Ағаларым: «Кентай, Ақтауда көп жүріп қалдың ғой. Тым болмаса Алматыға немесе Астанаға барып бағыңды сынап көрсеңші» деген. «Ағалар, сіздерден алыс жүрсем Астана мен Алматыда жүрген не, Ақтауда жүрген не? Келсем Таразға келемін», деп кеткенмін ол жолы. Сөйтіп, екі ойлы болып жүргенімде Тараздан драма театрдың директоры Болат Бекжанов ағамыз хабарласты. «Туған жерің сені күтеді. Бізге жұмысқа келсеңші. Мәлік Ақүрпеков сені қайтады деп жатыр. Қайтсаң, Алматыға бұрылып кетпей, өзімізге, Таразға кел», деді. Шақыруын қабыл алдым. Болат Үмбетәліұлын алдында «Тұңғышбай Әл-Тарази Таразға шақырады» республикалық театр фестиваліне Ақтау тетарының атынан келгенде көргенмін. Ол кезде де «Әй, Кенен, сыртта не бар, біздің театрда ойнайтын баласың ғой», деп қалған еді. Сонымен облыстық қазақ драма театрына осылай келіп қалдық.
– Жерлестеріңіз сізді қалай қабылдады?
– Облыстық қазақ драма театрының ұжымы мені түсіністікпен, жылы шыраймен қарсы алды. Таразға келе сала басты рөлдерді алдым. Дулат Исабековтің «Кішкентай ауыл» шығармасында Демесінді сомдадым. Қуандық Қасымов ағайдың режиссерлігімен қойылған Арғынбай Бекбосынның «Домалақ анасында» Ақсақ Темірді ойнадым. Ойлап көріңізші, Ақсақ Темірді ойнау – қанша актердің арманы. Көпшілік сахнада, болмаса барып кел, шауып келмен өмір бойы жүретін актерлер қаншама? Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» шығармасынан Ақан серінің рөлі бұйырды. Ақан серіні ойнау – барлық актердің арманы. «Сыған серенадасында» Шәмшінің, Әлібек Әмзеұлының «Қор болған Қодар-айында» Қодардың рөлін жақсы ойнап шықтым деп ойлаймын. Ол рөлдерді де армандап жүрген актер көп. «Қыз Жібекте» Төлегеннің образын алып шықтым. Осы «Қыз Жібекпен» Ақтау қаласында республикалық фестивальден, Румынияда халықаралық фестивальден бас жүлде алдық. Жақында облыстық қазақ драма театры құрамымен Татарстанның Қазан қаласына барып, сәтті өнер көрсетіп қайтқанымызды да білесіздер. Әлі де талай рөлдерде ойнаймын деген үмітім бар.
Осы театрдағы алдыңғы буын аға-әпкелермен, орта және кіші буын актерлердің бәрімен байланысым жақсы. Сыйластығымыз зор. Болат Бекжанов – театрдың білгір маманы, өзі жазушы, драматург. Ол кісі театрды жақсы репертуарлармен байытып жатыр.
– Кімге үйретіп, кімнен үйреніп жүрсіз?
– Біздің жасымызда өзгеге үйрету емес, өзің үйренгенің абзал. Өнер адамы өмір бойы өзімен күресуі керек. Өзіңді жеңсең, артыңда із қалады. Мен ешкімнен үлгі алмаймын, үйренемін. Әркімнің өз жолы бар. Солай болуы тиіс. Біреуге еліктесең, көшірме болғаның. Түпнұсқа болғанға не жетсін? Қазір үлкен-үлкен рөлдерді сомдайтын кезде кейбір актерлеріміз балаларға ертегі қойып кетті. Оларға да кінә артуға болмайды. Тетардың қажеттілігіне байланысты ертегі қойып жүрміз. Алдағы уақытта өзімді режиссерлік қырымнан көрсеткім келеді.

