- Advertisement -

Халықтың дені ауылда тұратындығы – біздің үлкен мүмкіндігіміз

57

- Advertisement -

Әр азамат өзінің тұрмыс жағдайын жақсартудың оңтайлы жолы еңбек екенін жақсы біледі. Бірақ жасыратыны жоқ, көпшілігі істің көзін тапқанымен, қалтасы таяз. Жоспар-жобасы қолдау таппаған соң, әлденені ұқсатуға ынтасы да жоқ. Ықылас-ниеті де болған шығар-ау, шағын несие беретін қаржылық ұйымдар мен банктердің, әкімдіктердің табалдырығын тоздырып, бюрократтық мінез-құлықтан шаршап, қолды бір сілтеуі де мүмкін. Ендігі тал қармайтын үміті не?
Жұртшылықтың қалайда атаулы әлеуметтік көмекті алып қалуға тырысқан ұмтылысының бір сыры осы секілді. Әлеуметтің көңіл-күй ауанын дөп басып, жағдайды тереңірек саралаған өңір басшысы әр ауылдық округтегі елді мекендерді түгел аралап, тұрғындардың тұрмыс ахуалымен танысып, ауылдағы ағайынның табысын арттырудың жаңа жобасын ұсынды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сай әзірленген барлық деңгейдегі әкімдер мен оның орынбасарларының жұмыс алгоритміндегі талап та – осы. Рас, еңбекке қабілетті әр азаматтың қандай іске бейім екенін анықтап, шаруасын дөңгелетіп әкетуіне мүмкіндігінше қолдау көрсету үшін жүйелі жоспар қажет. Оның тетігін табу керек. Жамбыл жерінде пилоттық режімде бастау алған жұмыстың жаңа жүйесінің ерекшелігі де сонда.
Асқар Исабекұлы қолға алған осы жаңа жоба депутаттар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақовтың төрағалығымен өткен кезектен тыс отыз жетінші сессияда экономиканың әр саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берген өңір басшысы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту екенін баса айтты.
– Жаңа сайланған Республика Президенті өзінің ұлықтау рәсімінде де және кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселені ерекше атап өтті. Біз, облысымызда осы мақсатқа қол жеткізудің жолдарын, тетігін анықтадық. Өңірде 1 миллион 125 мың адам тұрады, оның – 680 мыңы, яғни 60 пайызы ауылда. Енді халықты барынша қамту әрі осы мәселені тиімді шешу үшін не істеу керек? Айқын болған дерекке жүгінсек, қолданыстағы бағдарламалар жылына орта есеппен 35-37 мың адамды ғана қамтиды.
Бір айта кететіні, халықтың дені ауылдық жерде тұратындығы – ол біздің үлкен мүмкіншілігіміз. Себебі әрбір ауылдық аула, шын мәнінде – табыс көзі. Облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 43 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі екендігі – соның бір дәлелі. Ал сүт пен еттің 60 пайызы үй іргесіндегі малдан өндіріліп отыр. Кейбір аулалардың табысы айына 500 мың теңгені құрап, жылына 4-6 миллион теңгені құрайды. Бұған шаруалар мемлекеттік қолдаусыз қол жеткізген. Қажетті қолдау көрсеткен жағдайда, табыс ұлғая түсетіні анық, – деді Асқар Исабекұлы.
Облыста алты айда атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтарлықтай. Денсаулық сақтау саласында серпіліс байқалады. Білім және тәрбие беру ісінде де ілгерілеушілік бар. Кәсіпорындар да жұмыс орнын сақтау үшін өндірілетін өнім көлемін арттыруға ұмтылуда. Ал аграрлық саладағы шағын шаруашылықтар мен орта бизнесті дамытудың бір тетігі – жаңа жоба болмақ.
Жиында депутаттар қолға алынған жаңа бастамалардан қандай нәтиже күтілетінін сұрады. Көптің көңілін алаң еткен сауалдың бірі – шаруаларды қолдау үшін құрылатын кооперативтердегі мемлекеттің үлесі қанша және оған құйған қаржы қайтарымды бола ма? Асқар Исабекұлы бұл бастаманың қайтарымы бірден бола қоймағанымен, қосалқы шаруашылығы арқылы табыс тауып отырғандарға үлкен қолдау әрі тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартудың тиімді жолы екенін айтып өтті.
Соңғы уақытта Жамбыл ескерткішіне қатысты мәселе әлеуметтік желіде екіұдай көзқарас қалыптастырғаны белгілі. Бұл тақырып сессияда да қозғалды. Облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықов өңір басшысының пікірін сұрап, дау-дақпыртқа нүкте қоятын уақыт жеткенін айтты. Асқар Мырзахметов мән-жайға кеңірек тоқталып, нақты жауап берді.
– Облысқа есімі берілген ақын Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне қатысты мұндай мәселе туындамауы тиіс еді. Жыр алыбының ескерткіш-мүсіні орталықта, облыс әкімдігі ғимаратының алдында тұрса, керісінше жарасымды емес пе?! Бірақ жұмсақ айтсақ, мынадай әңгімені әдейі қоздату біреулерге керек секілді. Біз ескерткішті лайықты орынға ауыстыру үшін алдымен сол алаңды дайындадық. Көшіру кезінде ескерткіштің біраз бөлігі бүлінгені анықталды. Бұл туралы арнайы сарапшы мамандардың шығарған қорытындысы да бар. Сондықтан тура осы үлгідегі жаңа ескерткіш дайындау туралы шешім қабылданды. Бір айта кететіні, түрлі алып-қашпа сөз, түсінбестік туындамас үшін осы іске демеушілерді тарттық. Ал ескісін қоқысқа лақтырып тастаған жоқпыз. Ол арнайы орында сақтаулы. Оны екі жерге қою көзделуде. Бірінші нұсқасы – алдағы уақытта «Шахристан» аумағынан жаңа Руханият орталығы ашылады, сол жерден Жамбыл атындағы музей ашып, алғашқы ескерткішті сонда жәдігер ретінде сақтау. Ал екіншісі – ондағы жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстары аяқталғанда Алматыдан Жамбыл облысына кіретін тұсқа орнату. Бұл ұсыныс та орынды. Себебі Жамбыл ақын – қос өңірге ортақ, – дей келе Асқар Исабекұлы жақында ақынның шөбересімен кездескенін, оның ескерткіш лайықты орнын тапқанына риза болғанын сөз етті.
Иә, біткен іске сыншы көп болатыны бесенеден белгілі. Дегенмен депутаттар өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға шынайы бағасын берді.

