- Advertisement -

Ел іші – алтын қазына

212

- Advertisement -

немесе «Талас-Шу өңірінің поэтикалық дәстүрлері» экспедициясынан түйген ой

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларындағы міндеттерді жүзеге асыруға арналған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дәстүрлі «Әулие ата – киелі мекен ІІІ» жобасы аясында «Талас-Шу өңірінің поэтикалық дәстүрлері» атты ғылыми-фольклорлық экспедициясына барып қайттық. Экспедиция құрамында «Қазақ әдебиеті және журналистика» кафедрасының доценті Т.Мұқашев, университет телестудиясының директоры Б.Мақашев және оператор Е.Мұхтарұлы болды.

Сапардың басты мақсаты – ел ішіндегі әлі де жиналып, ғылыми айналымға түспеген фольклор материалдарын, халық ақындарының шығармаларын жинау, сөйтіп ғылыми қор жасап, студенттермен, магистранттармен бірігіп зерттеу жұмыстарын жүргізу.
Жоқ іздеген табады екен. Тек соған бағытталып, талмай, жалықпай іздей білу қажеттігін сезіндік. Иә, ескіше білімді болған бабасының мұрасын, әкесінің өлеңдерін көзінің қарашығындай сақтап отырған текті жандарды кездестірдік. Өлкеде өткен саңлақ ақындардың сөзін ел аузынан теріп жазып, бүгінге аманаттап жеткізген халық әдебиетінің жанашырларымен жолықтық.
Саудакент төрінде көп жылғы ұстаз, жергілікті ақын Рзықия Смағұловамен кездесуіміз қызық болды. Біздің алдымызда ғана Алматыдан сапарлап келіп отырған беті екен. Ақжарқын пейілмен қарсы алды. Алғаш танымай, кейін ортамыздағы жігіттің бір кездегі таластық мұғалім, бұдан отыз жылға жуық бұрын Ұлбике ақынның 165 жылдығында өзімен айтысқа түскен көкөрім Бақытжан Мақашев екенін білгенде, тіпті ерекше қуанышқа бөленді. Сонда Бақытжан Рзықия ақынға қыз бен жігіт айтысының талабына орай бір жағы қалжыңдап, бір жағы шыны былай депті:
Сіз неге жеңгеліктен қашқақтайсыз,
Дәстүр аттап орынсыз асқақтайсыз.
Қайны қылсаң, қамшылап қуалар ең,
Іні қылсаң, ұрарға тал таппайсыз.

