- Advertisement -

Тәуелсіздік даңғылындағы толғаныс

56

- Advertisement -

Қандай бақыттымыз!.. Бас шаһарымызда Тәуелсіздік атындағы даңғылымыз бар! Тек қадір-қасиетін сезіне білсек-ші…
Барлық облыс орталықтарында Тәуелсіздік даңғылы болу керек сияқты. Өйткені біз, қазақ халқы – ТӘУЕЛСІЗБІЗ, АЗАТПЫЗ, ЕГЕМЕНБІЗ! Бұл – Астанадағы Тәуелсіздік даңғылын бойлай аяңдап келе жатқанда көкейде қылаң берген ой…

Бәрі де «Отан Анадан» басталады

Үш торапты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов пен орыстың қос алыбы Пушкин мен Кравцов көшелерін түйістіре басталған Тәуелсіздік даңғылы, бір қызығы, елордадағы ең қысқа даңғыл екен. Ұзындығы бар-жоғы бір шақырым тоқсан алты метр ғана. Алты көлік жолымен созылған бас даңғылмен (мейлі, қысқа болса да) алыстағы Әулиеатадан қыдырып барғанымда әдейі серуендедім.
Ә дегеннен Есілдің сіңлісіндей болған Ақбұлақ өзенін басып өтетін жолды «Толқын» спорт кешені бастайды екен. Сәл ілгері қозғалсаңыз сол қапталыңыздан «Отан Ана» монументін көзіңіз шалады. Мұны «Отан қорғаушылар» алаңы деп те атайды жұрт. Осыдан он екі жыл бұрын қазақ жауынгерлерінің құрметіне қойылыпты. Биіктігі 37 жарым метр екен, салмағы 63 тоннаны тартатын көрінеді. Алып ана бейнесі қос қолына ұстаған зерлі кесесіне ақ құйып, қазақы көңілімен, мейірбан пейілмен қонағына ұсынып тұрғандай. Соғысқа аттанған жарын, әлде алыста жүрген ұлын сағынып, әлденеге алаңдайтындай. Одан күллі қазақ әйеліне тән ұлттық болмыс-бітім аңғарылады.
Қола бағанның ұшар басындағы ою-өрнекті жүз жиырма бір алтын масақ көпұлтты еліміздің тереңнен тамырланған бірлігі мен берік достығын айшықтайды. Келген жанның назарын бірден аударатын жершарының бейнесі бір қолымен әлемді тербеткен Анамен әсем үйлесіпті. Қола бағанның қос қапталының бір жағына байтақ мекенімізді басқыншылардан қорғаған хас батырлар, екінші жағына Ұлы Отан соғысы жылдары ерлік көрсеткен жауынгерлер сап түзепті.
Айтпақшы, осы ескерткіштің ашылу салтанатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былай деген-ді: «…Бұл мемориал ұрпақтарымыз бейбіт өмірімізді құрметтеп, қан құйлы соғыс зардабының қандай болатынын естен шығармау үшін ұлағатты ескерткіш болуы керек. Біз өз иықтарымен бар ауыртпалықты арқалаған айрықша аналарымызды мақтан етеміз. Оларсыз жеңіс те болмас еді. Отын өшірмеген ержүрек аталарымыз бен шаңырағымызды шайқалтпаған мейірбан аналарымыздың қадірі мен қасиетіне қойылған киелі белгі – бұл!» Сондықтан болар, «Отан Ана» ортамызда болғалы барлық әскери шаралар осында өтеді, Жеңіс күні осында тойланады, Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жастар осы алаңға тағзым етіп аттанады…
Айта кетерлігі, елдің Ішкі істер министрлігі алып ескерткішпен іргелес қоныс тепкен. Бұл да өзінше жарасым тауыпты.
Алыптар көшесі
даңғылдан бастау алады