облыс әкімі Асқар мырзахметовтің өңірдің 2019 жылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі

Экономикадағы оң динамика
дамуға бастайды

Алғашқы жартыжылдықта облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Экономиканың өсімі – 103,8 пайыз. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 12,7 пайызға артты. Осы орайда бюджеттен тартылған инвестиция азайып, жеке сектордың үлесі көбейіп жатқанын айта кету керек. Есепті кезеңде 17 миллиард теңгеге 7 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін 46 миллиард теңгеге 9 жоба іске асырылады. (2 жоба 32,2 миллиард теңгеге шетел инвесторларының қатысуымен атқарылады – «Сафлор майын шығару зауытын кеңейту» «Kaz-ir Agro» ЖШС (Иран); «Күн электр стансасының құрылысы мен пайдалануы» «M-KATGREEN» (Франция)).
Бөлшек сауда 104,3 пайызды көтерме сауда 109,8 пайызды құрады.
Инфляция деңгейі (2018 жылдың желтоқсанына) 102,3 пайыз, бұл республикалық орта көрсеткіштен төмен (ҚР – 102,6 пайыз). (Азық-түлік тауарлары бойынша тұтыну бағалары – 105,3 пайыз (ҚР – 105,9 пайыз), азық-түлік емес тауарлар – 101,8 пайыз (ҚР –102,2%), ақылы қызметтер – 99 пайыз (ҚР – 99,1 пайыз).
Ауыл шаруашылығының өнімі 103,8 пайыз 2 мың гектарға артып, 670 мың гектарға жетті. Егін ору өткен жылдан 60 пайызға жоғары (2018- 39,5 мың гектар, 2019-64,7 мың гектар).
Өткен жылы құрылған механиалық жасақ 99 шақырым каналдарды тазалап (27 канал, 5 су қойма), 6,6 мың гектар суармалы жерді қалпына келтірді.
Былтыр республика бойынша экспортталған қой етінің 43 пайызы (1,6 мың тн) облысқа тиесілі болған. Биыл бұл меже көбейтіліп, 6 айда 500 тонна ет экспортталды, бұл республикадағы көрсеткіштің 30 пайызын құрап отыр.
Ет экспортының артуына байланысты биыл арпа да 27 мың гектарға артық егілді.
Қант өндірісін дамыту үшін тәулігіне 8 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін қант зауытының құрылысы тамыз айында басталады («Qyzylsha» ЖШС-мен іске асырады). Жоба арнайы экономикалық аймақта салынбақ.

Биыл да қоныс тойы үзілмейді

Құрылыс көлемі 12,4 пайызға өсіп, 226 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 6,2 пайызға артты. Оның ішінде 260 пәтер көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасыларына берілді. Бұдан басқа, демеушілер есебінен 24 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үй кезегі жеткенге дейін жатақханамен қамту үшін 8 нысанның құрылысы басталды. Жеке тұрғын үй құрылысына 2877 жер телімі беріледі. Бұдан бөлек, тек электр қуатын тарта отырып 17 алқапта 3722 жер телімін беру қарастырылуда. Есепті кезеңде «7-20-25» бағдарламасы аясында 320 адам өтініш беріп, 173-і қолдау тапты. 144 азаматқа 1 миллиард теңгеге несие рәсімделді.
Тағы бір айта кететіні, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 30 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, 28-і жыл соңына дейін тапсырылады (9 үй арендалық).
Сонымен қатар 14 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.

