- Advertisement -

«Кішкентай генералдардың» бағбаны

61

- Advertisement -

белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығына арналған байқау басталды

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бірлесіп, «Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында жыл сайын балалар мен жасөспірімдер тақырыбына қалам тербейтін қазақ ақындары мен жазушыларының шығармашылығына арналған «Әлемді кітап арқылы танимын!» атты байқау өткізіп келеді. Бұған кітапханамен байланысы жақсы, көркем шығарманы көп оқитын оқырмандар қатысып жүр. Өткен жылы осындай іс-шара айтулы балалар ақыны Сұлтан Қалиевтың шығармаларына арналған еді. Ал биыл осы байқау тақырыбына балалар жазушысы, халықаралық «Дарабоз» конкурсының екі дүркін лауреаты Пернебай Дүйсенбиннің шығармашылығы таңдалып алынды.
Осы байқаудың алғашқы шарасы Сарысу ауданынан бастау алды. Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова мен бөлім меңгерушісі Жанар Тәттімбетова, аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Света Қожаназарова байқаудың қазылар құрамынан табылды. Байқауға қатысушылар «Мен – кітапхананың тұрақты оқырманымын», «Пернебай Дүйсенбин – балалар әдебиетінің көрнекті жазушысы», «Портрет галереясы», «Жазушының өмірі мен шығармашылығы» деген төрт аталымнан тұратын әдеби бәйгенің талаптары мен сұрақтарына жауап беру бойынша сайысқа түсті. Елбасының «Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын таңдаудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген сөзінен бастау алған шарада өлкеміздің құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбинді ардақ тұтып, оның өмірі және шығармашылық жолдары жас ұрпаққа үлгі ретінде айтылды. Бәйгеде сайыскерлер жазушының әңгімелерінен, ертегілері мен аңыздарынан, повестерінен үзінділерді жатқа оқыды, «Алпамыс батыр» драмасы бойынша сахналық үзінді қойды.
Байқау қорытындысы бойынша Байқадам атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Асылай Есенгелді мен Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназияның 6-сынып оқушысы Елдос Тыныштықбай жеңімпаз атанды. Олар қыркүйек айында Тараз қаласында өтетін облыстық байқауда өз бақтарын сынайды.

Айбала ЖОЛМАХАНОВА,
аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесі директорының орынбасары.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support