Атамның галошы

«Əзілің жарасса, атаңмен ойна» деген сөз бар ғой. Бірақ атаммен ойнағалы отырған мен жоқпын. Көрші апайдың «Қайын атаң қашан келеді?» деп қоймай сұрап жүргеніне бір түрлі боп қалғаным рас. Бір емес, екі емес, жап-жас болып алып «сенің қайын атаңның аяғының размері қанша?» дегенде, тіптен «шок» болдым. Онысымен қоймай:
– Ол кісінің қолының «биатогы» бар. Ауырып тұрған жеріңе қол тигізсе бітті, жазылып кетесің. Қайбір жылы белден кетіп, сенің атаңа «үгу» жасатқанмын. Содан көзім ашылды, – деп қалды.
– Солай ма?.. – деп жымиып күлген болсам да, ішім алай-дүлей. Қайын атамды енемнен басқа адамға қия алмай қызғанып қалдым.
Бүгін үйге қайын атам келді. Төрге оздырып шай беріп отырғанмын. Әлгі апай жүгіріп келді. Жақтырмай қалдым. Шашын жинап, үстіне жабықтау киіп келсе болады ғой. Менің атамды кім деп жүр өзі?!.
Келді де амандасар-амандаспастан, атама қарап:
– О-о, келдіңіз бе? Сізді күтіп жүргеніме көп болды. Не ғой, ата, аяғыңыздың размері қанша? Əйтеуір үлкен екенін білемін. Кебісіңіздің бір сыңарын бір минутқа бере тұрыңызшы. Қазір əкеліп берем, – деп қиылды.
Атамда ес жоқ. Жап-жас келіншек қиылып тұрғанда несін аясын. Бір галошын əлгінің қолына ұстатып:
– Сен барып алып келе ғой, – деп артынан мені де жұмсап жіберді.
Көршімнің соңынан ентелеп жүгіріп бардым.
«Бұл атамның галошын не істемекші?» деп ойлап та қоямын.
Апай галошты ұстаған күйі үйіне кіріп кетті де, өмірі аузы жабылмай жылап жүретін үш жасар баласының аузынан « Мə, саған, мə, саған» деп періп-періп кеп жіберді. Анау одан сайын боздады. 45-размерлі галош тиген соң оңсын ба, енді?
Көзім бақырайып кетті.
– Əй, не істеп жатсың? Жындысың ба? – деп, баласына жаным ашып жатқаныма қарап жатқан ол жоқ. Жерге домалап еңіреп жатқан баланың аузынан тағы бір-екі рет ұрып тастады.
– Болды, енді жыламайды. Күндіз-түні жылап миымды кəшек қып жіберіп еді. Жылауық баланы үлкен адамның кебісімен ұрса, жылай беретін әдетін қояды. Сондай ырым бар. Мə, галошың, сен де ұмытпай үйдегі жылауықтарыңның аузынан ұрып-ұрып қой, – деп шаң басқан галошты қолыма ұстата салды.
Шынымен де осындай ырым бар екен. Халық бір нəрсе істесе біліп істейді. Біздің үйдің екі кішкентайы да болмашыға көзінен сорасы ағып жылай береді. Ұрсам ба екен, ұрмасам ба екен? Ұрайын.
Осылай ойлап үйге жүгіріп кірдім де, ойнап жүрген титтейлеріме, сосын қолымдағы баламмен бірдей болып тұрған галошқа бір қарап, ойымнан дереу айнып қалдым. Өйткені қолымдағы кебіс ұрған адамыңды талдырады, не жаман əдетін қалдырады.
Баланың аты бала ғой. Еркелеп жылайтын шығар, жыласа. Бірақ анау аудан әкімдігі жақтағы көкелерге жағдай айтып барсаң «жоқ», «жоқ» деп «жылай» беретіні бар. Сол «жылауықтардың» аузынан атамның қолақпандай галошымен аямай әй бір пергілегім кеп кеткені. Бірақ…
Бірақ оларды ұратын «дух» қайда?.. Өзіңді ұрып кетеді. Кішкентай кездерінде ұру керек еді…

Салтанат Абылбекова.

Comments are closed.

микро займ на карту