Отын – олжа, су қорлығынан құтылдық

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 50 жоба іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Соның бірі – көптен өзекті болып келген «Меркі-Шу-Бурылбайтал» көлік жолының құрылысы.
Жалпы 600 шақырым жергілікті автожолдар мен көшелер жөнделуде (16,2 шақырым жаңа жол салынып, 6,2 шақырым қайта жаңғыртылып, 30 шақырым күрделі және 550 шақырым орта жөндеуден өтеді). Оған республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде «қанағаттанарлық жергілікті автожолдардың үлесі» 85 пайызға жетеді. Былтырғы көрсеткіш – 80,1.
Газға қатысты айтсақ, 5 ауданда 81 елді мекенді (101 мың адам) газдандыру жұмыстары басталды (жыл соңына 9 елді мекенде жұмыстар аяқталады). Бұдан бөлек, бюджеттік бағдарламаларды тоспай мердігермен тікелей келісімшарт арқылы газ тарту мәселесін қарастырып отырмыз. Бұрын бір аулаға шаққандағы жұмыстың құны 470 пен 650 мың теңге аралығында болатын. Екі коммуналдық мекеме – «Жамбыл жылу», «Темір жол жылуға» арнайы лицензия алып беріп, бұл бағаны 300 мың теңгеге дейін түсірдік. Осының нәтижесінде қосымша 32 мың тұрғынға «көгілдір отын» қолжетімді болады.
Жүргізілген талдау-саралау жұмыстарының арқасында орталықтандырылған ауызсумен қамтылған 199 елді мекенде су құбыры бола тұра, 130 мың адамның үйіне су жеткізілмегені анықталды. Қолға алынған нақты шаралардың нәтижесінде алты айда 34 мың адам таза ауызсуды тасып ішпейтін болды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы да 30 мыңға артады. Бұл да коммуналдық мекемемен бірлесіп атқарып жатқан жұмыстың жемісі. Бұған қоса, бюджет бойынша 18 елді мекенге су құбырлары жүргізілуде, оның 10 жобасы іске қосылады (қамту үлесі 56 пайызға жетеді).

Ұлттық қордан әлеуметтік
салаға қаржы бөлінеді

Облыс бюджетінің кірісі өткен жылдан (2018 жылы 251,2 миллиард теңге) 51,6 миллиард теңгеге (20 пайыз) артып, 302,8 миллиард теңгеге жетті. Бүгінгі нақтылау барысында Ұлттық қордан әлеуметтік салаға қосымша 9,2 миллиард теңге бөлініп отыр.
Облыстың даму бюджеті өткен жылдан (2018 жылы 43,6 миллиард теңге) 11,5 миллиард теңгеге артып 55,1 миллиард теңгеге жетті (тұрғын үй, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар мәселесін шешуге).
Жарты жылдың қорытындысында бюджеттік кіріс 103,9 пайызға, меншікті кіріс 119,5 пайызға (32 миллиард теңге) орындалды. Бюджет 99,6 пайызға игерілді.
Әлеуметтік салада 1 қаңтардан бастап жалақысы 25 АЕК-тен (63 мың теңгеден) төмен 93 мың қызметкердің (47,3 мың адам бюджет саласы) салықтық жүктемесі 10 пайыздан 1 пайызға төмендеді.
Ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге (28 мың теңгеден 42 мыңға дейін) өсіп, бюджеттік мекемелердегі 32,6 мың қызметкердің және 4531 (барлығы 8781) жеке сектордағы 70 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы (44,2 мың теңгеден 53,6 мыңға 21,2 пайызға) артты. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 17 мыңға жуық адам қамтылды, 13 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты (тұрақты – 6,3 мың). Есепті кезеңде 9264 жаңа жұмыс орны ашылды (жоспар – 12147). Бұл жоспардың 76 пайызын құрайды.
Шағын бизнес бастамаларын іске асыру үшін 1783 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант беруге 890 миллион теңге (200 АЕК – 505 мың теңгеден) бөлінді. Оның 309 миллион теңгесі 611 көпбалалы отбасына қарастырылды.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2,2 есе өсіп, 32 мың отбасын құрады (162 мың адам, 2018 жылы 15 мың отбасы – 74,5 мың адам) (6,7 миллиард теңге төленді, жыл соңына дейін 21,2 миллиард теңге төленуі қажет).
Өңірде үш ауысымды
мектеп болмайды

Білім саласында 15 жеке меншік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Нәтижесінде 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесі 98,6 пайызға жетті. Жыл соңына дейін әлі 12 балабақша ашылатын болады. 12 білім нысанының құрылысы жүргізілуде, бүгінгі нақтылауда қосымша 5 мектептің құрылысын бастауға қаржы қарастырылды. Нәтижесінде облыстағы 4 апатты, 1 үш аусымды және орын тапшылығы бар 5 мектептің мәселесі шешіледі. (Қалған 2 апатты мектеп мәселесі 2020 жылы шешіледі, биыл 3 ауысымды мектеп жойылады)
Бірыңғай ұлттық тест нәтижесі орташа 90,7 баллды құрады, бұл былтырғымен салыстырғанда 1,3 баллға жоғары (2018 жыл – 89,4).
Мектептегі 28 мың баланың ыстық тамағына қосымша 305 миллион теңге бөлініп, 2 миллиард теңгеге, 21 мыңнан аса баланың киім-кешегі және кеңсе тауарларын алуға 410 миллион теңге қарастырылып, 700 миллион теңгеге жетті.
Әлеуметтік санаттағы 75 мың баланы жазғы сауықтыру лагерімен қамтуға 314 миллион теңге бөлініп отыр. Жалпы меже 213 мың бала, сонымен бірге, Арыс қаласының 223 баласы облыстың сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалысын өткізуде. Колледждерде грантқа 13 мыңнан астам студент тегін білім алуда, оның 50 пайызы (6081) көпбалалы және аз қамсыздандырылған отбасынан (2,1 миллиард теңге оқуға, 1,1 миллиард теңге – стипендия, 600 миллион теңге тамақтануға).

