Бизнеске арналған басылым жарық көрді

Әулиеата өңірінің ақпарат айдынына тағы бір басылым қосылды. Бұл – кәсіпкерлік саласына арналған «Bereke bastaýy» газеті. Бұқаралық ақпарат құралы алғашқы санының өзінде бизнес тақырыбына қатысты біраз дүниені қамтыпты.
– Мемлекет тарапынан бизнесті дамытуға үлкен қамқорлық жасалуда. Жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы, өзге де мүдделі мекеме-кәсіпорындар тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Дегенмен ақпараттың аздығынан, құқықтық сауаттылықтың әлі де болса төмен деңгейде болуынан кәсіпкерлік құрылымдарының нәтижелі жұмысы көзге көрінбеуде. Мемлекеттік қолдау тетіктері туралы мәліметтерді бір арнаға тоғыстырудың маңыздылығы зор. Біздің басты мақсатымыз – осы, – дейді басылымның бас редакторы, облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік.
Расында да Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан «Әуелі экономика, сонан соң саясат» қағидасын берік ұстанып, елімізге инвестиция тартуға, қолайлы бизнес-климат қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап келеді. Ұлт көшбасшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында да бұл мәселені назардан тыс қалдырған емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін аңғартып, нақты міндеттерді белгіледі. Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Республикасы Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын инвестициялар тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын, кең көлемді орта қалыптастыратын боламын» деп атап көрсетуі осы ойымызды нықтай түседі.
Басылым әзірше айына екі рет жарыққа шығып, 1000 данамен облыс аумағына тарауда. Келешекте оқырман санын арттыруға басымдық берілмек.
Ендеше, Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында қалам тербеуді мақсат тұтқан «Bereke bastaýy» газетінің қадамы құтты болғай! Бизнес пен медиа салалары тізе қоса қимылдаса әлі талай белестерді бағындыратындығы даусыз.

Мөлдір ТЕМІРЛАН.

Comments are closed.