- Advertisement -

Биязылықтың, сыпайылықтың үлгісіне айналған

85

- Advertisement -

Мен Сұлтан Қалиевтің өзінен бұрын сөзімен, дұрысы өлеңдерімен таныстым. Жасөспірім, мектеп оқушысы кезім. «Білсем, түсінсем, ұғынсам» деген оймен мерзімді басылымдарды, газет-журналды, өзімізге қажетті кітаптарды мүмкіндігінше көбірек оқитынбыз, қажетін көңілге тоқитынбыз. Әуелі «Балдырған», сосын «Пионер» журналының, «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінің әр нөмірін жібермей оқитын едік. Сол мерзімді басылымдардың ішінде Сұлтан Қалиевтің өлеңдері жүретін.
Арада айлар жылыстап, жылдар өтті. Екеуміз Алматы дейтін ару қалаға арман қуып бардық. Екеуміз де студент атандық. Бір курста оқымасақ та, қатарлас, замандас бола жүріп білім алдық. Талмай іздендік. Екінші әлде үшінші курста жүргенде ме, біздер таныстық. Сұлтекең менің жерлесім болып шықты. Мінезі өте биязы, сыпайы, салмақты жігіт екен. Мінезінен мін таба алмайсың. Қыздың жиған жүгіндей ұқыпты жігіт болып шықты. Ардың-гүрдің әңгімесі, артық сөзі жоқ. Әлбетте ақындық жолда жүрген жігіттер арсалаңдап, асау мінезімен жер көкке сыймай, кеудесін соғып жүреді емес пе? Сұлтанға ондай қасиет мүлдем сәйкес келмейді екен. Сыпайы, біртоға жүрді. Әдептен асып, әдемі қалпынан өзгерген емес.
Ол – ғажайып балалар ақыны болды. Мен биязы болмыс, сыпайылық балалар әдебиетінің өкілдеріне тән деп бағалаймын. Керемет балалар ақынының бірі – Ескен Елубаев. Ескен де сондай мінезі жұмсақ, жайдары жан ғой. Шығармашылығы көркем, әдемі, бірқалыпты. Өлеңдері күміс қоңыраудай сыңғыр қағып тұрады, таза бұлақтың суындай мөлдірейді. Есекең осы әдемі қалпымен өмірден өтті. Сұлтан да сондай азамат, сондай ақын еді.
Мен ұзақ жылдардан бері осы облыста тұрып келе жатырмын. Өңірдің мәдени-рухани, қоғамдық өміріне қатысты бірқатар мәселелердің бәріне куәмін. Әдебиетпен айналысып жүргеніме де 60 жылдан асты. Осы жылдар ішінде Сұлтаннан ешқандай артық ниет байқаған да, естіген де емеспін. Оның «Мен жұртқа белгілі ақын едім, республикалық газеттің бас редакторы едім. Маған бүйтіңіздер, маған сөйтіңіздер» деп облыс басшылығына бір рет өтініш айтқанын естімеппін. Араға адам салып, кісі жіберіп, әуреге түскен кезі де жоқ. Оның 50, 60 жылдық мерейтойы да солай, біртоға, өз деңгейінде өтті.
Айтпақшы, Сұлтекең 50 жасқа толғанда бірер күн қасында бірге жүргенім бар. Жанына ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза-әліні ертіп келді. Жамбыл ауданының бірнеше ауылында ауыл тұрғындарымен, мектеп мұғалімдері және оқушыларымен керемет әсерлі кездесулер өтіп еді. Сол тамаша тағылымды күндер осындайда еске түседі. Одан бері де ширек ғасыр өте шыққан екен. Енді бәрі де сағынышқа айналып барады.
Бізде мынандай мәселе бар. Бүгінгі қоғам балалар жазушысын көп ескере бермейді. Мен мұны қоғамның жетілмегені, эстетиканың төмендігі деп айтар едім. Тіпті, мектеп мұғалімдері де мемлекеттік марапаттарға енді-енді ілігіп жатыр. Мен ес білгелі Мемлекеттік сыйлықты алған балалар жазушысы жоқ. Бердібек Соқпақбаев та мұндай жоғары марапатқа ие бола алмады. Елімізде балалар әдебиетін насихаттау, жақсы шығарманы саралау, бағалау жетіспей тұрғаны айдай анық. Соған қарамастан балалар жазушыларының бітірген шаруасы, қоғамға келтірген пайдасы көп. Оны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы.