«Көмек» жүйесінің көмегі көп

Денсаулық саласында биыл қалып отырған 65 елді мекенді алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандармен қамту мәселесі 100 пайызға шешіледі.
Облыстағы өлім-жітім көрсеткіші (облыс – 6,78 промиль) республикалық орташа көрсеткіштен (7,39 промиль) төмен. Оның ішінде ана өлімі де төмендеп отыр.
Жедел медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту үшін 44 санитарлық автокөлік сатып алынуда. Тараз қаласында жедел жәрдем қызметін бағалайтын «Көмек» ақпараттандыру жүйесі енгізілді, аудандарға 1 тамызға дейін енгізіледі.

2 мыңға жуық еріктілер
дерекқоры жасалды

Жастар жылына орай Тараз қаласында «Жастар аллеясы» ашылды. Онда бірнеше нысандар бой көтерді. Оның бірі – «Жастар қабілет орталығы».
Биыл облыста «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы қолға алынды. 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалды. Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылды. (Аталған дүкендер 977 отбасына 4 тоннаға жуық киім-кешек үлестіріліп, 609 отбасына 3,2 миллион теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетілді.)
Бүгінде өңір азаматтары «Қамқордың» 30 мүшесі Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарына да көмек көрсетуде.
Биыл жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін облыстық бюджеттен 300 миллион теңге, ал республикалық бюджеттен 166 миллион теңге грант бөлініп, 466 жастың құжаты қаралуда.
Осы жылы 11 мың жасты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, есепті кезеңде бұл көрсеткіш 7 мыңға жуықтап, 62 пайызға жетті. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 344 маманға 61 миллион теңге көтерме жәрдемақы, 123 маманға тұрғын үй сатып алуға 445 миллион теңге несие берілді.

Спорт саласында да жетістігіміз аз емес. Облыстың 893 спортшысы ұлттық құрама командасының сапына қосылды. Жартыжылда халықаралық және республикалық жарыстарда 267 алтын, 196 күміс, 233 қола медальдарды жеңіп алды. Атап айтсақ, дзюдодан Елдос Сметов Анталия және Будапешт қаласында өткен әлемдік гран-при турнирінің жеңімпазы атанса, Неаполь қаласында өткен универсиада ойындарында Қырықбай Ғалымжан алтын медальді иеленді.
Жастар стадионы күрделі жөндеуден өткізілуде.Таразда 3 дене шынықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Тұрғындардың спортпен шұғылдануына аулаларда және саябақтарда биыл 210 спорт алаңшасын салу жоспарланса, бүгінге оның 25-і қолданысқа берілді. (Тараз қаласы – 5, Байзақ ауданы – 5, Жамбыл– 2, Қордай – 1, Меркі – 3, Сарысу – 2, Талас – 1, Т.Рысқұлов – 3, Шу ауданы – 3)

Кітапханаларда цифрлық
орталық бар

Ауылдық кітапханалар базасында 119 «Цифрлық ақпараттық орталығы» ашылды. Онда арнаулы сайт арқылы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына қажетті 13 сала бойынша ақпараттар және (білім беру, ауыл шаруашылығы, спорт, жұмысқа орналастыру және тағы басқалары) мемлекеттік қызметтер алуға мүмкіндік жасалды (мекен-жай, зейнетақы аударымдары туралы анықтама, неке туралы өтініш, балабақшаға кезек, жылжымайтын мүлік, азаматтың соттылығының немесе соттылығының жоқтығы туралы анықтама). Жыл соңына дейін интернеті бар барлық ауыл, округ кітапханаларында осындай орталықтар ашылады.
Жамбылдың туған күніне орай өткен жылы басталған республикалық ақындар айтысының деңгейі көтерілді. Оған қоса таланттарды іріктеу ауыл округінен басталып, аудандардан 90 үміткер, оның ішінен үздік деп танылған 31 ақын облыстық кезеңге қатысты. Нәтижесінде республикалық сайысқа қатысқан 8 ақынның бірі – жерлесіміз Қанат Мырзаxан бас жүлдені (автокөлік) иеленді.
Сол сияқты «Әулиеата бояулары» атты І халық шығармашылығы фестивалі ұйымдастырылды. Оған аудандардан 300 үміткер қатысып, 134-і облыстық кезеңге жолдама алды. Үздік деп танылған 60 сурет (картина), 100 фотосурет және 15 қолөнер бұйымдары Шахристанда жаңадан ашылатын галерея, көрме залын толықтыратын болады.
Биыл көптомдық кітаптар шығару бағытында жұмыстар жүргізіліп, «Тарихи танымдылық» бағыты бойынша 15 том, шығармашылық бағыты бойынша 35 том материалдар жинақталды. «Электрондық архив» жүйесі орнатылды.
«Талас толқындары» атты І облыстық музыкалық өнер фестивалін ұйымдастырудамыз. Оның аясында қобызшылар және ән, би, эстрада орындаушыларының конкурсын өткіздік.
Туризм саласына инвестиция тарту бойынша 12 арнайы туристік бағыттар айқындалған іс-шаралар жоспары әзірленді (2-еуі Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары аумағы арқылы өтетін «Жаңа Жібек жолы» экспедициялық бағыттары).

