- Advertisement -

Кененге кемер белдік қалай бұйырды?

137

- Advertisement -

Халық поэзиясы – біздің халқымыздың нәр алып сусындаған бұлағы, сарқылмас мол қазынасы. Сол мол қазынаны бүгінгі ұрпаққа жеткізуші сал-серілер, ақын-жыраулар еді. Осы ақындық дәстүрді ілгері дамытқандардың бірі – халық жырының тарланы, екі заманды жырға қосқан ақын, композитор Кенен Әзірбаев.
Биыл Кенен Әзірбаевтың туғанына – 135 жыл. Осы орайда ұлттың ұлы тұлғасын ұлықтау – абыройлы іс. Сондықтан біз Кенекеңнен қалған жәдігерлердің бірі туралы ой бөліскенді жөн көрдік. Ол – «Кемер белдік».
Кемер белдіктің тарихы тым тереңде жатыр. 1912 жылы қырғыз елінің атақты батыр манабы, патшадан шен алған Шәбден Жантайұлына ас беріліпті. Осыған байланысты Алатаудың теріскей қапталын жайлап жатқан исі қазаққа сауын айтылады.
– Бір күні ақын бала Кененнің қой жайып жүрген жеріне бір кісі атпен келе жатады. Алғашында «Әкем бе?» деп ойлап қалады да, соңынан ол кісі емес екендігіне көз жеткізеді. Жалғыз жолаушы қасына жақындап келіп, сәлем береді. Өңі жылы шырайлы, сүйкімді екен. Кененнің жүрегі өз-өзінен атша тулап, қалбалақтап жүгіріп барып, қолын алады. Әлгі кісі «Көк шолақ», «Бозторғай» деген әндерді шығарған қойшы бала Кенен деген сенсің бе?» деп сұрайды. «Иә, ағатай, Кенен деген мен едім» деп жауап береді. «Онда бүгіннен бастап қойды тастайсың. Әкеңнің келісімін алдым. Мен Еркебай деген ағаң боламын. Осы аймақтың болысымын» дейді. «Шынымен-ақ қойдан құтыламын ба?» деп, сенер-сенбесін білмей қалшиып тұрған Кененді алды-артына қаратпай, атына мінгестіріп, алып кетеді.
Еркебай үйіне келген соң Кененді тамаққа тойдырып, үстіне таза киім тіккізіп, астына ат мінгізіп, біраз баулиды. Кедейліктің зардабын әбден тартқан қойшы бала ұзын бойлы, жіңішке сұлу жігіт болып шыға келеді. Арада біраз уақыт өткенде оны болыс шақырып алып: «Өлеңіңді жұптай бер. Жақында қырғыздың Шәбден деген атақты манабының асы болады. Онда қырғыз-қазақтың белгілі әнші-күйші, ақын-жыршы, жыраулары шақырылады. Сені сол асқа ертіп апарамын» дейді. Айтқанындай-ақ бірнеше күннен кейін Еркебай жас бала Кененді жорғаға мінгізіп, қолына домбыра ұстатып, ертіп кетеді. Содан бірнеше күнге созылған күрес, ат жарыстан кейін кезек әнші-жыршыларға да келеді. Ортаға шыққан Кенен домбырасын басынан асырып, құлағын Сарбас ұстазынша бұрап-бұрап алып, енді өлеңін айтайын десе, аузына сөз түспейді. Сел-сел болып қара терге малынып, көзі түк көрмей, ұяттан өртене жаздайды. Жан-жағындағылар «Ештеңе емес, қайта шырқа қарағым, дауысың жақсы екен» деп айғайласып, қошеметтеп жатады. Бар күшін жинап алып, тағы бір талпыныс жасайды, бірақ онысынан тағы түк шықпайды. Көпшілік «Ер кезегі үшке дейін, шырағым. Қайта айт! Жас қой әлі, тағы да айтсын!» деп қаумалайды. «Иә, абырой бер, Құдай! Мені Еркебай қой жайып жүрген жерімнен сонша салмақтап алып келгенде, масқара қылма!» деп ішінен Сарбасқа, Сүйінбайға, тағы басқа өзі білетін аруақтарға сыйынып, үшінші қайтара айқайлағанда ауызына мына өлең түседі.
«Мен өзім Дулат деген елден келдім,
Көл Қопа, Қордай деген жерден келдім.
Жас бала, жаңа талап мен бір қойшы,
Туғалы мұндай жиын көрмеп едім.
Жолбарыс, Кебекбай, Ноғайбай,
Ақын болмақ оңай ма-ай.
Мен өзім інісі едім Сарбастың,
Он жаста ел тойына араластым.
Өлерде мені Сарбас шақырып ап,
Тапсырған аманат қып домбырасын.
Көпшілік көрсін әнімді-ай», – деп әуендете жөнеледі.
Сілтідей тынған ел риза болады. «Айналайын-ай, қысылып қалған екен ғой» деп даурығысады. Жастығын ескеріп, ақ жол тілеп, басқа да жеңімпаздардың ішінде Кененді де атап, күмістен соғылған кемер белдік сыйға тартады. Ең қызығы, осы аста Кенен Жамбылмен алғаш рет кездеседі. Жас Кенен алпысты алқымдаған ақынның алдында әдеппен тізе бүгіп, қолын төсіне қойып сәлем береді. Сәлемін ықыласпен алған Жамбыл жылы жүз танытып, «Қарағым, қай баласың?» деп сұрайды. «Мен өмірде өнер қуып жүрген жас бала едім. Бата беріңізші, ата!» дейді. Сонда жыр алыбы:
«Кешегі анау бозүйден,
Шыққан дауыс сен бе едің?
Бөдене мен тұрымтай,
Бұққан дауыс сен бе едің?
Бүркіт болсаң, боларсың,
Үлкен екен шеңгелің.
«Кенен-Кенен» деп жүр ғой, елдің бәрі,
Осы тойға жиналған жас пен кәрі.
Сәлем берсең, қарағым, бақытты бол,
Бабалардың балаға көшкен нәрі.
Ақындық Ораздан да үзілмеген,
Сарбас, Әлмен ақынды кім білмеген?
«Бабаның батасынан» деген нақыл,
Жас жүйрікті жарамас тізгіндеген.
Құдай сені сақтасын кесірінен,
Жар бағатын жапалақ, құзғын деген.
Досың болсын Алатау аспанында,
Қыран құстай шырқаған қызғынды өлең,
Әумин!» – деп бата береді.
Осыдан кейін қатты риза болған Еркебай Базарұлы ақынды біржола қойдан құтқарып, таза әншілік, ақындық жолға бағыттайды. Ал Кенен ата кемер белдігін үнемі тастамай, беліне байлап жүріпті. Көзі тірісінде анда-санда «Өзі тозайын деп қалды» деп, балаларына шешіп көрсетеді екен.
Бұл жәдігер қазір Қазақстан Ұлттық музейінің қорына қорғауға алынған. Оның көшірмесі Кенен мұражайында сақтаулы тұр.

Марат ОСПАН,
К.Әзірбаев атындағы
аудандық әдеби-мемориалдық музейінің директоры.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support