Мен Сұлтекеңмен, Сұлтанмен қоян-қолтық араласа алмадым. Жазушылар одағының съезінде кездесіп, кейбір жиындарда бірге болдық. Сондағы кездесулерде де пікірлесіп, әңгімелесіп жүрдік. Сол кезде оның балалар әдебиетіне шын берілгені байқалатын. Оны мен де жан-жүрегіммен сезінетінмін. Оның бойынан бір жанрға деген адалдығын сезуші едім. Бұл өзі сирек кездесетін құбылыс қой. Бір жанрға түбегейлі еңбек ету, соның қыр-сырын толық меңгеру – сирек кездесетін дүние. Сұлтанның есейген шағында да бала жанына үңілуі, балалар баспасөзінде тұрақты жұмыс істеуі де талайға үлгі боларлық іс деп білемін. Республикалық «Ұлан» (бұрынғы «Қазақстан пионері») газетінде ұзақ жылдар бойы бас редактор болған кезінде Сұлтекең талай шаруаны қара нардай шыдамдылықпен атқарды. Талай-талай елімізге есімі белгілі таланттардың танылуына жол ашты. Ол кезде республиканың әр өңірінен талантты балалар өлең, әңгімесін, мақаласын, эссесін тек «Ұланға» жолдайды. Оның барлығының тілін тауып, ішінен жарамдысын саралау, жарамсызы үшін де арнайы хат жазып, алыс ауылда жатқан талапкер балаларды ынталандыру оңай шаруа болмаса керек. Оны бәріміз де жақсы білеміз. Сол жұмыстардың бәрін табандылықпен атқару үшін де үлкен мінез керек. Сол мінез Сұлтанның бойында бар болатын.
Оны мектеп мұғалімдері мен оқушылары, балалар кітапханасының қызметкерлері мен оқырмандары өте жақсы таниды, әр шығармасын біледі деп ойлаймын және соған сенемін. Сұлтанның кітаптары балалар ктіпханасының, мектеп кітапханаларының ең бай қазынасы болды деп айтар едім. Республикалық «Ұлан» газетін оқыған балалар Сұлтанды жақсы білді. Сұлтанның ғажайып өлеңдерін оқыған әр баланың ой-өрісі кеңи түсті десем, қателеспеймін. Олар өмірді жақсы түсінуге, өлеңнің ізгі қасиеттерін сезінуге дағдыланды. Біздің Сұлтан балалар жанын рухани тұрғыда байытты, толықтырды. Айналып келгенде ақынның қоғамға тигізетін пайдасы көп, ұшан-теңіз. Сондай пайдалы ақынның бірі – Сұлтан Қалиев.
Біздің буын кеңестік кезеңде өміріміздің көп бөлігін сүрдік. Сол уақытта жүз қойдан 100 қозы алды деп қойшы біткен мақталатын. Бір сиырдан тәулігіне 10 литр сүт сауды деп сауыншыны, гектарына 500 центнер тәтті түбір жинады деп қызылшашыны кәдімгідей мақтайтын. Олардың еңбегі нақтылықпен өлшеніп тұрды. Ал сіз ақынның, балалар ақынының қоғамға сіңірген еңбегін өлшеп көріңіз. Литрмен бе, әлде килоға тартасыз ба? Ойланыңыз. Кітап саны да, оқырманның көптігі де қаламгердің еңбегіне нақты өлшем бола алмайтыны анық қой. Ақынның еңбегі оқырманның жүрегіне жетуімен өлшенуі тиіс. Бір ғана ақын жүздеген адамның жүрегін жаулай алса, бұл – талант. Ақын қашанда елдің рухын көтереді. Батыр Баукең айтқандай, жан азығын береді. Ұстаздық та оқушының санымен емес, балаға берген білімімен өлшенеді. Суретшінің де еңбегі жүрекке әсер етуімен өлшенсе керек. Басқаны білмедім, өз басым осындай критерийлер негізінде бағалағанды құп көремін.
Сұлтан көптеген талантты жастарды тәрбиеледі. Өмірді сезініп көрмеген жастардың қоғамға кірігуіне біркісідей әсерін тигізді. Өмірді бұлақ суындай мөп-мөлдір деп ойлайтын балалардың былғаныштау қоғамнан өз орындарын адаспай табуларына аса зор үлес қосты. Оған ешкімнің таласы жоқ. Балалар әдебиетіне өлшеусіз еңбек сіңіріп, Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына адал қызмет еткен қаламгерлер көп емес. Соның бірі және бірегейі – Сұлтан Қалиев.
Біздің Сұлтанның жүректерге от берген туындылары қашанда өзінің маңызын жоймайды деген ойдамын. Өйткені оның жүрегінде тазалық бар еді.

Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы, облыстың
Құрметті азаматы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support