«Апандағы адамдар»

фәнидегі 35 жылын театрға арнап, небәрі 55 жасында бақиға аттанған
талантты әртіс Спандияр Мұқышевтың артында қалған мұрасы сахналанды

Облыстық қазақ драма театрында өмір бойы еңбек етіп, сахна өнеріне бар ғұмырын арнаған кісілер аз емес. Солардың бірегейі – «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің лауреаты, театр және кино актері Спандияр Мұқышев. Бұл жөнінде осы театрмен бірге жасасқан аңыз адам, Қазақстанның Халық әртісі Шәріпбай Сәкиев: «Спандияр мені қайталайды», деп баға беріпті. Ғажайып актердің бұлай толғануы – Мұқышевтың мүмкіндігін бағалауы, талантын танығаны.

Солай болды да. Спандияр әр жылдары «Еңлік-Кебекте» – Кебекті, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» – Қодарды, «Қобыландыда» – Қазан батырды, «Айша бибіде» – Арыстанды, «Гамлетте» – Горационы шыңына жеткізіп ойнады. Мұнымен де тоқтаған жоқ. Сахнаға басты рөлді сомдауға шыққан сайын ашылып, шеберлігі арта түсті. Сондықтан «Отеллода» – Кассио, Шерхан Мұртазаның «Сталинге хатында» – Сталин, Бақытяр Әбілдаевтың «Төле биінде» – әуелі Абылай хан, кейіннен Қойгелді батыр, Елен Әлімжанның «Жанталасында» – Қасым, Арғынбай Бекбосынның «Ньюрньергтен бұрынында» – Қосы батыр, Иран Оразбаевтың «Мен ішпеген у бар масында?» – Абай рөлдерін сомдағанда, көрермен Спандиярды басқа биік қырларынан таныды. Кино әлемінде де бірнеше рөлді сәтті орындап, еңбегі бағаланды. Міне, ол осындай ғажайып театр және кино актері ретінде есте қалды.
Спандиярдың таланты мұнымен шектелген жоқ. Ол жазу өнеріне де икемі барын аңғартып, бірқатар әңгіме, эссе жазды. Оның ғажайып еңбегінің бірі – «Апандағы адамдар» трагикомедиясы. Өзі актер болғандықтан, Спандияр мұндағы әр рөлді өзі ойнап, сезініп, толғанып отырып жазғаны анық. Әттең, осыдан он жылдай бұрын талантты актер өмірден озып кеткен болатын. Көзі тірі болғанда Спандияр Мұқышев биыл 65 жасқа толатын еді. Сахнада әлі де біраз рөлді сомдап жүрер еді. Ол туралы енді өткен шақпен сөйлеуге мәжбүрміз. Бірақ ол өнерімен және артында қалған жазба мұраларымен жасай береді. Өзін бағалаған, өнерін ардақтаған елдің есінен де кетпек емес.
Облыстық қазақ драма театрында Спандияр Мұқышевтың «Апандағы адамдар» трагикомедиясы тұңғыш рет сахналанды. Премьераға көрермендердің әдеттегіден көп жиналғанын Спандиярға деген сағыныш, құрмет, қимастық деп түсіндік. Қойылымның режиссері – Рүстем Жаныаманов. Қоюшы суретшісі – Рахат Сапаралиева, музыкамен көркемдеуші – Мөлдір Барақбаева, балетмейстрі – Лаура Дүйсен.
Премьерада өмірдің ақ пен қара, адалдық пен арсыздық, шынайылық пен жалғандық секілді қарама-қайшы ұғымдардың құстың қос қанатындай қатар жүретіні көрініс береді. Автордың негізгі айтпағы да осы болар.
Қойылым алыс қыстаулардың бірінде ақшұнақ боранмен арпалысқан еңбек адамы Бәку шопанның (Мәмбет Қожалиев) шарасыз халін суреттеумен басталады. Оған аязбен алысып, шөп жеткізген механизатор (Нұрсұлтан Маханов) Әбдин екеуінің диалогынан ұжымшар басшыларының жауапсыздығын, немкеттілігін байқауға болады.
