- Advertisement -

Домбыра туралы аңыз

389

- Advertisement -

Ертеде атақ-даңқы алысқа кеткен, айбарлы, адуынды бір хан болыпты. Сол ханның қол астында бір көңілді, бірақ кедей жылқышы болады. Ол екі иығына екі кісі мінгендей, кескін-келбеті көрікті, сүйкімді жігіт екен. Бір басына жетерлік сан қырлы өнері де мол болған. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт әрі жауырыны жерге тимеген палуан жезтаңдай әнші екен. Түнде жылқы күзетінде жүргенде, ашық аспан астында шабыттана ән салғанда, тыңдаған жұртты қайран қалдырады.

Бір жолы хан қыстауынан жазғы жайлауға көшеді. Хан қызы күміс күймемен келе жатқанда, жайлауға қарай мамырлай бет алған қалың жылқының жанынан өтеді. Сол кезде құлағына сазды, әсем ән келеді. Ханның ару қызы күйменің торғын пердесін ысырып, сыртқа еріксіз көз тастайды. Жылқының бергі қапталында ән айтып келе жатқан жігітке көзі түскен хан қызы оның ажар-көркіне, әніне қайран қалады. Бірақ көп қадалып қарауға дәті бармай, бетін бұрып әкетеді.
Жігіттің кең даланы кернеген әсем әні тұла бойын шымырлатып, жан дүниесін өзгеше күйге бөлейді. Бұдан кейін хан қызы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Түні бойы сонау жылқы өрісі жақтан естілген әсем әнді демін тартып, үздігіп тыңдайды. Мазасы кеткен хан қызы бір күні ең жақын көретін жеңгесіне бар сырын айтып, жылқышы жігітпен кездестіруді өтінеді.
Алғашында тосын әңгіменің әсерінен абдырап қалған жеңгесі есін тез жыяды.
– Еркежан-ау, ол кедей жігіт қой, қалай болар екен? Әкең, ағаларың біліп қойса қайтесің? – дейді үрейленіп.
– Жоқ, жеңеше, жолығатын жолын тап. Төзімім таусылды, – деп жалынады.
Содан хан қызы жылқышы жігітпен үнемі кездесіп жүреді. Аяғы ауырлап қалған қызды анасы мен жеңгесі көп көзінен жасырып ұстайды. Бір күндері айы, күні жеткен қыз егіз нәрестені дүниеге әкеледі. Бұл тосын жай хан құлағына тез жетеді. Ол дереу күнәлі жігітті таптырып, ара түсіп шырылдаған қызының зарына қарамастан, оны көп алдында дарға асады. Хан қызын үйқамаққа жаптырып, екі сәбиді мыстан кемпірдің қолына беріп: «Мына екі некесізді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, көзін құрт», – дейді.
Қос сәбиді қолтығына қыса жөнелген мыстан елден алыс, шалғайда өсіп тұрған жап-жасыл үлкен бәйтеректің басына шығып, ұлды батысқа қаратып, қызды шығысқа қаратып іліп кетеді.
Құлындағы даусы құраққа шыққан қос сәби жан ұшыра шырқырай жылап, әл-дәрмендері таусылғанша бұтаққа ілінген күйі тырбаңдап тұра береді. Сәбилердің көз жасы тамған жап-жасыл бәйтерек біртіндеп сола бастайды. Бейкүнә нәрестелердің жүрегі тоқтаған шақта ағаш та қуарып, өсуін тоқтатады.
Күндердің күнінде қыз үйқамақтан босанады. Ол балаларын ойлай-ойлай, делбе секілді ауруға шалдығады. Бір күні қыз ауылдан қашып шығады. Ол түбінен бұлақ ағып жатқан, жапырақтары солып, қураған бәйтеректің түбіне келіп, арқасын ағашқа сүйеп отырады. Көзі ілініп кетеді. Түс көреді. Түсінде әлгі бәйтерек басына салбырап ілініп, шырқырап жылап тұрған жалаңаш балаларды көреді де, шошып оянады. Орнынан атып тұрып, ағаш басына қарайды. Ешкім жоқ. Жүрегі кеудесін жарардай соғып, есеңгіреген күйі орнына қайта отырады. Арқасын ағашқа тіреген күйі көзін қайта жұмады. Ұйқылы-ояу отырған кезде құлағына бұрын естіп көрмеген бір әлсіздеу, мұңлы, зарлы сарын естіледі. Ол дереу