- Advertisement -

«Адал ұрпақ» клубының мүшелерімен кездесті

65

- Advertisement -

Елбасы Н.Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі департаменті мен облыстық білім басқармасының бастамасымен мектеп оқушылары арасында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылған болатын.
Мектеп оқушыларының бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – басты мақсат. «Адал ұрпақ» клубы облыс бойынша 392 мектепте құрылған. Оған бүгінде 15832 оқушы қамтылған екен.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Тараз қаласындағы «Адал ұрпақ» клубының мүшелерін арнайы қабылдап, олармен еркін форматта әңгіме өрбітті. Кездесу орны арнайы жиын өткізетін залда емес, Бекболат Серікбекұлының жұмыс кабинетінде өтуі оқушылар үшін ерекше болды.
– Бүгінде мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыруға баса көңіл бөлініп отыр. Әрине, әр жұмыстың өзіндік қыр-сыры, қиыншылығы болады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде он бағыт бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Соның екінші бағыты – сыбайлас жемқорлықты жою. Мемлекет басшысы 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын айтты. Бұл – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел, қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сондықтан оған қарсы жүйелі жұмыс жүргізу – біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер билік пен халық арасындағы алтын көпір екенін естен шығармаңыздар. Өмір жолдарыңызда тек сәттіліктер көп болсын! Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары оқушыларға өзінің өмір жолын да таныстырып өтті.
«Адал ұрпақ» клубының мүшелері арнайы жасалған жоспар негізінде мектеп оқушыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қалай жүргізілетінін тілге тиек етіп, оған жол бермеу жолдарын түсіндірді. Олар түсіндіру жұмыстарымен қатар, стенд жасап, көрнекіліктерді қолданып, жасөспірімдерге дұрыс ақпарат беруге көңіл бөледі екен. «Мектебімізде «Парасат» өзін-өзі басқару ұйымы жұмыс істейді. Біздің оқу орданың жетістігі, ол – оқушылардың тәрбиесі деп айта аламын. Биыл үшінші тоқсаннан бастап «Адал дүкен» шарасын ұйымдастырдық. Арнайы орынға оқуға қажетті құралдарды қойдық, әркім сол жерден өзіне қажеттісін алып, ақшасын сонда қойып кетеді. Ешқандай оқушы талапты бұзған жоқ», – деді Тараз қаласындағы №45 классикалық гимназияның оқушысы Уәлихан Әсембек.

 

Камила БОРАШОВА

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support