- Advertisement -

Аула берекесінің артуы – ауыл әкімдеріне абырой

57

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған арнайы жұмыс топтарының өңірдегі үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылықтардың жай-күйін зерделеу ісі Жуалы ауданында түйінделді. Өңір басшысы бұған дейін барлық аудандарды аралап, тұрғындармен кездесіп, оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рəсімінде міндеттеген негізгі он маңызды бағытты жүзеге асыру жайын, оның ішінде қосалқы шаруашылықтарды дамытудың мәні мен маңызын айтып, түсіндірген болатын. Жалпы, бұл тұрғыда «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауыл халқының белсенділігін арттырып, үй жанындағы қосалқы шаруашылық ісін жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын үйлестіре отырып, ауыл жұртының əл-ауқатын арттыру көзделген-ді. Өңір басшысы Жуалы ауданына жұмыс сапары барысында Нұрлыкент пен Қызыларық ауылдық округтері тұрғындарымен, аудан, ауыл əкімдерімен кездесті, сондай-ақ үй жанында қосалқы шаруашылық жүргізіп отырған бірқатар аулаларды аралап көріп, танысты.
Түстен кейін аудан əкімі аппаратының мəжіліс залында өңір басшысы Асқар Исабекұлының қатысуымен өткен жиында жұмыс топтарының жүргізген жұмыстары зерделенді. Алдымен өздері басқарған топтың жүргізген жұмыстарымен облыс əкімінің орынбасарлары Мұратхан Шүкеев пен Нұржан Календеров таныстырып, Мыңбұлақ пен Көкбастау ауылдық округтеріндегі шаруаның жай-күйін тарқата айтып берді.
Мəселен, Мыңбұлақ ауылдық округінде 4536 тұрғын, 808 аула бар екен. Ауылда 277 гектар жер болса, оның 107 гектарын үй жанындағы жер телімі құрайды. Пайдаланылып отырғаны – 64 гектар. Бұл – 448 аула көкөніс егіп, соның жемісін тұтынып отыр деген сөз. Ал 360 ауланың 43 гектар жері əлі күнге тиімді игерілмей келеді. Оның ішінде 136 аула жерін пайдаланбаса, 87 аула мал ұстап отыр. Мұндағы 485 аулада 924 сиыр сауылып, күніне ірімшік зауытына 7,4 тонна сүт өткерілуде. Қалған 259 аула мал ұстамайтын болып шықты.
Көкбастау ауылдық округінде 530 аула болса, үй жанындағы жер телімі 87,8 гектарды құрайды. Оның 62 гектары игерілуде. Мұндағы сауын сиырының саны – 451. Олардан күнделікті 6,8 тонна сүт өндіріліп отыр.
Аталған округтер əкімдері есептерінде бұл жөнінде нақтылап айтып бере алмады. «Біз енді ауылдың жағдайын қашан білеміз? Ауылдың бүгінгі шынайы жағдайын кім айтып бере алады? Ауылды көтеру үшін қандай жоба керек? Ауыл əкімдері өзі тұрып жатқан ауылдың жағдайын неге білмейді?» – деп есептен шатасқан 14 ауылдық округ əкімдерін сын тезіне алған өңір басшысы олардың жауаптарына қанағаттанбағандығын жеткізді.
Шақпақ ауылдық округінің əкімі Мұстафа Бектұрғанов әріптестері арасынан суырылып шығып, есеп берген еді, ол да қойылған сұраққа нақты жауап бере алмай сүрінді.
– Біздің айтып отырғанымыз – халықтың әл-ауқатын, тұрмысын көтеру мәселесі. Мен не айттым, ал Шақпақ ауылдық округінің əкімі не айтты? Осыдан-ақ ауылдық округ əкімдерінің жұмысының деңгейі қандай екенін көруге болады. Халықтың жағдайын көтерудің бірден-бір жолы – үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықты дамыту. Осыны барлық ауданда болғанымызда айтып келе жатырмыз. Біз алдымен бірінші кезекте əр үйдің тиімділігін есептеп шығаруымыз қажет. Нұрлыкентте болған кезде байқалғаны – əр аула орта есеппен айына 40 мың теңге табыс табады екен. Ол – аз. Біз бірінші кезекте үйдің іргесінен қандай табыс табуға болатындығының тиімділігін анықтап алуымыз керек. Сатып алуды, өнімді өткеруді, жеке қосалқы шаруашылықтарды жақсы тұқыммен қамтамасыз етуді үйлестіру керек. Бұл жұмысты үйлестіретін – мына отырған ауыл əкімдері. Тағы да қайталап айтамын, бірінші кезекте үй жанындағы жерді тиімді игеруіміз керек. Екінші бағыт – жеке қосалқы шаруашылықтың басқа қандай жобасы бар? Осыны зерделеу керек. Қосалқы шаруашылықты дамыту арқылы ғана халықты табыспен қамти аламыз.
Халықты жаппай жұмыспен қамтудың жолын білесіздер. Оның жолы біреу – ауылдағы қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсету. Түсінсеңіздер, біздің басты мақсатымыз – жаппай халықтың жағдайын көтеру. Осыны ауылдық округтің əкімдері дұрыс түсінбесе, есеп дұрыс қалыптаспайды. Алдымен осыны өзіміз түсініп алайық. Содан кейін айтуға да оңай болады, – деген Асқар Исабекұлы жиынды қорытып, тиісті басқарма мен аудан жəне ауыл əкімдеріне тапсырма берді.

Ерғали Қартайған,
Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Мойынқұм және
Жуалы аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support