орнынан атып тұрады. Жаңағы жұмбақ әуеннің қайдан шыққанын білгісі келеді. Бетін жалбырай жауып кеткен шашын ысырар-ысырмастан ағаш басына өрмелей жөнеледі. Көз алды тұмантып, үн шыққан тұсқа ұмтыла береді. Сол кезде қыз салмағымен шайқалған бәйтерек ортасынан опырылып түседі. Оның іші құр кеуек, қуыс екен. Жерге сұлай жатқан бәйтеректің екі басында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектер көзіне түседі. Осы кезде баяу соғып тұрған жел күшейе бастайды. Керулі тұрған қос ішек желмен тербетіліп, бұрынғыдан да мұңды, зарлы үн төге жөнеледі.
Қыз еңірей жылап, ішектерге бетін төсеп, алақанымен сипалай бастайды. Шығысқа қараған ішегі қаттылау тартылыңқырап, жіңішкелеу, зарға толы үн шығарып тұр екен де, батысқа қараған ішегі бостау тартылып, күңіренген қоңыр үн шығарып тұр екен. Қыз қос ішектен шыққан үнді тебірене тыңдап, теңселіп жүріп алады. Көзі жасқа толып, әр ішекке барып, құлағын төсейді. Көз алдына қос перзенті көлбеп, ішектің жіңішкелеу дыбысынан қызының үнін, жуандауынан ұлының үнін естігендей болады. Көзінің жасы көл болған қыз қос ішек керілген ағаштың діңін құшақтап, күні-түні еңіреп жылайды. Шашы аппақ болып ағарып кетеді.
Жылай-жылай талықсып, қос ішек керілген ағаш түбіне жатып ұйықтап қалады. Қайтадан түс көреді. Астына құйрық, жалы төгілген аппақ атқа мінген, аппақ болып киінген аппақ сақалды қария бұған тақап келіп:
– Қызым, қамықпа! Осы бәйтеректе сенің екі сәбиің көз жұмған. Тұр, еңсеңді көтер! Өлген қайтып келмейді, құр жылаудан ештеңе өнбейді. Жаныңа жұбаныш, көңіліңе қуаныш болар қос ішекті ағытып ал. Астыңғы ішек қызыңның үні болсын, оған Зарлық деп ат қой, үстіңгі ішек ұлыңның үні болсын, оған Мұңлық деп ат қой. Анау құлап жатқан бәйтерек діңінен күй шығаратын аспап жасатып ал. Оған домбыра деп ат қойғайсың! – дейді.
Қыз басын көтеріп алып, көзін ашса, маңында ешкім жоқ. Бірақ жаңағы ақ сақалды аппақ қарияның үні құлағынан күмбірлеп кетпей қояды.
Қыз қария айтқан ағашты алып, еліне оралған соң, атағы алысқа кеткен ағаш шеберіне қос ішекті домбыра жасатады.
Көз жауын алған домбыраны қолына алған қыздың қуанышы қойнына сыймайды. Ол елден оқшау кетіп, мөлдір сулы бұлақ басына, жапырағы қою биік ағаш түбіне отырып, домбыраны ақырын ғана шерте бастайды. Жүрегі лүпи соғып, тал бойы шымырлап, қос ішектен төгілген ғажап әуенге бар жан-тәнімен беріледі. Оның көз алдына өзі туып-өскен даласы, таулы алабы, көгінде бозторғайы қалықтаған көк аспаны, жапырақтың сыбдыры, бұлақтың сылдыры – бәрі-бәрі келе береді. Енді бір сәтте сонау гүлге көмкерілген даламен әдемі киінген қос перзенті шат-шадыман болып жүгіріп келе жатқаны көз алдында бұлдыр сағымдай елестеп қоя береді. Кенеттен күй әуені сұмдық бір мұңға, өксіп-өксіп, іш тартып жылағандай сарынға ұласады. Әлден соң есіп қоя берген самал жел осы алуан сырлы күйлерді қағып әкетіп, кең далаға таратып жібереді. Содан бері осы домбыраның сырлы күйлері бүкіл қазақ даласының әр алабына, сайы мен даласына мәңгілік бауыр басып қалған екен.
Ал қазақтар содан бері атадан-балаға ұлағат етіп «Жапанда өсіп тұрған жеке талды кеспе» деп өсиеттеп кетіпті. Оны әулие тұтып, бұтақтарына әлем байлауды дәстүр етіпті. Тіпті ертеректе жолаушылар маңдарынан өткенде аттарының жалын түйіп тастаған, кей кезде құрбандыққа мал шалып отырған.

