- Advertisement -

Болашақ журналистер бәсекеге түсті

64

- Advertisement -

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттер арасында ХІ республикалық пәндік олимпиада өтті. Осы білім бәсекесіне қатысқан жерлестеріміз жүлделі бірінші орынды иеленіп, үлкен олжамен оралды. Жетістікке жетіп, өңір абыройын арттырғандар – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенттері. Негізі бастауын 2008 жылдан алатын аталмыш олимпиаданың білім бәсекелерінің арасында алатын орны ерекше. Өйткені бұл жарыста студенттердің білім-білігі сынға түседі.
Мәліметке сүйенсек, биылғы олимпиадада еліміз бойынша 17 жоғары оқу орнының студенттері бақ сынасқан. Негізінен журналистика мамандығының 2-4-курс студенттері қатысыпты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің намысын қорғап барған журналистика мамандығының студенттері – Аян Қуат, Нұрлан Әбдікәрім, Ұлдана Жұбай.
– Болашақ журналистердің басын қосқан олимпиада екі кезеңнен тұрды. Алғашында қатысушы командалар «Ұлы Дала ұлағаты» атты тақырыпта журналистік шеберліктерін көрсететін бейнесюжет, бейнеролик арқылы өз топтарын таныстырды. Осы бәсекеде журналистиканың қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала екендігіне тағы да көзім жетті. Менің ойымша, бұл мамандықты таңдаған студенттер өз кәсібіне өте адал болуы керек. Ал олардың қағазы мен қаламы қорғансызға пана болып, әділеттілікті жақтағандары жөн. Білікті журналист болу үшін біз көп оқып, көп біліп, жалпы жаңалықты дәлме-дәл, боямасыз жеткізуіміз керек. Сондықтан әрқашан сергек болуға тиіспіз, – дейді Ұлдана Жұбай.
Олимпиадаға қатысушы әрбір студент аудитория ішінде ұсынылған тақырыпта эссе жазып, таңдаған тақырыптары бойынша ойларын қағазға түсірген. Біздің жерлестеріміздің бірдей «Қазақты қазақ еткің келсе» атты тақырыпты арқау етіп алғаны – тарихы терең Тараз топырағынан екендіктерін бірден аңғартқандай.
Екінші кезеңнің талабы бойынша үміткерлер 120 минуттық тест тапсырып, жеребе арқылы түскен мәселеге қатысты жедел ақпарат жазып, оны ақпарат агенттіктеріне, порталдар мен сайттарға берілген 20 минут ішінде таратуы тиіс болған. Тараздықтар 17 команданың ішінде топ жарып, болашақ журналист ретінде өз шеберліктерін көрсетіп, дәлелдеген.
Жеңімпаздар «Бұл – біраз жылдан бері дәл осы үрдіспен Қазақстанның әр қаласында өтетін олимпиадаға студенттерді даярлап жүрген «Филология және журналистика» кафедрасының оқытушысы Зәуреш Қойгелдиева еңбегінің жемісі», – дейді.

Ару Датаева,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың 2-курс студенті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support