- Advertisement -

Жат пиғылды топтарды дәстүрлі идеологияның көмегімен жеңеміз

58

- Advertisement -

Кез келген баянды болашақты жоспарлаған ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Әр буынның пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. Бүгінгі жаһандану ғасырында, жалпыадамдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы кезеңде жастар тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде күн тәртібіне еніп отырған маңызды мәселелердің бірі болып тұр. Тарих сахнасының қай сатысына қарасақ та, қандай қоғамда болсын діни сенім мен рухани ұстаным – мемлекет үшін маңызды тіректердің бірі саналған.Кешегі, арысы – үш ғасыр, берісі жетпіс жыл адам санасын материалдық мүмкіндіктермен шектеген Кеңестік кезеңнің қабырғасы сөгілгеннен соң бауырлас Орта Азия елдерінде, соның қатарында қазақ топырағында Хақ сенім қайта түлеп, халықтың рухани кеңістігі түбегейлі өзгерді. Бүгінгі күні дін қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің түпқазығына айналды. Ата дінін таныған жұрт өз дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуға талпыныс жасауда. 

Аллаға шүкір, бүгінде құбылаға бет бұрған жандар қатары көбею үстінде. Бұл құбылыспен бірге әртүрлі сын-қатерлер де туындап жатқанын жасыра алмаймыз. Адамзат жаратылғалы жақсылық пен жамандық үнемі арпалысып, таласып, ақ пен қара алмасып келеді. Соңғы уақытта бұлыңғыр саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін, дінді қалқан етіп, теріс түсіндіріп, қоғамда исламафобтық көзқарасты қоздырушы топтар да көбейіп келеді. Бұғанасы қатпаған, оң-солын танып үлгермеген, психологиялық тұрғыда өсіп-жетілмеген жастарымыздың арасында сәләфилік, уаһабилік, құраншылдық сияқты т.б. неше түрлі ағымдарға бөліну белең алып барады.
Бұл құбылыс тек қана бір континеттік емес, жалпы жаһандық сипат алып жатқанын да айтуымыз керек. Өйткені маргиналды топтар дінді саясиландырып, экстремизм дәнін әлемге шашып әлек. Тіпті, бүгінгі замандағы терроризм мен экстремизм ұйымдасқан трансшекаралық қылмыспен тығыз бірігіп кетті десе де болады. Діни экстремизм түсінігінде «өзіңе қалаған нәрсені басқаға да қала» деген қағидалар болмайды. Олардың басты қаруы – қатігездік пен шапқыншылық, тұрақсыздық пен бұзақылық.
Дінді бетперде еткен аталмыш ағымдар көне заманнан Орта Азия елдерін мекендеген мұсылмандардың ұстанып келген сара жолы – Әбу Насыр Әл-Фараби, имам Бұхари, Қожа Ахмет Ясауи, Ат-Тарази сынды т.б. тұлғалар ұстанып, бізге мирас етіп кеткен дәстүрлі исламды, атап айтқанда, Ханафи мазхабын мойындамай, таза исламның көрінісіне кір келтіріп, белгілі фобиялар тудыруда. Оның соңы экстремистік, ақыры аяғында террористік әрекеттерге ұласып та жатыр.
Жалпы, діни экстремизм мен терроризм – ғаламдық, жаһандық құбылыс. Терроризмнің ұлты, нәсілі, діні болмайды. Жыл сайын діни экстремизм мен терроризм индексін жариялап отыратын, британдық «Maple Croft» компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, адам мекендемейтін Гренландия мен Антарктиданы есепке алмағанда, әлемде діни экстремизм мен терроризм қаупі төніп тұрмаған аймақ жоқ екен.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында сөйлеген сөзінде терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып бара жатқандығын әлемдік қауымдастыққа тағы бір ескертіп, БҰҰ-ның жүз жылдығына «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» Жоспарын әзірлеуді ұсынғаны есімізде. Аталған құжат аясында БҰҰ-ның қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру идеясын тастап, бұл міндетті жүзеге асыру үшін БҰҰ-ның терроризммен күрес жөніндегі мәселенің бәрін қамтитын құжатын әзірлеп, қабылдау қажеттілігіне тоқталған болатын.