– Әбдин-ау, осындай сарышұнақ аязда, сенің малға әкелген екі рулон шөбің не болады, ә? – дейді Бәку амалы құрып.
– Бәке, шөп менің қолымда ма? Басшылар «екі рулоннан тарат» деді. Басқа да малшыларға жеткізуім керек. Жарайды, сен төрт рулон ала қойшы, – деген Әбдиннің жауабынан да талай жағдайды аңғаруға болады.
Шопан ұзақ жыл бойы отырған ұжымшар төрағасының қайтыс болғанын Әбдиннен естіп, шариғи жолмен «Иманды болсын» деп бетін сипайды.
Шопанның баласы Қайсар – ауру. Ыстығы басылар емес.
– Әбдин, айналайын, қайтарыңда Қайсарды ауылдағы ауруханаға ала кетші, – деп қойшының әйелі Айым (Индира Мұстафаева) жалынады.
Мұнан соң Бәку мен Айымның айдалада қоғамның малын қалай жанкештілікпен қорғағаны, Бәкудің осы жолда қасқырмен арпалысып, жараланғаны көрініс береді. Ат құлағы көрінбейтін боранда өмірлерін қатерге тігіп жүріп, екі шақырым жерден қамыс шауып, бір отар малға азық дайындауы – Бәку мен Айымның қоғамға деген жанашырлықтары, отаншылдықтары, адалдықтары болатын. Шопан мен әйелінің ең бақытты күні де осы еді. Екеуінің бірге өткізген соңғы кештері де осы. Кенет аспан жұлдызға толып, түрлі елестер пайда болады. Шопан мен жұбайы жұлдызға қолдарын созып, бір сәт бақытқа кенелгендей күй кешеді. «Менің бүгін – туған күнім» дейді Айым. «Сенің туған күніңе мынау аспандағы сансыз жұлдыздарды сыйлаймын», дейді шопан. Айым сол жауапқа да риза болып, қуанады. Міне, қыстаудағы туған күн көрінісі. Ішетін ас та жоқ. Әншейін құр елеспен от жағып, жылқының қазы-қартасын «асып жейді». Осы жерде комедия да, сарказм да бар. «О, дәмді бопты, қазының тұзы керемет екен», дейді шопан сүйсініп. Бұл – олардың бір сәт ғана өзін алдарқатқандары.
Бәрібір бұлар табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұра алмайды. Шопанның малға мініп жүрген жалғыз атын да қасқыр жеп кетіп, қойдың да көп бөлігі шығын болады. Шопанның жары Айым да аязға шыдай алмай мерт болса, Әбдин тракторшы шопанның ауру баласы Қайсарды ауылға жансыз күйде жеткізеді. Қоғамның малын қорғап, алапат боранмен арпалысып жүрген Бәкудің басына осындай қасірет төніп, ол да араққа салынып кетеді.
Қыстауда еңбектің адал адамдары осылай арпалысқа түсіп жатқанда, ұжымшардың орталығында не болып жатты деңіз?! Жылы-жылы кабинетте отырғандар ұжымшардың төрағалығына сайлау өткізіп, талас жүргізіп жатты. Төрағалықтан бірінші дәмелі – Зілзала Қуықбаев (Жандар Қырықбаев). Колхоз төрағасының орынбасары Киікбай (Азамат Шәкенбаев), Кейқуат (Әбу Шоңбаев), Ақбалтыр (Назым Ақылова) бәрі-бәрі «Зілзала бастық болып кететін шығар» деген пиғылмен, Зәкеңнің ығына жығылып, жалпылдап жүргендер. Әсіресе Ақбалтыр (Назым Ақылова) басшылардың ыңғайына күнбағыстай жығылатын бикештің образын әдемі ашты.
