«Астана» құрамын күшейтіп жатыр

Аз күннен соң футболдан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдері басталады. Маңызды аламанның қарсаңында елордалық «Астана» командасы құрамын шетелдік ойыншылармен күшейте түсті. Мәселен, осы кезге дейін Францияның «Тулуза» командасында жасындай жарқылдаған Фирмин Мубеле енді «Астананың» жейдесін киді. «Астана» конголық шабуылшыны бір жылға жалға алып отыр.
Мубеле әр жылдары Катардың «Әл-Ахли», Францияның «Ренн» командаларының сапында жасыл алаңға шыққан. «Ренн» командасы еліміздің жанкүйерлеріне жақсы таныс. Фирмин Францияның жоғарғы чемпионатында 60 ойын өткізіп, 10 гол соққан. Сондай-ақ ол Конго ұлттық құрамасының сапында 45 мәрте алаңға шығып, 9 рет мергендігімен көзге түскен. Түйіндеп айтқанда, «Астананың» үмітін ақтайтын ойыншы.
Бұған дейін «Астана» сапында конголық Жуниор Кабананга ойнаған болатын. Жуырда ол Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубына ауысты. Кабанангасыз қалған «Астана» енді Мубелеге сенім артады.
Ал жерлесіміз «Тараз» футбол командасы бүгін өз алаңында Ақтөбенің «Ақтөбе» командасын қабылдайды.

Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.