- Advertisement -

Газет оқырманымен ғана ғұмырлы

66

- Advertisement -

Қара шаңырақ «Aq jol» газеті облысымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін саяси-қоғамдық басылым болғандықтан, редакциямызға келетін хаттар легі толастаған емес. Олардың артқан жүгі мен көтерген мәселесі де әртүрлі. Авторлар қалам тербеген жазбаларын әр қырынан ашуға тырысады. Әйтсе де «Бес саусақ бірдей емес» демекші, ол дүниелердің бірі тереңнен бойлап жазылса, кейбірі сын көтермейді. Бірі қолжазба күйінде келсе, екінші бірі электронды хат арқылы жолданған. Қалай болғанда да біз үшін қоғамның пікірі қымбат. Себебі әр хаттың артында адам бар, оның тағдыры тұр…2018 жылы редакциямызға оқырмандардан 1863 хат түскен еді. Биыл жыл басынан бері тіркелген материалдардың саны 800-ге таяды. Олардың қаузаған тақырыбы әр алуан, мазмұны да сан қилы.
Мәтіндердің басым бөлігі негізінен жылдың басты жаңалықтарына арналған (Жастар жылы, Президент, атаулы әлеуметтік көмектер, мұғалім мәртебесін көтеру тағы басқалары). Сондай-ақ саяси (сайлау, оған үнқату, кандидаттарды қолдау), науқандық кезең (ауыл шаруашылығы, әсіресе көктемгі егіс, әр мезгілде белең алатын ауру түрлері) және заман ағымына сай, электронды жүйе, робототехника салалары да қамтылған. Әрине, мерекелерге, Елбасының мақалалары мен Жолдауларына және салт-дәстүрлерге қатысты хаттардың қатары да қалың.
Енді солардың бірқатарына кезек берсек. Өйткені кейде екі ауданнан, екі автордан екі бөлек азаматтың тағдырын баян ете келе, кезінде ел мойындаған тұлғалардың бүгінде есімі ескерілмей жатқандығын алға тартатын егіз қозыдай мақалалар түседі. Мәселен, тұрақты авторларымыздың бірі Москау Ноқрабеков сонау ашаршылық жылдары Т.Рысқұлов ауданының Луговой стансасына келіп, кітапханашы, жас коммунист, әр гектарынан мол өнім ала білген звено жетекшісі жайлы сөз қозғайды. Тіпті 1939 жылы Қазақ ССР бойынша тұңғыш рет өткен сайлауда «Восток» колхозы мүшелерінің қолдауымен алғашқы депутаттардың бірі болған Социалистік Еңбек Ері Баршын Бетегенованың есімі аудан орталығындағы бір көшеге берілсе деген ұсынысын айтады.
Дәл осындай қызылшашы, звено жетекшісі, Социалистік Еңбек Ерінің бірін Байзақ ауданының Құрметті азаматы Нұрмахан Шаухаров жазыпты. Коммунистік партия қатарында болған Алтынкүл Әлібаева Нұрмахан қарияның анасы Шырайхан қайтыс болған жылдары қарайласып тұрғанын тілге тиек етеді. «Ал екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда күйеуі қан майданға аттанып, өзі «Бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен тылда жұмыс істейді. Алайда өмірлік қосағы Мәмеш сонау майдан даласында ерлікпен қаза табады. Құдіреттің ісіне қарсы келе алмаған келіншек бұл қиын кезеңді де жеңіп шықты. Қажырлы еңбегінің арқасында егіс алқабының әр гектарынан бұрын-соңды болмаған мол өнім алады. Бұл авторымыз да Социалистік Еңбек Еріне Тараз қаласы мен Байзақ ауданынан бір көшенің аты берілсе деп ой түйеді.
