- Advertisement -

«Балық берме, қармақ бер» Мемлекеттің қамқорлығы әлеуметтік масылдыққа жеткізбесе игі

77

- Advertisement -

Таксидегі әңгіме

– Әр балаға 21 мың теңге беріледі дегелі біраз отбасының тыныштығы кетті-ау осы. Бастапқыда тірлігімізді түзеп алғанға едәуір көмек қой деп қуандық. Келіншегім жұмыс істейді, жалақысы – 90 мың теңге. Енді міне 3 балаға тағы 90 мың қосылып еді, келіншегім шіреніп, көкірек көтеріп сөйлеуді шығарды. Мен де қарап жүрген жоқпын, азды-көпті табысым бар. Ұрмаймын-соқпаймын, жат қылықтарым да жоқ. Бір күні жұмыстан келсем, киім-кешектерін жинап жатыр. «Не болды, не үшін кетесің?» десем, «Шаруаң болмасын бізде, қыздарды өзім-ақ асыраймын. Саған күніміз қарап қалған жоқ» дегені. Сол ақшаның буы ма, білмеймін,– деп мұңын шақты.
Бұл әңгімені таксиде келе жатып естідім. Қазір әлеуметтік желіде де қызу талқыға түсіп жатқан басты тақырып – осы. Жәрдемақы алу үшін уақытша ажырасып кеткендердің де, жалғыз сиырын сойып алғандардың да барын естіп жүрміз. Мына жағдай осы мәселенің тағы бір қырын көрсеткендей. Әлеуметтік жағдайды оңалтамыз деп, отбасылық құндылықтардың құны төмен заманда талай шаңырақты шайқалтып алған жоқпыз ба өзі, деген ой орала берді ойыма.

Еңбек – тұрмысты түзейтін бірден-бір фактор

Көптеген елдерде әлеуметтік саясат негізінен әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың төменгі деңгейін қолдауға ғана бағытталады. Мұндай көмек тұрғындардың тұрмыс ахуалын түзеп алуға себепші болуы тиіс. Алайда осындай жүйе Еуропадағы бірқатар дамыған мемлекеттер мен АҚШ-та әлеуметтік масылдық мәселесін туындатқаны жасырын емес. Әлеуметтік масылдық мәселесі Еуроодақтың дамыған елдеріне және АҚШ-қа тән. Онда кейбір азаматтарға жұмыс істемеу тиімді. Өйткені әлеуметтік жәрдемақылар мен сақтандыру төлемдері есебінен-ақ өмір сүруге болады. Дегенмен қазіргі әлемдік қаржылық тоқыраудың салдарынан кей елдерде әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға байланысты проблемалар туындауда.
Бұл нені көрсетеді? Қай кезеңде де еңбек әлеуметтік жағдайды жақсартатын бірден-бір фактор болып қала бермек. Тұрақты табыс қана тұрмыстық ахуалды түзейді. Сөзіміз дәйекті бола түсу үшін тағы ел ішіндегі нақты мысалдарды тілге тиек етсек.
21 мың теңге жәрдемақы туралы естігелі бір көршім комиссия көрмесін деп көлігін 1 ай бойы біздің үйдің ауласына қойып жүрді. Мұнымен қоса, қайын атасының өздерімен бірге тұратынын жасырып, оның құжатын рәсімдеді. Ал сыныптасым осы көмекті алғалы күйеуі тіпті таксилетуді қойып, үйінде жұмыссыз жатқанын айтып жүр. Тізе берсек, мұндайлар көп, өте көп.
Осыған қарап, әлеуметтік көмек көрсетеміз деп, әлеуметтік масылдықты күшейтіп алмадық па екен деген ой келеді тағы. Қазір қоғам екіге жарылғандай. «Еңбегіне қарай өнбегі» демеуші ме еді, қазақ. Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ біразы алдымен еріншектігінен өз күнін көре алмай отыр емес пе? Ауласындағы арам шөпті жұлуға ерінген, қара жұмысты қорсынған адам қайдан байысын?
Жақында аз қамтылған, көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған отбасылардың несиесі кешірілетіні жайлы ақпарат тарады. Сондағы әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқысаңыз, жаңыныз түршігеді. «Оған да тағы сандалтқызатын болыпты ғой. Ана құжатыңды әкел, мына құжатыңды әкел деп. Беретіндерін әшейін-ақ беруші ме еді, бұлар…» деген сыңайдағы пікірлерді көріп, жағамды ұстадым. Тіпті, құжаттарын апарып өткізгенге ерінетіндер бар. Сонда үйде қимылдамай жатсақ, жергілікті атқарушы органдар бізді еш әуреге салмай ақшаны қолымызға әкеліп ұстатып отырғаны дұрыс екен.
Кімге міндетсінеміз? Ең бастысы неге? Үкіметке, Отанға міндетсіну үшін де оған қандай да бір еңбегіміз сіңуі керек шығар. Иә, барлығымыз бірдей байып кетпедік. Байығандар байи түсіп, жемқорлар көбейген шығар. Бірақ солай екен деп Үкіметке қол жайып, талап ете беруіміз, қит етсе, көшеге шығып, дау-жанжал туғызу қаншалықты орынды? Бейшаралықтан құтылу үшін әркім өзі қимылдап, еңбек етуі керек қой. Мемлекетке алдымен «жұмыс тауып бер, атқарған жұмысыма лайықты жалақы бер, осы елдің азаматы ретіндегі барлық құқықтарым қорғалсын» дегендей талап қойсақ, әңгіме басқа. «Балық берме, қармақ бер» деп бекер айтпаған. Әлеуметтік желідегілердің жазғандарын оқысаң, мемлекет тарапынан осы уақытқа дейін ешбір қамқорлық, көмек, жеңілдіктер тіпті жасалмағандай.
Қазір бізге керегі – Жалпыға ортақ еңбек қоғамы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде халықтың табысын арттыру жөнінде сөз қозғап, елді әрі қарай дамытудың 10 бағытын атап көрсетті. Төртінші бағытта: «Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние» дей келіп, мемлекеттің бюджет қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу керектігін айтты.