Хош, ілгері аяңдайық… Оң қапталымызда «Nur Otan» партиясының елордалық филиалы қалып барады. Мынау – жауырыны жер иіскемеген палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы көше. Қайран, Қажыата, сенің көшеңнің Тәуелсіздік даңғылынан бастау алғаны да бекер емес-ау. Әлемге ұлтын мойындатқан сендей ұлдар арамызда бүгін де бар, тәубе. Қай жылғы «Еуразия барысы» бәсекесінде маңғолдың екі жүз келілік алыбын құлатқан Бейбіт жерлесім бұл сөзімнің куәсі.
«Алмалы» қонақ үйі, Сервис орталығы, «Центр кредит» банкі сынды кәсіпкерлік нысандар даңғылдың ажарын аша түседі. Сарыарқаны қара домбыраның күйімен тербеген күйші Дина көшесі де Тәуелсіздіктен басталған екен. «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма»… Қауғадай ақ кимешек тағынған күйші ана елесімен құлақ түбінен төгіліп тұрғандай.
Байқағанымыз, даңғылдың басынан бері кілең Ақмола заманынан қалған бес қабаттан аспайтын тұрғын үйлер. Ә міне, бүгінгінің биік-биік ғимараттары. Иілген крандар мен құрыш білекті құрылысшылар ертеңнің салтанатын жарастыратын зәулім нысандарды жарыса тұрғызуда. Шарль де Голль көшесімен қиылысар тұстағы алаңқай да күні ертең көз жұтар сарайларға толары сөзсіз.
«Keruen Travel», «Daniar» қонақ үйі, «Ultra» дизайн салоны, «Intelresurs ltd» туристік жарнама орталығы, «Oil» май құю бекеті, «Ajar centr» сауда орталығы… Құдайым-ау, ағылшын шаһарына еніп кеттік пе, әлде иелерінің латын графикасына көшу алдындағы дайындығы ма?..
Алаштың Биағасы, Бейімбет Майлин де Тәуелсіздік даңғылынан бастау алатын көшені иеленіпті. Осы тұстағы «Алтын ғасыр» тұрғын үй кешені алыстағыға «Шұғаның белгісіндей» мұнартып, шұғыласын шашатын сықылды.

Балталы,
Балбырауын, Балқантау…

Тәуелсіздікпен қиылысқан Бауыржан Момышұлы даңғылы. Бір кездері Он үшінші магистраль аталған сұрықсыз көшенің бойындағы үйлер де аңғал-саңғал еді. Енді ше… тотыдай таранып, сұлудай сыланыпты. Қос қапталдағы ғимараттардан баһадүрдей биіктік байқалады. Сәл ілгері қозғала қалсаңыз, басқа бір жұртқа енгендей күй кешесіз. Кілең қос қабатты котедждер. Өркениеті өсіп, дамып кеткен қазақ ауылы іспеттес. Даңғылмен қиылысатын, іргелес жатқан қысқа-қысқа көшелердің де атаулары қазақы: Ақыртас, Шертер, Қалба, Құндызды, Балталы, Қарқабат, Дауылпаз, Келес, Тарлан, Балбырауын, Балқантау, Майқайың… осылай жалғаса береді. Айтпақшы, осы даңғылдың басынада, «Жерұйық» саябағының алдында елорданың он жылдығына Жамбыл жұрты тарту еткен Бауыржан Момышұлының ескерткіші қасқайып тұр.
Баһадүр мен хас батыр қатар жатыр. Әлгі «ауылдан» есіңізді жиып енді шыға бергенде Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ең алғаш ту тіккен қазақ жауынгерлерінің бірі, тіпті, бірегейі Рақымжан Қошқарбаевтың атындағы даңғылға кезігесіз. Осы тұстан ғой «Қазақ елінің» көгінде қалықтаған алып қыранның көзге айқын шалынатыны, «Пирамиданың» ұшар биігі көрінетіні, Әзірет Сұлтан мешіті мұнараларының мен мұндалайтыны…

Батыстың сәулеті. Шығыстың шырайы

Тәуелсіздік даңғылының айбынын асырған, ажарын келістірген, рухын айшықтайтын нысандарға енді келген сықылдымыз. Алдымен, Алаштың арысы, ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы көшесімен қиылыста жатқан, көп конфессияның, түрлі діннің жетекшілері мен өкілдерін бір шаңырақ астында ұйыстырған Бейбітшілік және келісім сарайынан бастасақ. Әлемнің сегізінші кереметі аталып кеткен ғимараттың авторы – ағылшын архитекторы Н.Фостер. Болат пен тастан, шыныдан тұрғызылған нысан экстерьері пирамида түрінде болса, сарайдың орталық күмбезді залы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің холы тәріздес. «Астананың аспалы бағын» иеленген пирамида, бір қызығы, Есілдің екі жағалауынан да көрінеді. Ал түнде оның шыңы ішінен жанып тұрады.
Сарайға қарама-қарсы тұрған – Әзірет Сұлтан мешіті. Үш қабатты имандылық ордасының баламасы әлем елдерінде кемде-кем. Алланың ақ үйін ашу салтанатына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Төрт мұнаралы сәнді және сәулетті зәулім мешіттің «Әзірет Сұлтан» деп аталуы бекер емес. Бұл – кезінде күллі қазаққа рухани орталық болған Түркістанның рухы енді елордамызда жаңғырады деген сөз. Ғұлама бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі осылай аталатынын баршаңыз білесіздер. Енді Астананың да өз Әзірет Сұлтаны бар. Мешіттің Тәуелсіздік даңғылында, Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайларының ортасында орналасуының да мәні бар», – деген-ді.
Әзірет Сұлтан тек құлшылық орны ғана емес, мұнда кітапхана, білім алуға арналған дәрісханалар бар. Ғибадатханада бір мезгілде бес мың адамға дейін, ал мұсылман мерекелерінде он мың адамға дейін құлшылық етіп, намаз оқи алады. Нысанның ішкі бөліктері исламның классикалық үлгісі, сондай-ақ қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен сәндік элементтері негізінде әрленіп, безендірілген. Қабырға өрнектері қасиетті Құран аяттары мен Мұхаммед Пайғамбардың хадистерінен алынған жазулардан тұрады. Ең бастысы, алып мешіт күллі қазақстандықтардың қаражатына тұрғызылды.
Мешітке қарама-қарсы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңсесі тұр. Былтыр ғана пайдалануға берілген нысан да Әзірет Сұлтан мешітімен үндесіп, шаһар салтанатын асыра түскендей.

