- Advertisement -

Қауіпсіздікті сақтамау орны толмас өкінішке ұрындырады

60

- Advertisement -

Бүгінде күннің күрт ысуына байланысты шомылу маусымы қызып тұр. Өзен-көлге, су қоймалары мен тоғандарына шомылып, салқындағысы келетіндердің қатары артпаса кеми қойған жоқ. Олардың көбінесе қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығарып, тыйым салынған жерлерде суға түсіп жататыны да белгілі. Спирттік ішімдік ішіп суға түсетіндер, баланы өзен жағасында қараусыз қалдыратындар да азаймай отыр. Қарапайым ғана қауіпсіздік ережесін сақтамаудың соңы орны толмас өкінішке ұрындырары анық. Оған жуырдағы рейдтік тексеру барысында да көз жеткіздік. Талас өзені жағасында өткізілген бұл күнгі іс- шара кезінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті полиция және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен шомылушыларға судағы оқиғалардың алдын алу тақырыбы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүктеме қағаздар таратылды. 

 Департаменттің аға инженері, азаматтық қорғау майоры Айгүл Шақабаеваның айтуынша, биыл суға шомылу маусымы басталғалы бері 11 адам қаза болыпты. Өкініштісі, оның 7-еуі жас балалар. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімі ішінде 10 адам суға кетсе, оның 4-еуі бақылаусыз қалған бала болып шыққан.  Биылғы шомылу маусымы басталғалы бергі екі ай көлемінде бала өлімінің 7-еуге жетуі департамент тарапынан түсіндіру шаралары күшейтілуіне себеп болып отыр.
Шомылу маусымының  алдағы уақытта әлі де жалғаса беретіндігін ескерсек, қауіпсіздік шараларын ұмытуға әсте болмайды. Су айдындарында балалардың қаза болуының негізгі себебі – ересектердің қараусыз қалдыруынан орын алуда. Жақында Тараз қаласында 2 жасар бала суға кетсе, Мойынқұм ауданында бір бала арықтағы суға тұншығып қалған. Ал бақытсыздық оқиғаларының өзгелері арнайы жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда суға шомылу, балық аулау кезінде, мас күйінде шомылу салдарынан орын алғаны мәлім болып отыр.
Рейд барысында Қызыл Жұлдыз ауылы маңындағы тыйым салынған өзен жағасынан шомылушылардың бір тобын кезіктірдік. Олардың ішіндегі спирттік ішімдік ішіп, қызып қалған ер мен әйелді учаскелік полиция инспекторлары көз алдымызда алып кетті. Екінші барған шомылу алаңында да ішімдік ішіп отырған бірнеше жігітті көзіміз шалып қалды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің дауыс күшейткішпен айтып жатқан ескертуіне олар құлақ асар емес.
Жалпы, биыл су айдындарында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 364 және 440-баптары бойынша 13 жеке тұлғаға 126256 теңге көлемінде айыппұл салынса, 19 азаматқа ескерту беріліпті.
Осы тұрғыда рейдтік топтың жетекшісі, Тараз қалалық  төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Қайрат Оразбаевты сөзге тартқан едік.
– Суға шомылу маусымы басталғаннан бергі уақыт ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі учаскелік уәкілдерінің қатысуымен өңірдің су қоймаларында 393 рейдтік тексеру жүргізілді. Өзен жағалауларына шомылуға болмайтындығы туралы ескерту тақталары орнатылып, белгілер қойылды. Бірақ бүгін байқағандарыңыздай, ол ескерту тақталарға мән беріп жатқан қала тұрғындары аз. Ыстық күнде өзеннің кез келген тұсына келіп суға түсіп, салқындап жатқандарын көрдік. Біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтық шараларын ескертіп, қолдарына «Суда жүзу ережелері» деген бүктемелер таратып бердік. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деді Қ.Оразбаев.
Диас МАРАТҰЛЫ.
Тараз қаласы. 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support