- Advertisement -

Чемпиондар отбасы

71

- Advertisement -

14Біз көбінесе әртістердің, кино актерлерінің, футболшылардың отау құрып жататынын білетінбіз. Даңқты Бразилия футболшысы Луйс Назарио Роналдо сол елдің қыздар құрамасының белді ойыншысы Милена Домингеспен отбасын құрған кезінде әлемдік БАҚ жарыса жазған болатын. Екеуі де әлемдік додаларда ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғаған саңлақтар. Бір қызығы, Роналдо әлем біріншілігінде Бразилия құрамасының сапында Германиядан басым түссе, Домингес ойнайтын Бразилия құрамасы сол Германияның әйелдер құрамасына есе жіберіп алған-ды.
Біздің өңір боксымен мақтанатыны әлімсақтан аян. Облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы Олжас Сәттібаев кадеттер арасында әлем чемпионы болған кездің өзінде оның болашағына үлкен үмітпен қараған мамандардың сенімін Олжас ақтай білді. Ол бір емес үш мәрте ел біріншілігінде топ жарып, елімізде өзіне тең келер қарсылас жоқ екенін айқындады. Сондай-ақ, жастар арасындағы әлем біріншілігінде де өзінің физикалық дайындығының арқасында қарсыластарынан кем түспейтінін дәлелдеп, жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Сары құрлық Азияда да талай боксшы Олжастың күрзі жұдырығынан қаймығатынын көз көрді. Таяуда ғана әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында қарсылас шыдатпаған Олжас өзінің әлі де бабында екенін айқындап, чемпион атанды. Одан бөлек бүкіләлемдік бокс сериясында «Астана арланс» клубының сапында ресейлік әлем чемпионы Миша Алоянмен тең дәрежеде жұдырықтасқанын да тамашаладық.
Талай халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген былғары қолғап шеберіміздің жары да боксшы екенін біреу білсе, біреу білмес. Олжастың отбасы – нағыз чемпиондар отбасы.
Әйгерім Қазақстан чемпионатында олжа салып жүрген бұрымды боксшылардың бірі екенін білетінбіз. Оның 2010 жылғы ел біріншілігінің финалында оңтүстікқазақстандық Жайна Шекербекованы еркін қимылдап жүріп жеңгенін білеміз. Жақында ғана Тайпей елінің кубогында бақ сынаған Әйгерім Асқарова сол байрақты бәсекеде де өзінің физикалық және функционалдық дайындықтарының арқасында қарсыластарының бірқатарын сан соқтырып, қола жүлдені еншілеп қайтқан болатын.
Олжастың жеке бапкері Мұрат Әбімселімов: «Мен Олжасты 2000 жылдан бері жаттықтырып келемін. Оның мықты боксшы болатыны бала күнгі еңбекқорлығынан айқын аңғарылатын. Құдайға шүкір, еліміздің намысын әлемдік, халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап келеді. Әлі талай сындарда үмітімізді ақтайтыны анық» деп шәкіртіне ризашылығын білдіріп жүреді. Облыстың аға бапкері қызметін атқарған кезінде Нұрлан Ақүрпеков те Олжастың алар асуы биік екенін ылғи да тілге тиек етіп, шәкіртінің нағыз боксшы екенін сөз ететін. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты тәрбиелеген бапкердің кез-келген боксшыны мақтай қоймайтыны да белгілі ғой. Демек, Олжас өзінің еңбекқорлығымен, шыдамдылығымен, төзімділігімен бапкерлерінің сенімінен шыға білген оғлан екенін осыдан да аңғарсақ керек. Ол өзіне жасалған барлық қиянаттарға қарамастан, шын мықтыны тек шаршы ринг қана айқындайтынын дәлелдеп келеді. Қандай додада болсын, өзінің алдына жоғары нәтижеге қол жеткіземін деген міндет қойып, сол үдеден шығып жүр.
Әйгерім Асқарова да сан түрлі байрақты бәсекелерде өңір намысын абыроймен қорғап жүрген шын шебер. Оның бапкері Ермек Ертаев та шәкіртінің әрбір қадамына сүйсініп, әлі талай биіктерді бағындыра беретініне сенім артады. Иә, шын мәнісінде де қазақ қыздар боксы бүгінгі таңда әлемді мойындата бастады. Лондон олимпиадасында қола жүлдені қанжығаға байлаған Марина Вольнованың жетістігі сол сөзімізге дәлел бола алса керек-ті.
Сол Вольнова жеткен жетістікті әрмен қарай қазақтың бұрымды боксшы қыздары үстемелей түссе деген арман да жоқ емес. Бәлкім сол арманымызды Олжастың жары Әйгерім Асқарова орындай жатар. Өйткені, олардың отбасы чемпиондардың шаңырағы емес пе?..

Табиғат Абаилдаев,

«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support