Мен сізді көп алдында жеңгем деймін,
Ырқымды жеңгелерге бергендеймін.
Сөздерің сипатыңа сай келсе егер,
Мен сізді ешбір қыздан кем көрмеймін.
Сөз ыңғайында Рзықия әпкеміз Майкөт ақын мен тама Мизамбай ақынның айтысуын тілге тиек етті. Бұл да біз үшін жаңалық болатын.
Ауылымның ақсақалы Шілтән шөшік,
Біз келдік Сарыарқадан үдере көшіп.
Арқада қымыз ішіп, ет жеуші едік,
Тары түйіп, талқан жеген елге келдік, –
депті сонда Мизамбай ақын. Әпкеміздің есінде сақталып қалған осы жалғыз ауыз өлең жолдарында да біраз сыр бар сияқты. Осындай ел аузында сақталып қалған дереккөздердің кейін үлкен істердің бастамасы болып жататыны сөзсіз.
Жергілікті журналист, бірнеше кітаптың авторы Темірлан Әбілдаев әйгілі Тәней бақсы туралы ел аузында сақталған көптеген әңгімелерді жинағанын айтты. Кейін электронды поштамен біраз ел әңгімелерін жіберді.
Сапарымыздың мазмұнды болуында әріптесіміз Бақытжанның Талас өңірінің әңгімесін, жер-су аттарының тарихын біршама жақсы білуі ықпал жасады. Бақытжан жолай көрінген төбе мен жазық, тау сілемдері мен мөлдір бұлақ туралы білгенін айтып келе жатты. Арбатас өңірін әңгімелеп, «Қалмаққырылған» жеріне тоқтап, көз жүгірттік. Шоқ талды көрсетіп, «Ақыбайдың талы» деп аталатынын, оның кезінде біршама үлкен тоғайға айналып, 90-жылдардың басындағы қиыншылық кезде көп талдың кесіліп кеткенін айтты. Ел аузында сақталған Ақыбайдың ақ тазысы туралы әңгімені жосылтты. Одан соң кәмпеске жылдарының шындығын баяндайтын ағайынды Молдабек, Мелдебек хикаясынан сыр шертті. Бақытжанның айтуымен Уақтардың көне бейітіне баруымыз, ондағы бір бейіттің басынан Самарқанның көк тасынан қойылған белгіні көруіміз қызық болды. Көк таста көне жазу бар. Қойгелді батыр заманынан келе жатқан бейіт, шынында, көп сырды ішіне бүгіп жатқан өткеннің шежіресі іспетті көрінді.
Сапарымыздың ең үлкен олжасының қатарында Мәлімқожаның ескіше жазылған кітаптарын көруіміз, оның соңында қалған мол мұрасымен кезігуіміз болды. Атасы Мәлімқожаның бір сандық мұрасын немерелері Бағдат пен Бақтияр көзінің қарашығындай сақтап отыр екен. Мәлімқожаның баласы Несіпбай қария бір кездері әкесінің көне жазуларын бүгінгі жазуға түсірген. Оның қыздары мен ұлдары атасының, әкесінің шығармаларын мүмкіндікке қарай өз қаржысымен, аз ғана данамен Алматыдан кітап етіп шығарыпты. Бір Аллаға сыйынып, пайғамбарлардың өмірін жырлайтын, оқушысын имандылыққа, ибалыққа тәрбиелейтін туындылар әлі шын зерттеушісін, насихаттаушысын күтіп жатқандай танылды. Әттең, парағы сарғайған көне жазуларды желдіртіп оқып кетердей мамандар табылса, қанеки. Несіпбай қарияның Алматы қаласындағы қызы Әсия атасының қолжазбасын бірнеше ескіше хат таниды деген адамдарға көрсеткенмен, шағатай, парсы, араб тілінің сөздері аралас туындыларды таратып оқу қиындық келтіріпті. Дегенмен мол мұраның бір күндері бар сырын ашып, халқымен қауышатынына, ел игілігіне асатынына сенгіміз келеді.
Экспедиция мүшелері ел әңгімелерін жинаумен қатар, жер-су атауларына қатысты тарихи аңыздар мен әңгімелерге де мән берді. Ол өз кезегінде «Жолбарыс хан қамалына» баруымызға себеп болды. Қамал тәрізді жан-жақты қоршаған биік жоталар мен хан ордасы тігілердей жазық алаңқай, сылдырап аққан бұлақ суы – тек табиғат көрінісінің сұлулығымен, саф таза ауасымен ғана емес, тарихтың сырын бүккен терең жұмбағымен қызықтырды. Әттең, табиғатқа тіл бітіп, өткен тарихтан сыр шертсе ғой. Көз алдымызға елін жаудан қорғаған айбынды Жолбарыс хан келді. Оның қасында қаншама батырлары болды десеңші. Алаңқай мен қоршаған биік жоталарға қарай отырып, ата-бабамыздың елі, жері үшін талай қанды шайқастарға барғаны, сол жолда талай батырлар мен атпал азаматтардың шейіт болғаны еске оралады. Сол ата-баба қанымен суарылған жердің, атамекеннің қадір-қасиетін бүгінгі ұрпақ білуі керек-ау. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларында да осы мәселе көтеріледі емес пе? Атамекеннің, туған өлкенің қадір-қасиетін, тарихын, ата-баба жолын білу арқылы туған жерге, елге, мемлекетке деген сүйіспеншілік, патриотизм сезімі қалыптасады. Патриотизм жалаң ұғымдар негізінде емес, шынайы тарих сабақтары мен тағылымдары арқылы санаға сіңірілуі керек. Өз ұлтыңның тумасы болып дүниеге келгенің үшін мақтаныш сезімі кеудеңде толассыз тулап жатуы тиіс.
