- Advertisement -

Анар министрдің Құрмет грамотасына ие болды

100

- Advertisement -

Жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанованың ілкімділігі көпке үлгі. Өмірге екі қолсыз келсе де ол үйінен шағын цех ашып, қыз жасауын тігіп, дайындаумен айналысуға тәуекел еткен. Оның бұл ісі осыдан төрт жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алуынан басталыпты. Оның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыс берушілер өте көп екен. Өткен екі аптаның өзінде ғана онға жуық қыз жасауын дайындап берген. Анар Бексұлтанованың биыл көктемде өңірімізге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықованың қабылдауында болып, өзінің шағын цехын үлкейткісі келетіндігін, мүгедектігіне байланысты екінші деңгейлі банктерден несие ала алмай жүргенін айтып, көмектесуін сұрағаны есте. Аяғымен тігін тігіп, кәсіпкерлікпен айналысып, өзін де, қыздарын да асырап отырған оның бұл қайсарлығы Г.Әбдіқалықованы ғана емес, өңір басшысы Асқар Мырзахметовті де бейжай қалдырмаған. Осы орайда кәсіпкерге өңір басшысы тарапынан көмек те көрсетіліпті.
Облысымызға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарымен келіп, «Arai Plaza» бизнес орталығында облыстың зиялы қауымы, ардагерлер, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен және жастармен өткізген кездесуінде Анардың кезекті несие қаражатына қол жеткізгенін білдік. Ол осы жиында сөз сөйлеп:
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен бұл дүниеге екі қолсыз келдім. Бірақ бұл маған жоғары оқу орнын аяқтауыма, 20 жыл облыстық музейде жұмыс істеуіме, екі қыз тәрбиелеуіме, жеке кәсіпкерлікті қосымша алып жүруіме еш кедергі келтірген жоқ. Бүгінде жұмыс істеймін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мен аяғыммен іс тігемін. Сурет те саламын. Көрмелерге де қатысамын. Үй шаруасымен де айналысамын. Үйімнің бір бөлмесінен тігін цехын аштым. Сол жерде қыз жасауын тігіп отырмын. Осы ісімді бастағанда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жеті тігін машинасын алдым. Төрт әйелді жұмыспен қамтыдым. Жақында осы ісімді кеңейту үшін екінші деңгейлі банктен тағы да 3 миллион теңге несие алып отырмын. Мұның барлығы еліміздің әлеуметтік саясаты, сол саясатты қалыптастырған Елбасымыздың қамқорлығының арқасы деп білемін, – деп ағынан жарылған еді.
Кәсіпкер келіншек содан бергі уақыт ішінде біраз шаруаны тындырған екен. Жаңадан ашқалы отырған тігін цехының құрылысы аяқталуға таяпты. Енді аз күннен соң тігін құрылғыларын орнатуды бастағалы отыр.
Тағдырдың басқа салғанына қарсы тұрып, жеке кәсібін ашып, өзгелерге жұмыс беріп отырған «Жасау Тараз» жеке кәсіпкерлігінің иесі Анар Сағынтайқызы күні кеше ғана Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапатты облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров оның үйіне барып табыс етті. Бұл қуанышқа өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де ортақтасты. ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің атынан келген Құрмет грамотасында: «Құрметті Анар Сағынтайқызы! Сіз еліміздің көркеюіне белсене атсалысып, абыройлы жұмысыңызбен көпшіліктің құрметіне бөленген үлгі тұтар жансыз. 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде ашқан кәсібіңіз өңір экономикасының өсуіне баға жетпес үлес қосуда.
Жұмыспен қамту кез келген мемлекет үшін қашанда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал азаматтарды жұмыспен қамтудың баламасы, ол – кәсіпкерлік. Өзіңізді жұмыспен қамтып, тіпті өзгелерге жұмыс орнын бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз! Жасап жатқан кәсібіңіз игі істер әкеліп, жаңа мүмкіндіктер ашсын! Алға қойған мақсат-міндеттеріңіз, үлкен жоспарларыңыз орындалсын. Еліміздегі мәні зор, маңызы айрықша мерекелердің қатары – елордамыздың туған күні қарсаңында, Сізге еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе қажымас қайрат, бақ-береке, табыс пен сәттілік тілейміз!» деп жазылған.
Анар өзінің аз ғана уақытта еңбегі еленіп, осындай марапатқа ие болып жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Осыдан кейін ол құрылысы жүріп жатқан тігін цехының жұмысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Тараз қаласы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support