Арыстық балалар Жамбыл жерінде алаңсыз демалады

Бала емес пе, әуезді әуен жан тербеген соң, бір сәтке бәрін ұмытып, қызықты ойын-сауықтың ортасына еніп-ақ кетті. Кешегі баспанасын тастай қашқан кездегі балғындардың көрген қиындықтарын жеңілдеткісі келгендей жамбылдық жеткіншектер де түрлі шаралар ұйымдастырыпты. Шетінен өнерлі өрендер бірінен кейін бірі ән шырқап, би билеп көптің көңілін баурап алды.Осыдан бірнеше күн бұрын арыстық балалардың алғашқы легі Тараз қаласына келіп, қала сыртында орналасқан жазғы сауықтыру кешендеріне жіберілген болатын. Демалыс шараларын ұйымдастырушылар оларға қажетті киім-кешектерін де сатып әперді. Екінші лекпен келген тағы 100 жеткіншекті облыстық білім басқармасының мамандары мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта күтіп алды. Балғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Енді арыстық жүз бала Т.Рысқұлов, Меркі, Байзақ, Жуалы аудандарындағы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Осы демалыс кешендерінің барлығы дерлік тау бөктерлерінде орналасқан. Сондықтан бұл жеткіншектердің денсаулығын нығайтуға таптырмас мүмкіндік. Бұған дейін көрші өңірден келген меймандардың алғашқы легі Жамбыл ауданы Жасөркен ауылының аумағында орналасқан «Болашақ» және Жуалы ауданындағы «Тау самалы» сауықтыру лагерьлеріне орналастырылған болатын.
– Балаларға спорттық, шомылу киімдері мен гигиеналық заттар, аяқ киім және бас киімдер әпердік. Қажетті шаралардың бәрі ұйымдастырылған. Олардың лагерьдегі демалыстары қызықты әрі есте қаларлықтай өтуі үшін 1 ай бойы спорттық ойындар, түрлі үйірмелер, спектакльдер және өзге де танымдық кештер өткізіледі, – деді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.
Балаларды Тараз қаласына жеткізетін көлікті де жергілікті билік өкілдері ұйымдастырып отырғанын айта кеткен жөн. Қиын-қыстау шақта жұдырықтай жұмылып, қолұшын созған көпшіліктің тілеуі мен ниеті ғой, арыстық ағайындар бүгінде өз үйлеріне оралып, ес жиып, еңсе көтеріп қалды. Бұл жағдайда бірлігімізді таныттық. Әлі күнге еліміздің әр аймағы әлеуметтік көмекпен қатар, балалардың жазғы сауықтыру демалыстарын да ұйымдастыруда.

Камила Борашова

Comments are closed.