- Advertisement -

Отбасы саламаттылығы: қамқорлық қандай?

101

- Advertisement -

Кім-кім үшін де отбасы – алғашқы тәрбие бесігі. Отбасының міндеті жөнінде Ата Заңымызда «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп айрықша атап көрсетілгені белгілі. «Қазақстан-2030» бағдарламасында ел болашағы – жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, бәсекеге қабілетті азамат етіп қалыптастырудың маңызды екені жазылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң» мен «Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасына ұл-қыз тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан-ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті.
Жалпы бала тәрбиелеу ісінде арнайы шарт жасаудың тіпті де қажеті жоқ. Тек қана ата-ана мен отбасы мүшелері тарапынан дұрыс, инабатты, адамгершілік әдебі сақталған қарым-қатынас болса жеткілікті. Ең бастысы болашақ ұрпақтарымыздың сау-саламатты болып өсіп, жетілуіне әрбір әке-шешесі айрықша назар аударып отыруға тиіс.
Облыстық «Ана мен баланы аялау» орталығының негізгі міндеттерінің бірі де осы. Мұнда шалғай ауылдық жерлердегі, әлеуметтік жағдайы төмен және көп балалы отбасыларындағы жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығы оңалтылып, нығайтылады. Әсіресе ана мен баланы бір-бірінен алшақтатпай, мейлінше қолайлы психоэмоциялық тыныштық жағдайында емделуіне мүмкіндік бар. Сондай-ақ дәрігерлік, әлеуметтік және экономикалық мәселелердің дер кезінде шешілуі де қарастырылған.
Біз негізінен аурудың түрін, жүкті әйелдердің, 18 жасқа дейінгі балалар мен балаға күтім жасайтын аналардың жасы мен жеке ерекшеліктерін ескере отырып, денсаулықтарын қайта қалпына келтіру үшін заманауи емдік-сауықтыру шараларының толық кешенін жүзеге асырамыз. Орталықта ата-аналар мен балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, табиғи және физикалық емдік факторларды қолдана отырып ағзаны шынықтыруға, ағзаның бейімделу және иммундық мүмкіндіктерін ынталандыруға басымдық берілген.
Біз перинаталдық орталықтармен және басқа да облыстық, қалалық емдеу ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Мұнда сауықтырылуға экстрагениталдық және акушерлік патологиясы бар, тууға қабілетті 15-49 жас аралығындағы әйелдер, оның ішінде есепке тұрғаннан бастап жүктілік мерзімі 32 аптаға дейінгі жүкті әйелдер арнайы жолдамалармен келеді. Ал жолдаманы жергілікті жерлердегі емханалар дәрігерлері береді. Сауықтыру кезеңі – 20 күн. Мұндағы орын саны 150 төсектік болса, оның 70-і – жүкті әйелдерге, 80-і – балалар бөлімшелеріне тиесілі.
Орталықта толыққанды реабилитациялық ем алу және демалу үшін барлық жағдай жасалған. Екі адамға арналған жайлы бөлмелер, балалардың ойын және релаксация бөлмелері – барлығы да емделушілердің денсаулығына жағымды әсер етеді. Мекеменің ғимараты Талас өзенінің жағасына орналасқан, айналасы көкжелекпен көмкерілген. Емделушілерге тәулігіне 5 рет үйлестірілген, құнарлы, дәрумендері мол емдәмдік тағам беріледі. Жыл бойы көкөніс пен шырын, ал жаз бен күз мезгілдерінде жеміс-жидек үзілмейді. Мұнда физиоемдеу, емдік дене шынықтыру, уқалау, ин-галяция, мануалдық, оттегілік коктейль және оттегілік, сумен емдеу (бұлау, су асты уқалау), клиникалық зертхана, тұзды шахта, жүкті әйелдерге арналған релаксотерапия (релакс-ұйқы) бөлмелері, диагностикалық және емдеу бөлімшелері жұмыс істеуде.
Тағы да ескертеміз, бұл – жүкті әйелдер мен балаларды тәулік бойы сауықтыру ісімен айналысатын еліміздегі бірден-бір орталық. Ананың амандығына жас ұрпақтың сау-саламат өсіп жетілуі мәселесінде жақсы көмекші, тәрбиеші, сенімді әрі жайлы орта. Емделушілердің қай-қайсысының да денсаулығына аса зор мән беретін өңірдегі осынау бірегей сауықтыру орны ұлт болашағы үшін бұдан әрі де жемісті еңбек ете беретін болады.

Динара КӘРІБАЕВА,
облыстық ана
мен баланы аялау орталығының бас дәрігері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support