- Advertisement -

Журналистердің сардары

208

- Advertisement -

Бүгінде жасы 93-ке қараған, облыстық «Ақ жол» (бұрынғы «Еңбек туы») газетін 21 жыл басқарған Баттал Жаңабаевты өңірімізде білмейтін журналист кемде-кем. Бұрын оны сырттай танысам, жақында облыс журналистерінің сардары Баттал атамен жақынырақ таныстым. Бір жағы жұмыс бабымен, әрі басшылардың ұйғарымымен төл мерекеміз – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ардагер ағамен жолығып, сұхбат алудың орайы түскен еді.
Жалпы, газет тарихында бір орында 21 жыл бас редактор қызметін атқарып, зейнетке шыққан басшы кемде-кем. Оның өзі аты дардай облыстық басылым болса. Осы қызметте жүріп, қаншама журналистің бағын ашты, елге танытты, қызыметін өсірді десеңізші.
Ұлы Отан соғысы аяқталды. Ол кезде мен бар болғаны 17 жаста едім», – деп еске алды ақсақал бозбала шағын. Ал каникулға шыққан соң ауылына барып, колхоздың жұмысына араласып, атарбамен шөп тасып, егін бастырыпты. «Әдетте оқудан бас алмай жүретін біз үшін ауылдағы осы бір наухан уақытындағы қарбалас қызық қой. Тапсырған жұмыстың өзі бізге демалыс сияқты болып көрінетін», – дейді қария.