Туризм – табыс көзі

«Қаралма» тау-шаңғы базасы жобасы жүзеге асырылуда. «Төрткүл» керуен сарайында «Көне Тараз шеберлері» жобасы қолға алынды. Тараз қаласы және қала аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер бағытында тегін қызмет көрсететін туристік 2 автобус іске қосылды (5 ай бойы сенбі, жексенбі, мемлекеттік мейрам күндері тегін 2 автобус жұмыс ісейді).
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы 11 бағыт бойынша 78 жоба ретінде жүзеге асырылуда (білім беру, денсаулық сақтау, инклюзивті қоғамдағы өмір, ТКШ, көлік, қауіпсіздік, бизнесті дамыту, АӨК, құрылыс, таза қаладағы өмір және қаланы басқару). Облыс мектептері интернет желісіне 100 пайыз (446 мектеп) қосылған. Мектептерде «Bilimland» цифрлық білім беру қоры 100 пайызға, «Күнделік» электрондық журналы 98 пайызға енгізілген. Робототехника кабинеттерімен мектептерді жабдықтау, жоспарға сәйкес 50 пайызға жеткізіледі.
Облыста (5260 адам) медициналық қызметкерлер компьютерлермен 100 пайыз жабдықталған. Тұрғындарға медициналық қызметтерді алу үшін «Мобильдік қосымша» құрылды (жыл соңына дейінгі жоспар 30 пайыз). Барлық орталық және аудандық ауруханаларда «Е-Kezеk» электрондық кезегі енгізілді.
«Ауыл – ел бесігі» жобасына (Байзақ– а. Сарыкемер, Жамбыл–а. Аса, Шу–а.Төле би) 3 миллиард теңге бөлінді. 108 жоба іске асырылуда. Жоба аясында Төле би, Аса ауылдарында спорт сауықтыру кешенінің және Төле би ауылында Мәдениет үйі мен аудандық емхана құрылысы басталып, 104 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыс орталығын көркейту мақсатында жұмыстар жалғасуда. «Жеңіс» саябағында «Даңқ залы» мен «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы пайдалануға берілді.
«Шахристан» тарихи-мәдени кешенінде 6 жобаның құрылысы жүргізілуде («Руханият» орталығы, «Қолөнер шеберлерінің галереясы», «Көркемдік-бейнелеу өнері галереясы», «Өлкетану мұражайы», «Көрме павильоны», «Ретро-фестиваль» амфитеатры»).
Тараз қаласындағы 128 көшеде 35 шақырым полиэтилен құбырларын салу жұмыстары 78 пайызға аяқталды. Такенова, Ташкентская және Фазлаева көшелерінде асфальт жабындысын қалпына келтіру жұмыстары, жылумен қамту жүйелерін жаңарту үшін 10 шақырымды құрайтын М-4 және М-2 жылу магистралін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Қаладағы 55 көше мен 85 бұрылыстың орташа жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге бөлініп, қоғамдық көлік қатынайтын 83 көшеге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді (22,6 мың шаршы метр). Барлық мөлтек аудандардағы және көп қабатты үйлердің ішінара кірме жолдарын ағымдық жөндеу үшін облыстық бюджеттен 310 миллион теңге бөлінді (71 мың шаршы метр, мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылуда). 99 қиылыстағы жол белгілері мен бағдаршамдардың бағаналары ауыстырылды.

Мектеп инспекторлары есеп береді

Есепті кезеңде жалпы қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі 9,2 пайызға төмендеген. Соның ішінде мал ұрлығы 26,9 пайызға (160-тан 117-ге) төмендеп, ашылу көрсеткіші 83,3 пайызды (2018 жылы 6 ай – 51,9 пайыз) құрады. Жыл басынан мал ұрлығымен кәсіби түрде айналысып жүрген 14 топтың қылмыстық әрекеттері әшкереленді.
Мектеп инспекторларының жауапкершілігін көтеру мақсатында олардың ай сайын ата-аналар комитетінің алдында есеп беру жүйесі енгізіліп, ережесі бекітілді. Полиция департаментімен білім басқармасы арасында бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді. 6 айда мектеп инспекторлары қамқоршылық кеңестерінде, ата-аналар комитетінде есеп берді.