Кинода таутұлғалардың ролі бұйырды

– Кино актері ретінде біраз фильмге түстіңіз. Осы жағын көрермендеріңізге кеңінен айтып берсеңіз…
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтаудың театрында жүргенімізде Лондоннан ағылшын режиссері келді. Фильмнің эпизодына актер іздеп жүр екен. Тетрда кастинг жүрді. Содан кейін бір баскесердің рөліне шақырылдым. Күніне 100 доллар төледі. 2007-2008 жылдары доллардың құны қандай болғанын есептей беріңіз. Эпизодта он күн жүріп, 1 мың доллар тапқаным бар. Бұл – 40 минуттық ғана фильм. Шетелде идеяны да сатуға болады. Алғашқы түскен фильмім осы.
Арада біраз уақыт өткенде Оралда театр фестивалінде жүргенімде Жасұлан Пошановтың «Күләш» фильміне шақырту алдым. Әлия деген ұйымдастырушы хабарласып, Темірбек Жүргеновтің рөлін ұсынды. Бұл жөнінде Гүлсина Ерғалиқызымен ақылдастым. «Кенен, шақырса бар. Қорықпа. Театрда бірнеше рөлде ойнап жүрсің. Мұны да меңгересің. Құласаң, нардан құла» деді. Сонымен Темірбек Жүргеновті ойнап шықтым.
Содан кейін Мұрат Бидосовтың «Ақылдың кілті – өмір дастан» фильміне түстім. Маған Бердібек Соқпақбаевтың рөлін ұсынды. Бердібек Соқпақбаевты әр қазақ білуі керек. Мен осы рөл үшін Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасынан көп мәліметтер іздедім. Бір ай кітапханадан шықпадым. Ол да қиянатты аз көрмепті. «Менің атым – Қожасын» әуелі қазақ баспалары баспаған. Сол кездегі идеологияға жауаптылар: «Қожадай бұзық баланы кімге үлгі етесің?» деп айыптаған. Бұл кітап орысшаға аударылып, Ресейдің баспаларынан жарық көрген. Бердібектің өмірден өтуі де жұмбақ күйде қалды. Осы рөлді сомдадым. Өзіңіз айтыңызшы, Темірбек Жүргенов, Бердібек Соқпақбаев рөлдері екінің біріне бұйырып жатыр ма?
Сөйтіп жүргенде Жасұлан Пошановтың «Ән-аға» фильмінде Шәмшінің әкесі Қалдаяқтың рөліне шақырылдым. Кейіннен Мұрат Бидосов «Тар заман» фильміне Ахмет Байтұрсыновтың рөліне шақырды. Сол кезде де Ш.Уәлиханов атындағы өзіміздің облыстық кітапханадан көптеген мәлімет алдым. Ол жердегі қызметкерлер: «Бердібекті ойнаған рөліңді көрдік. Жақсы ойнадың», деп көңілімді көтеріп жатты. Эльмира Абдинова басқаратын сол кітапхана ұжымына, барлық қызметкерлеріне рахмет айтқым келеді. Қалдаяқтың, Байтұрсыновтың рөлі де оңай емес, ол да басыма бұйырған бақыт деп түсінемін. Жақсы рөлге жауаптылық қажет. Ахметті де өз деңгейінде ойнап шықтым. Содан Астанаға «Үзілмес үміт» деген фильмге Талғат деген үлкен кәсіпкер жігіттің рөліне шақырылдым.
Арада біраз уақыт өткенде Мұрат Бидосов хабарласып, «Кейкі батырда» Кейкінің рөліне шақырды. «Кейкіні берем» деді. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасынан, ғаламтордан біраз мәліметтер қарап, іздендім. Алайда, бұл жолы маған Кейкі емес, Амангелді Имановтың рөлі бұйырды.
Биыл екі фильмге ұсыныс түсті. Бірақ, бара алмадым. Алдағы уақытта әлі де біраз жақсы рөлдерде ойнаймын деп ойлаймын.
– Белгілі кино актерлерінен кімді жақын тұтасыз?
– Көпшілікке кино актерлер тек бақытты адамдар сияқты көрінуі мүмкін. Өмірде мүлдем олай емес. Нұрмұхан Жантөринге құрметпен қараймын. Сол Нұрмұхан Жантөрин 20 жыл «Қазақфильмнен» шеттетілді. Кейіннен «Бейбарыста» Бейбарысты, «Жаяу Мұсада» Шегенің рөлін ойнады. Досхан Жолжақсыновты, жерлесіміз Азамат Сатыбалдыны, Бақытжан Әлпейісовті құрметтеймін.

Таразға жастар тетары керек

– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сын деген қашанда қажет. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демей ме? Біздің драма театрға театр сыншысы ауадай қажет. Себебі, біз бір ғана театрмыз. Рөлді ойнасақ, бәріміз де мықтымыз. Қойылымнан соң актерлердің талқысы болады. Бірақ, ол да қанша дегенмен, өзің сияқты актер ғана. Сондықтан бізге Әшірбек Сығай секілді театр сыншысы жетіспейді. Бұл – жалғыз Тараздың емес, көптеген облыстық театрлардың бас ауруы. Театрларда сын жоқ, сын болмаған жерде, қай деңгейде келе жатқаныңды білу қиын. Аудандарда халық театрлары бар. Кейде солардың деңгейіне түсіп кеткен жоқпыз ба деген ой келеді. Осының барлығын саралайтын, олқы жеріңді тап басып айтатын сыншыларға зәруміз.
– Облыстық тетрға не жетпейді?
– Облыста жалғыз қазақ драма театры бар. Өз қазанымызда өзіміз қайнап жатырмыз. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде жыл сайын бірнеше маман дайындалады. Бәрінің де армандары асқақ. Қаншама талантты жастар дипломмен жұмыссыз жүр. Олар асаба болып, жеке театр құрып, әйтеуір алға ұмтылуда. Сондықтан облысымызға жастар театры, «Қуыршақ» театры қажет.
– Ауылға барып тұрасыз ба?
– Ауылға барамын. Ауыл адамдарымен әңгімелесіп, образ іздеймін. Ауылдың әр адамы – бір-бір кейіпкер. Ол жақта нағыз табиғи, шынайы көріністер бар. Ауылға барсам рахаттанып, үлкен әсермен ораламын.
– Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз…
– Жолдасымның есімі – Жанат. Мамандығы – мұнайшы. Бір қыз, екі ұлым бар. Өсіп-өніп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Есет Досалы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support