Университеттің 4-курсында оқып жүргенде-ақ екі айлық тәжірибеден өткен Семей қаласындағы облыстық «Екпінді» газеті қызметке шақырады. Оны Баттал ата былай есіне түсірді: «Газеттегі тәжірибемізді аяқтап, қайтуға жиналып жатқанмын. Бас редактор Сағат Жұмағазиев шақырып жатыр деген соң алып-ұшып кабинетіне кіріп бардым. Барсам бір қағаздарға қол қойып жатыр екен. Сенің мінездемеңе қол қойып жатыр едім. Байқаймын, біраз баулысақ сенен жақсы журналист шығатын сияқты. Келесі жылы оқуыңды бітірген соң шақырту жіберсек келесің бе? деп сұрады. Бұрын-соңды мұндай мақтауды ешкімнен естімеген басым, бұл ұсыныстан бас тарта алмадым. Оның үстіне бір облыстық газеттің бас редакторы өзі шақырып, қызмет ұсынып тұрса», – деді ол.
Келісім бойынша оқуын үздік аяқтаған Бәкең 1950 жылы жолдамамен Шығыс Қазақстан облысына тартып отырады. Алғаш «Екпінді» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа қабылданған ол іскерлігімен көзге түсіп, сатылап өсе береді. Аға әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі сияқты қызметтерді абыроймен атқарып, жақсы мақалаларымен елге танылады.
Бірде кезекті еңбек демалысына шығып, елге келгенде облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы Ғайса Сармурзин жолығып қалып, «сыртта жүре бересің бе, елге қайтсаңшы, саған қызмет беремін» деп жұмысқа шақырады. Ол кісінің бетін қайтарғысы келмеген Бәкең «Редакторым жіберсе мен ауысуға дайынмын» деп келісімін беріпті. Бірақ кім өзінің жақсы маманын жібере қойсын. Ғайса Сармурзин «Екпінді» газетінің бас редакторы Жүсіп Алтайбаевқа қоңырау шалып, Баттал Жаңабаевты сұрайды ғой. Сонда Жүсіп Алтайбаев: «Әй, сенің мұның, қасқыр құсап үйірден тай-құлынды тартып әкеткенмен бірдей ғой. Біздің журналисті азғырмай, қажет маманды өзің баулып дайындап ал», – деп бетін қайтарып жібереді.
Дейтұрғанмен туған жерге деген сағыныш, Баттал Жаңабайұлын 1957 жылы жұмыс орнын ауыстырып, «Еңбек туы» газетіне үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып орналасуына сеп болады. Мұнда да алғырлығымен, ұтқырлығымен, жауапкершілігімен көзге түседі. Жақсы қызметкер қашанда сұранысқа ие. Оны көп ұзамай-ақ обкомның ұйғарымымен аздаған уақыт журналистикадан қол үзуіне тура келеді. Сөйтіп 1962 жылы облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысады. Мұнда бөлім меңгерушісі, хатшының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарады.
1965 жылы облысты басқарған Асанбай Асқаров Бәкеңді жауапкершілігі зор, облыстың айнасы «Еңбек туы» газетіне бас редактор етіп тағайындайды. Сол тұста бұл қызметке тұру үшін Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың келісімін алуы керек екен.
«Дінмұхамед Ахметұлымен кездесуімнің өз алдына бір хикая. Оған тоқталмай-ақ қояйын. Жалпы, ұлтымыздың біртуар ұлымен бұрыннан таныстығым бар еді. Енді, міне, Асанбай Асқаровтың жұмсауымен Димекеңнің қабылдауына арнайы келдім. Алдындағы қағазға шұқшиып отырған ол мені көріп, орнынан тұрып, маған қарай қарсы жүрді. Екеуміз ұзын үстелдің орта тұсында кездестік. «Келуіңмен қарағым. Ел аман ба?» деп елдің жайын сұрады. Осыдан кейін «Бұл дайын редактор екен. Редактор деген өте жауапты қызмет. Жауапты қызметті жауапты атқаруыңа тілектеспін. Жолың болсын!», деп сәт-сапар тілеп, шығарып салды», – деп еске алады сол бір қимас кездесуді Баттал ата.
Жаңа қызметке кіріскен Баттал ата бірінші кезекте бұған дейін бірге жұмыс істеп келе жатқан «Еңбек туы» мен «Знамя труда» газетін бөліп, әрқайсысын жеке-жеке басылым етеді. Сонымен қатар бүгінде қос редакцияның отырған ғимаратын редакцияға алып береді. Маман даярлауда да шеберлік танытып, небір жақсы журналистерді тәрбиелеп шығарады. Олардың қатарында республикамызға белгілі журналистер мен қаламгерлер жетерлік. Атап айтсақ, Бақытяр Әбілдаев, Әлдихан Қалдыбаев, Арғынбай Бекбосын, Райхан Сатыбалдин, Нұртай Айдаров сынды азаматтар Баттал ағаның шәкірттері болатын. Соның ішінде кейіннен Арғынбай Бекбосын мен Әлдихан Қалдыбаев осы газетке басшылық жасап, ұстаздарының игі ісін жалғастырды.
– Менің редакциядағы жұмысым қамқорлықтан басталды. Облыстың басшыларымен жақсы қарым-қатынаста болғандықтан 21 жылда қарамағымдағыларға 23 пәтер алып бердім. Соның арқасында жылда, кейде жылға жетпей бір-екі пәтерден алып, тұрғын үйден қиналып жүрген журналистерге беріп отырған едім, – дейді Баттал Жаңабайұлы.
Бас редактор ретінде ол журналистердің қызметімен қатар шығармашылықтан қол үзбеуіне баса көңіл бөліпті. Оны Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев пен Асқаржан Сәрсектің әдебиет әлемінде қалам тербеуі дәлел бола алады. Сонымен бірге жұмысына жауапкершілікпен қарап, сөзге қалмау, тұрып жатқан пәтерлерінің төлемақысын уақтылы құюды да талап етіп отырса керек.
Баттал аға бір сөзінде: «21 жыл басшылықта отырып, ұжымымдағы 57 адамның бірде-біріне қатты сөйлеп, жаға жыртысып көрмеппін. Дауыс та көтермеппін. Ата-анасының, өзінің ар-ожданына тимеппін. Олар бертінде өзіме жұмысымызды ұнатқан, ұнатпағаныңызды қабағыңыздан білетінбіз деп айтып жүрді. Жалпы, ұжымның сені сыйлауы, сенің оларға деген қарым-қатынасыңа тікелей байланысты. Жасаған жақсылығың мен қайырымыңның қайтарымы болары анық. Құрмет пен ілтипат сені биікке көтереді. Аз күнгі мансап пен қызметке алданып, босқа қадірді қашыруға болмайды», – деді Бәкең.
Баттал ата шәкірттерін өсіру үшін атқарып отырған қызметтен босатуды сұрапты. Обком хатшысы Х.Бектұрғановқа бір кіргенінде «Бүгін газеттің жұмысын ұршықша үйіріп жүргізіп кететін бес редактор бере аламын. Олардың кейбірі бөлімде, орынбасар болып отырғандарына 10-15 жыл болды. Маған осы бір деңгейдегі жұмыс берсеңіз менің орныма біреуі келер еді. Оның орнына екіншісі ауысып, жұмысты жаңаша ұйымдастырар еді. Сөйтіп кішкене кадрлар жылжып қалар еді дедім. Онымен еркін сөйлесетінмін. «Әй, Баттал, ойдасың сен деп қоятын. Сонымен Кеңес Рахметуллаев қалалық партия комитетіне нұсқаушы, Арғынбай Бекбосын обкомға нұсқаушы болып кетті», – деді Баттал ата.
Шәкірттері бірінен соң бірі газетке басшылық жасады. Олар ұстаздарымен үзбей хабарласып, «летучкаға қатыссаңызшы» деп шақырып тұрыпты. «Сонда мен айтатынмын «летучкаға қатыспаймын, бірақ мәселе болса ақылдасып, кез келген уақытта айтып тұруға мен дайынмын деп құтылатынмын», деп жымиды.
Негізгі жұмысынан бөлек Баттал Жаңабаев 1966 жылдан бастап Журналистер одағының облыстық филиалын басқарды. Филиал жұмысын алғаш қолға алғанда мүше саны 34 болыпты. Филиалды 18 жыл басқарғанда олардың саны 86 журналистке жетті. Өз кезімен салыстырғанда Бәкең бүгінгі Директор-Бас редакторлардың жұмысына қатты қызығады екен. «Қазір ғылым мен техниканың дамыған уақыты. Бүгінгі бас редакторлардың мүмкіндігі зор. Газеттің бетін қалай түрлендіремін десе де, өзекті мәселені көтеремін десе еркіндік бар. Журналистердің жазғандарын да қарап, өткенмен салыстырып отырамын. Біздің кездегі журналистерге қарағанда сауаты, сөз саптауы, шығармашылығы, бейімі жағынан да мықтылау. Жас журналистердің жазғанынан, әңгімесінен, шығармасынан байқалып тұрады. Газетке шолу жасау деген оңай шаруа емес. Біле білгенге газеттің кішкентай әрбір хабарында, үлкен мазмұн жатады. Үлкен мақалаларды айтпағанда оқығанда да, баға бергенде де сол жағына мән берген дұрыс. Кішкентай нәрсені хабарлағанымен ар жағында үлкен нәрсе жатыр», – дей келіп Баттал Жаңабайұлы «ақжолдықтардың» шығармашылығы шыңдала берсін деп табыс тіледі.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support