«Қазақ елінде»
ұлттың қасиеті бар

Осындай таң-тамашалармен басыңыз айналып тұрғанда, қарсы алдыңыздағы «Қазақ елі» монументінің құзар басына көз сала қойыңызшы. Бөрігіңіз домалап жерге түспесе, маған келіңіз. Өйткені биіктігі тұп-тура тоқсан бір метрге барады. Тәуелсіздігімізді алған жылдың белгісі ғой. Бұл алып ескерткіштің ең басты ерекшелігін айтсақ, оның төрт бұрышты діңгегінің төрт қабырғасына да барельефтер қойылған. Алдыңғы қабырғасындағысы «Тұңғыш Президент және Халық» деп аталады. Онда Елбасының толық бейнесі мен халықтың келбеті көрініс тапқан. Одан кейінгі барельефтер «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ» болып жалғасады. Бұның барлығы қазақ тарихының кешегісі мен бүгінін, ертеңін бейнелеп тұрғандай. Монументтің шығыс беткейіндегі ерекше композицияның аты – «Бірлік». Онда Әйел-Ананы қоршап тұрған қазақтың қазіргі заманғы тұлғаларын белгілейтін он бір ескерткіш орнатылған. «Қазақ елінің» жалпы аумағы он алты гектарды алып жатыр. Төрт жыл бұрын ғана Мемлекет басшысы «Қазақ мемлекетінің басты ескерткіші осы монумент болады» деп ашқан алып тастұғырдың авторлары – Сәрсенбек Жүнісов пен Жаңбыршы Нұркенов.
Енді… енді оң жағыңызға көз салсаңыз, «Тәуелсіздік» сарайын көресіз. Еуразия қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымының Астана Саммиті өткен төрінде оның. О-о, одан басқа қандай жиындардың, басқосулардың ұйытқысы болмады бұл сарай. Елдің ғана емес, әлемнің салмақты мәселелері шешілді ғой мұнда.
Сыртқы қабырғалары кереге бейнесімен айшықталған зәулім ғимарат сәулет өнерінің ғажайып үлгісімен салынған, ішкі құрылысы да өзгеше. Көк туымыз секілді көк түсті сарайдың кез келген жанның көзін тартардай келбеті бар. Оның ішкі залына екі лайнер ұшағын емін-еркін сыйғызуға болатынын айтады кей білгіштер.
«Қазақ елі» монументінің сол қанаты – «Шабыт» сарайы. Қазақ ұлттық өнер университетінің еншісіндегі нысанның ішінде не жоқ, бәрі бар. Сезім мен шабыттың шалқып-тасып, тебіренуіне барлық жағдайды жасап-ақ бағыпты. Әмбебап концерт залдары, көрме кешендері, репетиция бөлмелері, кітапхана, сазгерлер мен суретшілердің шығармашылық үй-жайы, хореография алаңдары, балалар шығармашылығы сыныптары, баспасөз залдары… Бұл аз десеңіз, балалардың музыка, кинематография, сахна өнері, детектив мектептері, «Өнер» мектебінің сыныптары, «Номад» арт-орталығы, журналистердің, сәулетшілердің, дизайнерлердің шығармашылық одақтары бар.
Даңғыл бойымен тағы ілгерірек аяңдасаңыз, алдыңыздан кесіп өтетін Шәмші Қалдаяқов көшесі «Менің Қазақстаным!..» деп ән салып жатады…

Мәрия Әбейқызы.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support