Академия мектебінен өткен Азамат Шәкенбаевтың да шеберлігі жоғары. Бірақ колхоз төрағалығынан Қоянбай Жырықбаев (ҚР еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан) та дәмелі. Мұның төңірегіне Тышқанбай Қаптесеров (Абзал Дәулетбақов), Қасқабас (ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков) топтасады. Түйіндеп айтқанда, мұнда «таққа» талас жүреді. Алыс қыстаудағы малшыда, боранмен алысып мерт болып жатқан еңбек адамдарында ешкімнің шаруасы жоқ. Бұлардың бар арман-мұраты 39 жылдан кейін босаған орынға бастық болу.
Осындай талас-тартыс жүріп жатқанда орталарына Әбдин келеді. Аздап ішкен. «Құмнан келдім. Қайсарды… Бәкудің баласы Қайсарды құтқара алмадым», деп жылайды. Артынша Бәку келіп: «Айымды құтқара алмадым», деп көз жасына ерік береді. Ол талықсып, естен ауытқып: «Мен Әбдинмін» деп қалады. Сонда ұжымшар басшылары оны танып қойып: «Әй, мынау, Бәку ғой. Әй, Бәку мал қайда, мал?» дейді. Міне, боранмен арпалысқан малшының қыстауына өздері бармаған. Арада байланыс үзілген. Бірақ шопаннан малды сұрайды. «Малды емес, жанды сұра, жанды», деген Бәкудің жанайқайын, зарын көрермен ретінде толғаныспен түсініп отырдық.
Соңында Зілзала сайлаудан жеңіп, барлық жағымпаздары оны құттықтап жатады. Сол кезде… Сол кезде күтпеген жағдай болып, аудан басшысынан осы ауданға Киізқазық Шудабаевты төрағалыққа тағайындау туралы жаңа бұйрық келеді. Бәрі аң-таң. Шудабаевтың жасы 80-нен асқан-ау. Әбден қалжыраған қария. Киізқазық Шудабаевтың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі ойнайды. Өзі қалжырап ортаға әрең шығады. «Әй, әй, менің нем қайда? Нем ше? Отыратыным қайда?» дейді. Жағымпаздар жүгіріп астына үстел қойып үлгереді. «Әй, әй, менің кіретінім қайда?» дейді «кәрі» төраға. Кіретіні – кеңсесі ғой. Жағымпаз жұртқа бәрібір. Дуылдап жаңа «бастықты» жуып жатады. «Әй, мен өлдім ба, не?» дейді бір уақытта «кәрі» төраға кіжініп. «Жоқ, жоқ, сіз өлген жоқсыз. Өкінішке қарай сіз тірісіз, аман-есенсіз!» деп жалбақтағандар оны орындығымен қолпаштап, көтеріп әкетеді.
Міне, боранда қоғам малының амандығы үшін күресіп еңбек адамдары жүр. Орталықта «таққа» таласқан жағымпаздар өмірі. Нағыз еңбек адамдарымен байланыс үзілген. Міне, қойылым осылай түйінделді. Көпшілікке терең ой салғаны анық.
Қойылымнан кейін театр директоры Болат Бекжанов сөз сөйлеп, театрдың 83-маусымы осында 35 жыл еңбек еткен Спандияр Мұқышевтың осы шығармасымен жабылып отырғанын, маусым барысында театр бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардан жүлдегер атанғанын айтты. Сондай-ақ ол Спандияр Мұқышевтың жары, осы театрдың актрисасы Галина Қойшыбаеваға ұжымның атынан құрмет көрсетті. Өз кезегінде Галина Қойшыбаева да сөз алып, ұжымға, көрермен көпшілікке алғысын жеткізді.
Осылайша облыстық қазақ драма театры 83-маусымының шымылдығын жапты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Юрий КИМ.

Comments are closed.

микро займ на карту