- Advertisement -

Кәсіпкерлік ісі дамытылуына қолдау мол

44

- Advertisement -

«Даму» қоры мемлекеттік қолдаудың жан-жақты және тиімді құралдарын енгізу арқылы еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы бірегей мемлекеттік қаржы институты болып табылады.

Мекемеміз мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті қолдауға арналған негізгі қаржы қаражаттарын ұсыну әлеуетіне ие. Атап айтқанда, мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы», өңірлік «Береке» бағдарламаларын қаржыландыруды жүзеге асыруда.
Осынау қаржылық құрылымның өңіріміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының ісі өрге басуына қосқан үлесі айрықша елеулі. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында жеке кәсіпкерлік субъектілеріне несие бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және несиелерді ішінара кепілдендіру құралдары бойынша қаржылық қолдау көрсетіп, сондай-ақ олардың бизнесжобаларын қаржыландыру мақұлданғанға дейін кеңес беру қызметтері түрінде қолдау көрсетіп келеміз. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы бері облыстағы 800-ден астам кәсіпкер біздің қолдау, көмегімізге арқа сүйеді. Оның ішінде 2010 жылдан бастап, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығын қоса алғанда жалпы несие сомасы 100 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын барлығы 889 жоба субсидияланды. Осы жобалар бойынша «Даму» қоры тарапынан субсидия ретінде төленген қаржы 9 миллиард теңге көлемінде. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы несие сомасы 3,4 миллиард теңгені құрайтын 73 жоба субсидияланып, 529 миллион теңгеден астам қаржы субсидия ретінде төленді.
Аталмыш бағдарламаның кепілдендіру тетігі бойынша 2010 жылдан бері осы күнге дейін барлығы 369 жоба қор тарапынан кепілдендірілді. Бұл облыс кәсіпкерлерінің 11 миллиард 900 миллион теңге көлемінде несие алуларына мүмкіндік берді. Осы ретте «Даму» қорының берген кепілдіктерінің жалпы сомасы 4,3 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде, ағымдағы жылдың алты айында жалпы несие сомасы 1 миллиард 447 миллион теңгені құрайтын 40 кепілдендіру шартына қол қойылды. Бұл тұрғыда қор тарапынан есептелінген кепілдіктердің жалпы сомасы 435,6 миллион теңге көлемінде болды.
Бағдарламаның қаржылай емес қолдау құралы бойынша атқарылған жұмыстар да ауқымды-ақ. Осыдан алты жыл бұрын кеңес беру қызметтерін көрсету үшін «Даму» қоры жанынан кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылған болатын. Мұнда қор бағдарламалары ғана емес, сонымен қатар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдарының да мемлекеттік қолдау құралдары бойынша кеңестер беріледі. Осылайша, орталық ашылғалы бері кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік әлеуеті бар тұрғындарға 21 мыңнан астам кеңес беріліп, оның 1000-нан астамы ағымдағы жылы орын алды. Бүгінгі күні орталық «Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту» бөлігі шеңберінде білім алуға 108 кәсіпкерді «Назарбаев Университетіне» жіберді, оның 3-еуі биыл жолданды. Сондай-ақ қазіргі таңда осы оқыту ісіне 16 кәсіпкер өтінім беріп, олар қыркүйек айында оқуға жіберіледі деп жоспарланып отыр.
Оған қоса, бізде кәсіпкерлікті қолдаудың ықшам орталығы да жұмыс істейді. Ол халыққа кеңес беру қызметтерін көрсету мақсатында өңірлерге шығуға арналған арнайы автобус түрінде жарақтандырылып отыр. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалді инновациялық дамыту басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының келісіміне сәйкес ықшам орталықтың ай сайын дерлік аудандарға шығып, кәсіпкерлерге қызмет көрсетуі қамтамасыз етілуде.