Ислам діні экстремизм мен терроризмді айыптайды. Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала: «Дінде зорлық жоқ» деп, асыл дінге бет бұруды әр адамның жеке өзіне қалдырған. Ислам – наным-сенімдердің жиынтығы ғана емес, ислам – білім, ғылым, прогресс діні. Ата-бабаларымыз саф дінді қылыштың жүзімен емес, үлкен парасат-пайыммен ерікті түрде қабылдап, сан-салалы мәдениетімен, руханиятымен ұштастыра білді. Бұл сөзімізге тарихымыздың ақтаңдақ беттері куә.
Орта Азия топырағына ислам келісімен, білімі мен ғылымы қарыштап дамыған. Дінге парасат-пайыммен терең бойлаған қасиетті Мәуреннаһр өлкесі, байырғы Орта Азия даласы есімдері күллі ислам әлеміне мәшһүр болған Әбу әл-Мұғин ән-Насафи, Әбу әл-Лайс ас-Самарқанди (шамамен 983-984 жж. қ.б.), Әбу әл-Аббас ән-Натифи (1054 ж. қ.б.), Имам Қауам әд-Дин әл-Итқани, Абдул-Ғафур Әл-Кердери, Хусам әд-Дин ас-Сығанақи сынды бірқатар ғұламаларды тудырған. Бұл ғалымдардың еңбектері уақытында қуатты интеллектуалдық өркениетті құруға негіз қалады. Олардың шығарған фәтуалары (діни шешімдері, қаулылары) жергілікті дәстүр мен дін нормаларын реттеуші құралға айналды.
Бүгін де Орта Азия мұсылмандары осындай қуатты, ортақ тарихи құндылықтарымызбен мақтануымыз керек. Мақтанып қана қоймай, осы құндылықтар арқылы ислам өркениетінің интеллектуалдық рөлін қайта жаңғыртуға атсалысқанымыз дұрыс. Өзінің өткен тарихындағы шынайы рухани құндылықтарды сақтап, оларды ұрпақтан-ұрпаққа рухани мұра етіп қалдырған халықтың ғана жарқын болашағы бар.
Бүгінгі аға буынның міндеті әртүрлі жаһандық құбылыстар мен кедергілерге қарамастан, өзімізге аманат болған дәстүрлі ислами құндылықтарды қаз қалпында бүгінгі жастарға, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру болып табылады. Осы ретте, кейінгі жастардың ойын бір жерде тоғыстырып, біріге жұмыс істеуге шақыратын сұхбат алаңын құру керек. Бұл келешек буынның ауызбіршілігін нығайтып, кереғар топтарға біріге қарсы тұруға септеседі. Содан кейін, әр жыл сайын Орта Азия мұсылман жастарының форумын ұйымдастыруды қолға алсақ. Бұл алдыңғы ойды кең көлемде қуаттай түседі. Үшіншіден, Орта Азия дін мамандарының біліктілігі мен білімін жетілдіруге бағытталған ортақ институттың іргесін қалау қажет.
Қарт тарихтың шабысында «Кеше», «Бүгін» және «Ертең» деп аталатын үш уақыт кеңістігін бейнелейтін өлшемі бар. Олардың әрқайсысы көпір іспеттес. Бір-бірінен ажырағыссыз, бір мезгілде бөлек-бөлек, тағы бір мезетте біртұтас ғұмыр кешетін бұл көпірлердің әрқайсысы бір-бірі үшін қызмет жасаса ғана тағылым мен танымның, парасат пен пайымның тұнығынан адамзат баласы шөлін қандырып отырады. Жарқын болашаққа қол жеткізу үшін дәл қазіргі уақытта кешегімізді дәріптеп, дәстүрлі құндылықтарымызды жастар арасында насихаттай білсек қана экстремизмнің және терроризмнің дертін жеңетін боламыз.

Асхат ҚОЙШЫҒАРА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support