Тағы бір тұрақты авторымыздың бірі тараздық Барат Мыңбосынов Ұлы Отан соғысында 655-атқыштар дивизиясының жауынгері болған әкесі Байтұмақтың ажал аузынан аман қалғанын жазады. Елге оралған ол арнайы сауаты болмаса да, елгезектігімен түрлі жұмыстарды атқара білген. Соның бірі ретінде Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында жаңадан құрылған «Кеңес» колхозының бастығы сеніп тапсырған 50 гектар жерге қызылша өсіріп, әр гектарынан 480-500 центнер өнім алып, рекорд жасағанын мақтанышпен көрсетеді. Алайда мақала мазмұны зиянды заттардан бойын таза ұстаған сопы кісінің қан майданнан тірі қайтып, өз еңбегімен мол табысқа қол жеткізгенінің бір парасы әкесіне ырымдап қойылған ныспысы сеп болды ма дегенге саяды. «Өйткені ата-әжелерім бұл есімді үйде ұрпақ жалғайтын тұмақ иелері көп болсын, олар тарықпай ғұмыр кешсін деген ниетпен қойған екен» дейді.
Есім демекші, Байзақ ауданының тағы бір тұрғыны, түймекенттік Бақтыгүл Әбдібайқызы ертеректе медицина дамымай, жұқпалы індеттердің белең алуынан бала тұрмаған шаңырақтарда ажал адасып кетсін деген наным-сеніммен нәрестелерге Жаңыл, Жаназар, Шірікбай, Күшікбай, Тышқанбай, Итқара секілді есімдердің қойылғанын жазады. «Мысалы, атақты Кенен Әзірбаев та қызына құлаққа түрпідей тиетін есім қойған. Төрткеннің азан шақырып қойған есімі «Төрт кемпір, бір шал» еді. Менің өзімнің туған бауырымды әкем Сатыпалды деп атады. Туа сала анам оны біреуге беріп, одан сатып алыпты. Ал қазір бұрынғыдай емес, аурулардың басым бөлігі жазылатындықтан, ата-бабаларымыз сияқты күмән, үрей жоқ. Дей тұрғанмен шетелдің есімдерімен атау дұрыс емес, – дейді қолжазба иесі, – себебі баланың есімі болашағына қатты әсер етеді».
26 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың тізімін бекіткен күні жарық дүние есігін ашқан сәбиінің есімін халқының қалаулы азаматындай болсын деп, Қасым-Жомарт қойған жоғары санатты ұстаз Тілеуберген Дәулетбаевтың ойы да осы пікірді құптайды.
Бұл кісі шетелдің ныспысын қоюға байланысты: «Кезінде ата-бабаларымыз басқа ұлттың қыздарына үйленсе, алған жары ислам дінін қабылдап, тіпті қазақша есімге ие болатын», – деп, өз әжесі Аксинья ұлты орыс бола тұра, Дәмелі аталғанын алға тартады. Ауылдастары оны тіпті Ақсан деп атаса, атасы Дәулетбай жарын алғаш бидай алқабында жолықтырған кезімен байланыстырып, Ақбидай атаған көрінеді. Тілеуберген Орынұлы хатты әкесі өмірге келген 1933 жылғы ашаршылық жылдарынан бастап қазірге дейінгі тыныс-тіршілікпен салыстыруды да ұмыт қалдырмайды.
Осы тұста айта кететін мәселе – халықтың көзі, құлағы һәм тілі саналатын баспасөздің көтерген жүгіне сәйкес, оған жарияланатын мақала, өлеңдер күні бұрын жоспарланып отырады. Ал атаулы даталар мен мерекелік сандарды жарыққа шығару ісі тіпті он шақты күн бұрын қолға алынады. Бірақ кейбір хаттар мейрам қарсаңында бір-ақ түседі. Кеш келгендіктен, мұндай материалдар газетке салынбай, өз маңызын жояды. Ескірмейтін тақырып болса да жатып қалады. Мұндай қолжазбаның бірі – тағы да Байзақ ауданынан жазылған, Түймекент ауылдық округі ардагерлер кеңесі баспасөз хатшысының 5 беттік мақаласы. Еңбек ардагері Ниязхан Бейсенов мұнда өте сауатты әрі ұқыпты жазған материалын тіпті өзі әкеліп тапсырды.