 

Пернебай ДҮЙСЕНБИН,Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

мерекелік лебіздер

Жамбыл мен Кенен қастерлеген аспап мен үшін де бағалы

Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
күйші-композитор, ҚР еңбек
сіңірген қайраткері:

– Елбасының Жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланғанын барша қазақстандықтар жылы қабылдағаны белгілі. Себебі домбыра – ұлтымыздың асыл қазынасы, ұлттық аспабы. Осы асыл мұра бала күнімнен бастап, менің өмір бойғы серігім болды. Содан бері 70 жылға жуық өмірімді домбырамен байланыстырып келемін. Қазақ бар жерде, домбыра бар. Жамбыл, Кенен тартқан қастерлі аспаптың қазаққа жақын болуы – заңдылық.
Қазағымның қасиетті домбырасын толғана шертіп отырып, талай-талай күй шығардым. Өзім де күмбірлетіп күй тарттым. Ондайда көңілім керемет әсерге бөленетін.
Өмірге «Ерке сылқым» атты күй келді. Ол күй шарықтап, қазақ даласын шарлады. Менің атымды да шарықтатты.
Әлі де домбыра – менің жан серігім, сырласым! Қазіргі таңда аға буын, орта, жас ұрпақ бәрі өнерімді, еңбегімді бағалайды, сыйлайды. Бірнеше мемлекеттік марапатым бар. Алланың берген жасын көріп, құрметке бөленудей бөленіп отырмын. Соның бәрі қасиетті қара домбыраның арқасы. Домбыраны қазақтың өзі, мінезі, даусы деп түсінемін. Әр қазақтың үйінде қоңыр домбыра ілулі тұруы тиіс деп ойлаймын.
Жамбыл тартқан, Кенен қастерлеген қасиетті аспап мен үшін де бағалы.

Шу ауданы.
Нағашы атамнан үйрендім

Дидар БАСЫҚАРАЕВ,
күйші, республикалық күй
байқауының бас жүлдегері

– Домбыра – қазақ үшін қастерлі ұғым, қасиетті аспап. Домбыра шертуді 11 жасымда нағашы атам Байдуан деген кісіден үйрендім. Ол кісі Талас ауданы Аққұм ауылынан ансамбль ашқан өнерпаз кісі болатын. Сарыкемерде саз мектебінде оқығанымда Сандуғаш Сазалиева баулыды. Алматыда Чайковский атындағы музыка мектебінен білім алдым. Осы саланы меңгеру барысында жолым болды деп айта аламын. Оның үстіне әкем Болат Басықараев – айтыскер ақын. Айтыспен 35 жылдан бері айналысады.
Күйшілікке бейімім үлкен болса да, әкем айтысқа түсіп жүруіме де қарсы болған жоқ. Күйшілік сала бойынша осы қоңыр домбыраның арқасында бірнеше республикалық байқауларда бас жүлде, жүлдегер атандым. Әкемнің жолын қуып, айтысқа да түсіп, облыс көлемінде жүлде алып жүрмін. Айтысқа да қазақтың қара домбырасын ұстап шығамын. Қысқасы домбыра – өмірімнің мәні.
Осы домбырамен ел алдында өнер көрсетіп, абыройға бөленіп жүрмін. Осы домбыраның арқасында ел аралап, жер көрдік. Шетел топырағын да бастық.
Елбасының Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі – Домбыра күні болып аталғанын қуанышпен қабылдадым. Бұл – қазақ болу, ұлттық мұраға бет бұру деп білемін.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support