Бос жұмыс орны қайда бар?

Жалпы бұған дейін де әлеуметтің жайы назардан тыс қалған емес. Мәселен, бір ғана Байзақ ауданында соңғы 6 ай ішінде ақылы қоғамдық жұмысқа – 444, тұрақты жұмыс орындарына 340 адам орналасып, жастар тәжірибесі бойынша 249 адам жолдама алған. Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі Әлия Саққұлованың айтуынша, ауданда жұмыспен қамту мәселелері жөнінде өтініш берген азаматтар саны – 2006. Бүгінгі күнге оның 1513-і аудан мекемелерінде ашылған жаңа және бос жұмыс орындарына орналасып, жұмыспен қамтылған.
– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының» бірінші бағыты бойынша 148 адам техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етілді. Екінші, жаппай кәсіпкерлікті қолдау бойынша 17 азаматқа 63,3 миллион теңге көлемінде несие алды. 141 тұрғын кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді. 143 жанға мемлекеттік грант беруді жоспарлап отырмыз.
Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарына келер болсақ, 1 шілдеге дейін 3324 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде шартсыз ақшалай көмек 209, шартты ақшалай көмек 3115 отбасыға қаралды. Ауданда 3055 көпбалалы отбасы болса, оның 1481-і атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.
Бізде атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту мәселесі де назарда. Атап айтсам, олардың 177-сі ақылы қоғамдық жұмысқа, 43-і әлеуметтік жұмыс орнына, 21-і қысқа мерзімді оқуға, екеуі жастар практикасына, барлығы 284 адам тартылды, – дейді Әлия Бағысбекқызы.
Біз тек бір ауданның бір бөлімінің 6 айда атқарған жұмысына қысқаша шолу жасадық. Осы бағытта бүкіл аудан, облыстар жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті, басқа да кез келген саланы дамыту, қолдау мақсатында қаншама бағдарламалар бар, оның бәрін бір мақалада тізіп шығу тіпті мүмкін емес.
Барлығы ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруды көздейді. Ендеше, әркім алдымен өзі үшін тым құрыса салалық бағдарламалармен танысып, тиісті құзырлы орындарға барып, «екі қолға бір күрек сұраса», қолынан келетінін өзі ары қарай дамыта түссе, ізденсе, жемісін көрері анық. Әсіресе қазіргі интернет, әлеуметтік желінің көмегі арқылы ғана қаншама нәрсені үйренуге болады. Мүмкіндік мол.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support