Ырыс та, береке де ауыл мен аулада

Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі халықтың табысын көтеріп, тұрмысын жақсарту болып отыр. Жаңа сайланған республика Президенті өзінің ұлықтау рәсімінде де және кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында да осы мәселені ерекше атап өтті.
Біз, облысымызда осы мақсатқа қол жеткізудің жолдарын, тетігін анықтадық. Өңірде 1 миллион 125 мың адам тұрады, оның 680 мыңы, яғни 60 пайызы ауылда шоғырланған. Енді халықты барынша қамту, әрі осы мәселені тиімді шешу үшін не істеу керек? Қолданыстағы бағдарламалар жылына орта есеппен 35-37 мың адамды ғана қамтиды. Негізі осыншама халықтың ауылды жерде тұратындығы – ол біздің үлкен мүмкіншілігіміз. Себебі әрбір ауылдық аула шын мәнінде – табыс көзі.
Бұның бірден бір дәлелі облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 43 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ал сүт пен еттің 60 пайызы үй іргесіндегі малдан өндіріледі.
Бұдан бөлек, кейбір аулалардың табысы айына 500 мың теңгені құрап, жылына 4-6 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл мемлекеттік қолдаусыз қол жеткізген табыс. Қажетті қолдау көрсеткен жағдайда, табыс ұлғая түспек. Ал қазіргі уақытта облыс бойынша ЖҚШ-ның орташа табысы айына 25-30 мың теңгеден аспайды. Себебі ұйымдастыру мәселелерінің, өнімді орталықтандырылған түрде сатып алудың, сақтаудың, алғашқы өңдеудің, тасымалдаудың, мал азығы жетіспеушілігінің, азын-аулақ қаражат болмауының шешілмегендігі.
Сондықтан да бірінші кезекте, қосалқы шаруашылықтарға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыра отырып, тиісті қолдау көрсетсе, көтеріліп отырған мәселеден бөлек, басқа да маңызды сұрақтар шешімін тапқан болар еді. Мысалы, ауыл шаруашылығы өнімін еселеп көтеру, қайта өңдеуді дамыту, импортты алмастыру, азық-түлік бағасын төмендету, жұмыссыздықпен тиімді күресу, әлеуметтік көмекке жүгінушілердің санын азайту, жалпы, ауылдың әл-ауқатын көтеруге жол ашылады.
Осы мақсатта облыстың 138 347 ауласын аралап, (Тараз қаласы мен Шу, Жаңатас және Қаратау қалаларының көпқабатты секторларын ескермегенде), қолдаудың нақты есептері шығарылды.
138 347 аулада 622 мың адам тұрады. Ауладағы құрылысты есептемегенде 18 060 гектар жер телімі бар. Оның 10 833 гектары пайдаланылса, 7 227 гектары пайдаланылмайды. Тіпті пайдаланып отырған жерлердің өзі төмен тиімділікті көрсетуде, сол себептен алынған өнім нарыққа да сатылмайды.
Малға келсек, тек 52 123 аулада ғана ірі қара, қой және түліктің басқа да түрі бар. Жалпы саны 1,3 миллион және 500 мың құс. Қалған 85 724 аулада мал жоқ.
Үй іргесіндегі шаруашылықты табыс көзіне айналдыру үшін келесі бағыттар бойынша нақты шаралар анықталды.
1. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану;
2. Ауладағы мал-құстың тиімділігін арттыру;
3. Әрбір тұрғынның ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану;
4. Жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу үшін әрбір ауылдық округте кооператив құрып, оларды қажетті техникамен, жабдықтармен, тұқыммен, тыңайтқыштармен және айналым қаражатымен қамтамасыз ету;
5. Қосалқы шаруашылықтан бөлек тұрғындар тарапынан ұсынылған шағын жобаларды барынша тиімді жолмен қаржыландыру.
Мысал ретінде бір ауылды келтіруге болады, айталық, Т. Рысқұлов ауданындағы Ақбұлақ ауылдық округі.
676 аулада (3,8 мың адам) 54 гектар жер бар, оның 46 гектары қолданыста, оның жылдық табысы 60 миллион теңге. Енді сол жердің ұйымдастырылған түрде 25 гектарына қызанақ және 17 гектарына картоп өсіру жоспарлануда. Сонда табыс 533 миллион теңгені құрағалы отыр.