Елбасының «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру тапсырмалары 2018 жылдың желтоқсанында Үкімет қабылдаған индустрияландырудың үшінші бағдарламасының тұжырымдамасында ескерілгені белгілі. Басым жобаларды несиелеу тетігі бағдарламасы да осы жылдан бастап іске асырылуда. Оны іске асыру кезінде «Даму» қоры кредиттер бойынша сыйақы ставкасын субсидиялау және кредиттерге ішінара кепілдік беру құралдары бойынша жеке кәсіпкерлік нысандарына қаржылай қолдау көрсете отырып, қаржы агенттігінің міндетін жүзеге асырып келеді.
Облыста бұл бағдарлама бойынша биыл жалпы несие сомасы 191 миллион теңгені құрайтын 4 жоба мақұлданды. Оның 3-еуі бойынша субсидиялау шарттары түзілді. Субсидиялау шарттары түзілген жобалар бойынша жалпы несие сомасы 61 миллион теңгені құрап отыр. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 16 шілдесінен бастап соңғы қарыз алушы үшін сыйақы ставкасы жылдық 6 пайызға дейін төмендетілетін түзетулер күшіне де енді.
Ал «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылы іске қосылғаны баршаға мәлім. Осы бағдарлама шеңберінде «Даму» қоры республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражатты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен стартап-жобаларды несиелендіру үшін екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдарға орналастыратын қаржы операторының міндетін де қоса атқаруда. Облыста бұл бағдарлама Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында да жүзеге асырылу үстінде.
Бағдарлама бойынша былтыр 1 миллиард 232 миллион теңге бөлініп, бұл қаражатты «Даму» қоры екінші деңгейлі 6 банкке орналастырған болатын. Бүгінде, осы бөлінген қаражат 99 пайыз көлемінде игерілді. Нәтижесінде 109, оның ішінде Тараз қаласы бойынша – 99, Қаратау қаласы бойынша – 6, Жаңатас қаласы бойынша – 4 жоба несиелендірілді. Ал, ағымдағы жылы осы бағдарламаны іске асыру үшін 1 миллиард 036 миллион теңге бөлінді, бүгінгі күні оның 550,0 миллион теңгесі «Сбербанк», «Қазахстан Халық Банкі», «Forte Bank» АҚ ы екінші деңгейлі банктеріне бөлініп берілді. Қалған қаржы сомасы игерілуіне қарай орналастырылатын болады.
Ал өңдеуші өнеркәсіп саласында жұмыспен қамтылған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау бағдарламасы 2014 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан барлығы 200 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген болатын. Аталған қаражатты «Даму» қоры өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жеңілдік шарттарымен несиеге беру үшін екінші деңгейдегі банктерге орналастырған болатын. Бағдарлама қаражаты есебінен 19 миллиард теңге облыс кәсіпкерлерін қаржыландыруға жұмсалды, нәтижесінде 56 кәсіпкер қолдауға ие болды. Оның ішінде 12-сі ағымдағы жылдың алты айында жалпы несие сомасы 587,2 миллион теңге сомасында қаржы алды.
Жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалардан тыс жеңілдетілген қаржыландыру көлемін ұлғайту мақсатында облыс әкімдігі мен «Даму» қоры бірлесе әзірлеген тепе-теңдік негізде қаражат бөлуді көздейтін «Береке» өңірлік бағдарламасы 2016 жылдан бері жүзеге асырылу үстінде. Сол жылы 500 миллион теңгеге алғашқы қаражат пулы құрылып, оның жартысы облыс әкімдігі, жартысы «Даму» қоры тарапынан бөлінді. Бұл қаражат «Қазкоммерцбанк» және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ларына орналастырылып, нәтижесінде бағдарлама аясында 14 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Аталмыш тараптар 2017 жылы қаражат пулын 1 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты. Өңіріміздегі екінші деңгейдегі төрт банкке орналастырылған бұл қаражат есебінен 40 кәсіпкердің жобасы қаржыландырылуы мүмкін болды. Былтыр бағдарлама қорына 1,5 миллиард теңге мөлшерінде қаражат жинақталды. Қазіргі уақытта бөлінген қаражаттың 1 216 миллион теңгесі игерілді, оның есебінен 45 кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бұл бағдарлама биыл да жалғасын табуда.

Бақытжан ИСАҚОВ,
«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ы облыстық филиалының директоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support