Мойынқұмда белсенді өлкетанушы Мұқан Сабыров көп жайға қанықтырды. Әсіресе оның өткір тілді Қылышбай ақынның мұрасын жанашырлықпен жинауы, біршама толық нұсқасын беруі үлкен олжамыз болды. Атасы Ахметтің айтқан арнау өлеңдерін және жырлаған ескі діни қиссасын тапсырды. Атасы Ахметке баласы Сабырдың майданнан өлеңмен жазылған хаттарын, оған әкесі Ахметтің жауабын берді. Оның бер жағында жер-су аттарына қатысты аңыз әңгімелерді айтты. Аймахан шоқысына қатысты аңыз қызықты өрілді.
Төле би ауылында «Ақсақ құлан-Жошы хан» аңызы негізінде картина салған суретші, ұстаз Бақытжан Малдыбеков ел әңгімелерін жақсы білетін адамдарды бірге іздестірді. Өкінішке қарай, денсаулық жағдайына байланысты Мұрат молдамен жолыға алмадық. Сол кісі көп ақындардың өлеңдерін жатқа біледі, жинап жүреді дегенге елеңдесіп қайттық. Зейнеткер журналист Тампылбай Молдақұлов бұрын белгісіз болған Сауытбек пен Ақбаланың айтысы жөнінде деректермен бөлісті. Ол да молда Мұраттың көп білетінін айтты.
Меркі музейінде де күтпеген олжаны кездестірдік. 1898 жылы дүниеге келген халық ақыны Өмірбек Қабыловтың өлең жазған дәптерлері музей қорынан табылды. Музей қызметкері Айман Жүрсінәлиева өлеңдердің компьютерде терілуіне көмектесетінін және алдағы уақытта жинаққа енгізуге жолдайтынын жеткізді.
Құланда белгілі журналист, өлкетанушы Сейсен Қожеке көп мәліметтер берді. Сарша баласы Тәттімбет күйші туралы ойын тарата айта отырып, Әбілқайыр даласы, Сұмқайтты жерінде жоңғар қалмақтарының талқандалуы туралы тарихты өрбітті. Ойранды, Молалы сай, Ақсарай, Көтенүзбе асуы, Тұтқын сай, Қалмаққия атауларының астарында терең сыр, мағына жатқанын ортаға салды. Жергілікті қаламгер Кәріпжан Нүсіптің «Өнер деген өлке бар» кітабында жергілікті ақындардың шығармалары берілгені қуантты.
Жуалыдағы Қайрат ауылының тұрғыны Аманжол қариядан біраз жайға қанықтық. Ауылдың азаматы Елікбайға бес дәптер көне жазу мұрасын бергенін айтты. Өкініштісі Нұр-Сұлтанда тұратын Елікбай деген азаматпен кездесе де, тілдесе де алмадық. Аманжол ақсақал сөйлескенде, дәптердегі жазуларды бүгінгі жазуға түсіріп, компьютерде тергізіп жатқанын, алдағы күзде бұйыртса кітап етіп шығаратынын айтыпты. Оған да шүкір, ел мұрасы жойылып кетпей, тасқа басылып жатса, қанеки. Көп жылдар бойы мектепте мұғалім болған, бүгінде зейнеткер Қуанышбек Сүлейменқұлов ел әңгімелерін жақсы білетін адамдарды іздестіруге көп жәрдемдесті. Бұрын-соңды естімеген Белгібай деген ақынның өткенін, аты-жөнін естіп қайттық. Бұл да келешек ізденістерге бастар із болмақ. Әбдікерім ақын (1883 жылы дүниеге келген), Алмабай бақсы туралы әңгімелер ой салды.
Қорыта айтқанда, «Ел іші – алтын қазына» демекші, әлі де көптеген ел әңгімелерін табуға болады екен. Ол үшін белгілі адамдар мақсатты түрде жұмыс атқаруы қажет тәрізді. Тынбай ел аралап, көне көз қарияларды, не ата-бабасының мұрасын сақтап қалған адамдарды тауып, халық мұрасын халық игілігіне айналдыру керек. Осы ретте, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің «Тарихтану» орталығын құру туралы бастамасын толық қолдаймыз. Шын мәнінде, көне Тараз тарихы – қазақ тарихының бастауында тұратын қасиетті өлке. Талас-Шу өңірінде қаншама тарихи оқиғалар болды. Талай тарихи ұлы тұлғалар өтті. Қаншама от ауызды ақындар мен шешендер өмір кешті. Оның бәрін бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Ал өлкенің тарихын сырттан келіп ешкім зерттеп, фольклорлық материалдарын жинап бермейді. Бастама, қажырлы жұмыс облыс орталығының өзінен басталуы қажет. Өлкетанушылардың басы бірігіп, аянбай жұмыс атқаруы керек. Өйткені бүгін жұмыс істемесек, ертең кеш қалуымыз мүмкін.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support