Ол үшін кооперативтің есебінен 45 тонна сапалы тұқымдармен (16,1 миллион теңге), 18 тонна минералды тыңайтқыштармен (952 мың теңге) және бір агрономды айына 100 мың теңге айылықпен 6 айда ұстау үшін, өсірілген өнімді сатып алу үшін (алғашқы 2 айда айналым қаражаты – 3 миллион теңге), өнімді сұрыптауға және тасымалдауға дайындайтын жабдық үшін 3 миллион теңге, жалпы 23,7 миллион теңге қажет екені анықталды. Бұдан бөлек 102 аулада шағын 3-5 сотық жылыжай салу үшін 364 миллион теңге қажет. Барлығы 387,7 миллион теңгені қажет етеді.
Мал шаруашылығы бағыты бойынша. Өңірде 161 аулада 256 сауылатын сиыр бар. Малы жоқ 502 ауланы тиімділікті ескере отырып кемінде 2 сиырмен қамту үшін 401,6 миллион теңге қажет.
Бастапқы кезеңде 257 аулаға кооператив есебінен 336 ірі қараны (100,8 миллион теңге), 850 қой (25,5 миллион теңге), 2900 құс (203 мың теңге) сатып алуға болады. Сондай-ақ сүт жинау үшін 2 тонна (5 миллион теңге) танкер қажет.
Бұдан басқа, кооператив есебінен тәулігіне әр сиырдан 10 литр сүт сауу үшін пай үлесі есебінен қажетті егіс алқабы анықталып, МТЗ-80 тракторы, тұқым сепкіш және комбайн, лизингке алынады. Барлығы 373,3 миллион теңге қажет.
Осы сияқты есептеулер әрбір елді мекен, әрбір ауылдық округ бойынша және жалпы аудандар бойынша саналды. Облыстың барлық 153 ауылдық округтерінде кооперативтер құру үшін қажетті сома – 9,1 миллиард теңгені құрайды.
Тағы бір маңызды бағыттардың бірі – облыстың барлық елді мекендерін жаппай мониторингілеу барысында жалпы сомасы 17 миллиард теңге болатын 6 мыңнан астам шағын жобалардың анықталуы.
Бұл табысы аз, жеке аулалары жоқ қала тұрғындарын қолдауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Тараз қаласында 43 571 аула (106 мың адам) бар, онда ЖҚШ қолдау бойынша ұсынылған шараларды пайдалануға болады.
Сонымен, облыс халқын, бірінші кезекте ауыл тұрғындарын барынша қамту үшін қажетті сома – 46,4 миллиард теңгені құрайды.
1. Айына ең төменгі 77 мың теңге есебімен 131,4 мың отбасын (616 мың адам) тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, бұл қазіргі деңгейден 3 есе артық, ең жоғарғы – 180 мың теңге;
2. Сонымен қатар 68 мың өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмыссыздар міндетті зейнетақы, салық және басқа да төлемдерді төлей бастайды;
3. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бірден 34 пайызға артады (жалпы өнім көлемі 132,2 миллиард теңгеге немесе орташа өсім 3-4 пайыз);
4. Қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелімін, ең алдымен, сүтпен етті 30 пайызға көтеру болады.
5. Ауыл тұрғындарының жер телімдерін пайдаланбау және тиімсіз пайдалану, үй жанындағы учаскелерді қоса алғанда, жайылымдар мен жемшөптердің жетіспеу проблемасын шешу. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту;
6. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің құнын және инфляцияны төмендету;
7. Ветеринария және мал тұқымын асылдандыру бойынша тиімді жұмыс жүргізу;
8. Ауылда ЖҚШ дамыту үшін нақты жағдай жасау. Кооперативтер жеке аулаларда өндірілетін халық тұтынатын тауарларды сату мәселелерін де шешетін болады. Жастардың ауылдан кетуі қысқарады;
9. Кооперативтер арқылы ауылдық жерлерге мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырысты объективті түрде қалыптастыру (агрономдар, ветеринарлар, механизаторлар, слесарлар, электриктер және басқалар);
10. АӘК алушылар санын азайту, осылайша бүгінгі күні бюджет үшін миллиардтаған соманы төлеу бойынша туындаған проблеманы шешу.
Бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымызды баяндадым. Атқарылған жұмыс аз емес. Алдағы шаруалар да жеткілікті.
Негізгі міндет – халықтың әл-ауқатын жақсарту. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Көрсеткен қолдауларыңызға алғыс білдіріп, алдағы уақытта да бірігіп жұмыс атқаратынымызға сенімдімін.
Облыс тұрғындарын толғандырған проблемалар мен облыстың өзекті мәселелерін шешуге, өңіріміздің дамуына бағытталған жұмыстарыңыз үшін алғыс білдіремін.

