Жиырма бір жылдың сәулетті шежіресі

Сарыарқа төсінде Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз ел астанасының бой көтергеніне де 20 жылдан асты. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу қалалардың біріне айналды. Тарихқа сәл шегініс жасап, елордамыздың жылнамасына көз жүгіртсеңіз, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланған күн еске түседі. Ал 1998 жылдың 10 маусымында әлем картасында пайда болған жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өткен еді.

Сонымен осыдан 25 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы іске асты. Бұл идея дәл сол кезде ғана туындамаған. Тарихқа үңілсек, Әлихан Бөкейханов өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген еді. Бұл ХХ ғасырдың басы болатын. Өкінішке қарай ол кезде қалыптасқан саяси ахуал алаш жұртын Қараөткелге (қазіргі Астана) шоғырландыруға мүмкіндік бермеді. Оның сәті өткен ғасырдың соңындағы азаттықпен бірге келді. Қазақ тарихының жаңа беттері ашылды.
Тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау бақыты Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды. Елбасы өзінің төлтуындысына баланған ел астанасы туралы толғауында: «…1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайланғаннан кейін, мен Ақмолаға келдім. Есілден көлденең тартылған ескі көпірдің ортасында тұрып, өзенге қарадым. Маған қаланың ортасында ағып өзен жатқан болса, қашанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерекше бір көрік береді, мәртебесін көтереді. Мысалы, бізде Жайықтың бойында Атырау, Сырдарияның бойында Қызылорда, Тобылдың бойында Қостанай, Ертістің бойында Семей мен Кереку орналасқан. Ал әлемде қаншама астаналар ылғи өзен жағасына салынған! Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Сенада, Лондон – Темзада тұр. Оның үстіне Ақмола Қазақстан мен бүкіл Еуразияның орталығына орналасқан» – деп жазды.
Кеңестік дәуірде Қазақстанның астанасын Орынбор, Қызылорда, Верный қалаларына ауыстыру жұмысы Мәскеудің ықпалымен жүргізілді. Ал жаңа Астана – тәуелсіз Қазақстанның өз таңдауы. Бұл идея пісіп-жетілуі тиіс еді. Әрине, оған да уақыт қажет болды.
Тарихи құжаттарға сүйенсек, Астананың тарихы б.д.д. ІІІ мыңжылдықтан бастау алады. Сарыарқаның дәл жүрегіне Есіл мен Нұра өзенінің аралығына ғұндардың көсемдері қорғанын тұрғызады. Дәл сол кезеңде Ұлы Даланың өркениетін қалыптастыруға үлес қосқан ғұндар (ата бабаларымыз) осы қаланың іргетасын қалаған. Бұл туралы сонау ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген шетел саяхатшыларының еңбектерінде айтылады. Бұндай көзқарасты сенімді түрде бекіткен тарихи ескерткіш, көне жәдігер – қаладан 15 шақырым жердегі Тайтөбе жотасындағы ескі қорған. Бұл қамал ғасырлар бойы шегі мен шетіне көз жетпейтін ұлы даланың қарауылшысына айналады. Қаланың алғашқы аты – Ақмола атауы ғұндардың тілінен аударған кезде «ақ» – батыс, «мола» – қамал деген мағынаны береді екен. Сөйтіп Ақмола – «Батыстағы қамал» деген сөзді білдіреді.
1832 жылы Есіл өзенінің жағасы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі салынды. Содан 1863 жылы 16 шілдеде бұл аймақтық қала болып ресми түрде бекітілді. Ал 1960 жылдың желтоқсанында Қазақстанның барлық тың игеретін облыстарының орталығы болып жарияланды. Қала 1961 жылға дейін Ақмола, 1992 жылға дейін Целиноград, 1998 жылға дейін Ақмола деп аталды. 1998 жылы Ақмола еліміздің астанасы болып жарияланған соң, қала атауы Астана деп өзгертілді.
Биыл 23 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Парламент депутаттары бұл идеяны бірауыздан қолдап, атауды өзгерту туралы шешім қабылдады.
Тағы да кәрі тарихқа жүгінсек, Санкт-Петербург қаласын I Петр батпақтың үстінде тұрғызғанын білеміз. Бұл қадам Ресейдің үлкен империя ретінде қалыптасуына негіз болды. Ал тәуелсіз еліміздің даму жолында Н.Назарбаевтың реформалары келешегімізді жарқын етті. Мемлекетімізде үлкен саяси оқиғалар орын алды. Әлем өркениетінде өзіндік таңбасы бар, еліміздің экономикасының өркендеуіне жол ашқан Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Ал елордамыз Астананың Нұр-Сұлтан болып аталуы бұл – тарихи шешім.
Елорда – мемлекетіміздің динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Барша қазақстандықтарды біріктіруші күшке ие. Жарқын, қуатты, гүлденген қала. Ел астанасы – Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірінде жүзден астам ұлт өкілі өмір сүреді. Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар дер едім.
1999 жылдың шілде айында Астана ЮНЕСКО-ның шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Елордамыз өткен 20 жылда төрткүл дүние көз тіккен көптеген әлемдік және халықаралық форумдардың алаңына айналды. Жер-жаһанға Астанадан ақжолтай ақпарат таратылып, бас қаламыздың мәртебесі мен мерейі асқақтады. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында республиканың елордасы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдады. Сондай-ақ Астанада «Expo-2017» халықаралық көрмесі өтті. Міне, осындай тарихи сәттердің барлығы елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласының абыройын асқақтатты.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаhандық табысына айналды.
Иә, бүгінде сәулеті мен дәулеті жарасқан елордамызды төрткүл дүние танып отыр. Нұр-Сұлтан жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің жасампаз қаласы атанды.

Зағира ТОҚБЕРГЕНОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің тарих және әлеуметтік педагогика факультетінің деканы,тарих ғылымдарының кандидаты.

Comments are closed.