Бұл ретте – заман ағымына сәйкес «Aq jol»-дың ak-jol-taraz@rambler.ru деген электронды поштасының бар екендігін еске сала кетсек. Кейбір тұрғындар үшін қалаға қатынау оңайға соқпайды. Сондықтан мұндайда хат-хабарларды айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын интернет желісі арқылы жолдау, көзі қарақты оқырман, өздеріңіз үшін өте тиімді жүйе екенін айту парыз.
Ниязхан Тоқтамысұлының хаты 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орайластырылып жазылған. Автор жыл басында Астанаға, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына сапар шегіп, онда «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне арнайы бас сұққан екен. Мақала сол кездегі әсерден туған. Қария тіпті кешеннің әр бөлмесін суреттей, қолданылған әрбір затты тарихпен байланыстыра отырып баяндайды. «Алжирліктердің» тізімін де келтірген Түймекент тұрғыны сөз соңын елімізден тыныштық кетпесін деп түйеді.
Осындай ізгі тілекпен аяқталған ендігі бір хаттың иесі Әшен Қырғабақұлы да үнемі өз жазғандарын сонау Меркі ауданынан әкеліп тұрады. Зейнеткердің қолжазбасына сүйенсек, ұрлық, тонау, олардың ашылу барысы кемшін соғуда. Сондай-ақ сыбайластық, парақорлық, дүниені ар-ожданнан жоғары қою жөнінде ой толғайды. «Барға – қанағат, жоққа – сабыр» демекші, автор бақыттың қанағат бар жерге ғана қонатынын тұспалдайды.
Керісінше, Талас ауданы бұрынғы «Қаратау» совхозы, қазіргі Есейхан ауылының тұрғындары Боранбек Әлбергенов пен Салтанат Кемелбекова бір үйір жылқыларының жоғалып кеткенін жазады. Алайда арада үш күн өткенде бір-ақ хабар берілгендігіне қарамастан, жедел іздестіру шаралары барысында ірі қаралар 30 шақырым жерден табылады. Бұған дән риза болған мал иелері облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиевтен жоғалғандарын небәрі бір күнде тауып берген аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Берік Махамбетов пен топ мүшелері Еркін Абаев, Данияр Бектеміров, Нұркен Андабековті кезекті марапаттың бірінде ескеруін сұрапты.
Осындай алғыс арқалаған хаттың бірі Т.Рысқұлов ауданынан үнемі жазып тұратын оқырманымыз, Т.Рысқұлов мектеп-лицейінің ардагерлер кеңесінің төрайымы Доқтыркүл Есіркепқызынан келген. Ол кісі «Қолы ашықтың жолы ашық» дегендей, Өрнек, Қорағаты, Луговой ауылдарының бүгінде ажарлана түскенін айта келіп, оған үлес қосып жүрген қайырымды 15 жанға ақжарма лебізін білдіріпті.
Өкінішке қарай, мұндай материалдар редакция талабына сәйкес ақылы негізде жүргізілуі тиіс. Сол себепті бұл мақалалар жеке-дара жарияланбайтындығын қаперге алуды өтінеміз.
Жалпы алғанда, «Тәрбие құралы – газет» десек, үлкен аудиториялы газеттің өзі оқырмандарымен ғұмырлы болатындығы хақ. Сондықтан көзі қарақты, көкірегі ояу ағайынға «Хат жазып тұр» әніндегідей, өңір айнасы «Aq jol»-дан қол үзбей, хат жазып тұрыңыздар демекпіз. Өйткені мемлекет болашағының кемел болуы үшін баршамыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұдырықтай жұмылғанымыз абзал.

 

Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support