Ардақ Үсейінова

Депутат тар не деді?

Бақыт САУРАНБАЕВ:

– Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында көптеген игі істердің атқарылғаны ақиқат. Облыс әкімінің бастамасымен орталық – Тараз қаласын заманауи талаптарға сай дамыту ісінің нәтижесіне баршамыз куә болып келеміз. Алғашқы алты айда 33 миллиард 455 миллион теңгенің инвестициясы тартылып, нақты көлем индексі 105,7 пайызды құрап отыр. Бүгінгі таңда қала тұрғындарын тұрғын үй мәселесі қатты алаңдатып отырғаны белгілі. Бұл түйткілдің бір шешімі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 15-шағын ауданда 10 мың 300 отбасына арналған 280 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталғанда табылары анық. Бүгінге дейін 80 пәтерлі 10 тұрғын үй пайдалануға берілген.
Өткен маусым айында облыс әкімі тиісті алгоритмдік кестеге сәйкес барлық ауданды түгел аралап шықты. Бұл өңір басшысының жаңа форматтағы жұмыс стилін көрсетеді. Сол кездесулерде Асқар Исабекұлы елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен етене жақын танысып, жергілікті халықтың талап-тілектеріне жете көңіл бөлді деп есептеймін.

Жайдар ӘЙТІШЕВ:
– Шу өзені аудан аймағын қақ жарып ағып жатыр. Сонау кеңестік дәуірде Мойынқұмда 8000 гектарға жуық жүгері, бақша дақылдары өсірілген. Кейінгі 20-25 жылда ауданымыздағы суармалы жерлер игерілмей, аға буын өкілдерінің мол диқаншылық тәжірибесі түрлі себептермен үзіліп қалды. Оның басты себептері – мемлекет меншігіндегі тоғандардың жекеменшікке өтіп, күтімсіз қалуы, уақтылы жөнделмеуі.
Былтыр облыста ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту, қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты жүргізу мақсатында облыс әкімінің бастамасымен құрылған механикалық жасақ күзден бастап ауданда ұзындығы 69,3 шақырым каналды толық аршып, тазартты. Нәтижесінде араға жиырма жыл салып, биыл Мойынқұмда егістік жерлер жыртылып, жабайы шөп, шеңгел, жыңғыл, жиде басып кеткен жерлерді тазарту жұмыстары қарқынды жүрді. Жүгері және басқа дақылдар егіліп, 1300 гектар суармалы жер айналымға қайта енгізілді. Су мәселесі шешілген соң, аудан тұрғандарының ертеңге деген үміті оянып, егіншілікке бет бұра бастады.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН:
– Түсіне білген адамға облыста біраз тындырымды тірліктер атқарылғанын көруге болады. Әсіресе жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан Байзақ, Талас, Сарысу, Шу, Жуалы, Жамбыл аудандарындағы 81 елді мекенге «көгілдір отынның» тартылуы қуантарлық жағдай. Бұл дегеніміз – облыстың 101 мыңға жуық адамы «көгілдір отынға» деген мұқтаждықтан арылады деген сөз.
Сонымен қатар орталықтандырылған ауызсумен қамтылған 199 елді мекенге жүргізілген терең талдаудың нәтижесінде 456 мың халықтың 130 мыңы су құбыры бола тұрып, су жүйесіне қосылмағаны анықталыпты. Осы мақсатта бүкіл елді мекендер бойынша ауызсумен қамтудың картасы жасалған. Картаға сәйкес тиісті ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күнге 34 мың тұрғынның орталықтандырылған ауызсуға қосылғанын білдік. Бұған қоса, облыстағы 18 елді мекенге су құбырлары жүргізіліп жатыр екен, яғни халыққа ең қажетті газ бен ауызсу мәселелері өз шешімін табуда.
Тағы бір айта кететін жайт, бүгінде облыс орталығында жылу құбырларын ауыстыру, газ құбырларын жер астынан жүргізу шаралары атқарылуда. Осы жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігер компаниялар аталған жолдарды сапалы және уақтылы жөндесе екен деген ұсыныс бар.

Асаубай МАЙЛЫБАЕВ:
– Облыс ахуалының оң өзгерістерге жедел бет алғанына бәріміз куәміз. Бір жарым жылдың ар жақ, бер жағында Тараз қаласы өз тарихында дәл осылай жасанып көрген жоқ. Заманауи кейіпке енді. Елді мекендердің барлығында еңбек десе еңсе көтерген ерекше серпін пайда болды. Соның барлығы аймақ басшысының айрықша іскерлігі, тәжірибесі, ынта-ықыласымен жүзеге асып жатыр. Айтады, ұсынады, көрсетеді, талдап, ақыр соңында кімнің де жетесіне жеткізіп береді. Асқар Исабекұлы ауыл-ауылды түгел аралап, аулаларына дейін кіріп, әркімнің игілігіндегі жердің ризығын көру жөнінде азаматтық ақыл-кеңесін айтып, еңселерін көтеріп кеткен. Облыс басшысының осы әрекеті біздегі аудан, ауыл басшыларына үлгі-өнеге болды ма, бұл енді басқа әңгіме.
Жасыратыны жоқ, жергілікті кадр жөніндегі жұмыс облыста өте сылбыр, жүрдім-бардым болып келгені ешкімге құпия емес. Бүгінгі қимыл-әрекеті бөлек заманауи сұранымдарға екінің бірі лайық бола бермейді. Онда шаруасы шамалы біздің ағайын қайтеді? «Ойбай сырттан әкеліп жатыр» деп жау шапты қылады. Бір уыс қазақты «сырттан» деп бөле-жарудың қажеті қанша. Солар үмітті қаншалықты ақтайды, облыс әкімінің жұмыс істеу екпініне ілесе ала ма, бұл алдағы әңгіме.
Реті келгенде айта кететін бір жай, Жамбылдың ескерткіші төңірегіндегі әңгіме. Облыс әкімдігі – облыстың Ақордасы. Жамбыл жеріндегі облыстың сол Ақордасының алдында Жамбыл бабамыздың ескерткішінің асқақтап тұрғаны біздің айбынымыз емес пе?! Осыны айналып өтіп, жоқ жерден аттан салу – ұят. Жамбыл – исі қазақтың рухани ұлылығының мәңгілік ортақ бейнесі. Оның орны – төр. Ал облыс әкімдігі – аймақтың төрі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support