- Advertisement -

Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындылады

52

- Advertisement -

Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындыладыАҚТӨБЕ. ҚазАқпарат — Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына 20 жыл толды. Арбада отырып, тұрмыс құрып, балалы болған, спорттық жетістіктерге жеткендер және жанашырлар, еріктілер өз құттықтауларын арнады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

20 жылдың жетістігі 

Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова осыдан 20 жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын біріктіріп, жергілікті билікке, Үкіметке олардың ортақ ұсынысын жеткізе білді. Содан бері Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған екі көпқабатты тұрғын үй салынып, инватакси іске қосылды. Пандустар талапқа сай салынып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шипажайларда ем алуына жағдай жасалды.

«Қоғамдық қозғалысқа үлес қосқан барлық азаматтарға алғыс айтамын. Қиын-қыстау жылдары біз жылап, митингке шығып, шағым айтып, көтерілетін едік. Бірақ біз бұл жолды таңдаған жоқпыз. Мықты, ақылды, дана, адамгершілігі мол, бірақ денсаулығы сыр берген адамдар бірікті. 1997 жылы, біз, ойы бір адамдар «біз үй саламыз, жақсы арбамен жүреміз, жақсы өмір сүреміз» деп ұрандатып, бүгін мақсатымызға жетіп отырмыз», — деді Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Бәйменова.

Орталықты құрушылар арасында Темірбек Матаев, Гүлнар Жәнібекова, Шәмшәдин Төреғалиев, Марғұлан Жетесов, Лейла Сағалова, Кенжебек Жәнібекұлы, Виктория Кваша секілді онға жуық адам бар.

«Жақсы өмір сүрсем, отбасымды өзгелермен тең дәрежеде асырасам, балаларымды жеткізсем, үйім болса деген тәтті үміт болды. Сол 20 жыл өтті. Біздің қатарымызда қазір 1 200-ден астам адам бар. Қолдағандардың бәріне алғыс айтамын», — деді І топ мүгедегі Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың қолдау орталығының мүшесі Темірбек Матаев.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтардың қолдау орталығының барлық компьютерін жаңартып беретінін жеткізді.

«Осыдан 20 жыл бұрын пандусты, оны не үшін салу керек екенін білмегендер болды. Бұл — алғашқы қадам еді. Қазір қоғамдық бірлестік ауқымды жұмыс атқарып, бүкіл елге үлгі болып отыр», — деді өңір басшысы О.Оразалин.

Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындылады

Арбада отырса да ана атанды

Мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер де сүйікті жар, қамқор ана бола алады. Талшын Байсарина, Әлия Сағындықова, Айман Бисенова, Қарлығаш Есентаева, Жанар Жанәділова, Гүлнар Жәнібекова, Сымбат Нығметова секілді аналар сахнаға шығып, өз өмір жолдарын айтып берді.

«Бәрі де КамАЗ қағып, арбаға таңылған соң басталған еді. Содан бері қоғамдық бірлестік 20 жыл бойы мүгедек ана ретінде статусымызды көтеріп келеді. Біздің басымыздағы проблема өзгелерден артық болмаса, кем емес. Бірақ сал аурулар қоғамы бізге үлкен тәрбие беріп келеді. Мүгедектікті мінезбен, рухпен жеңуді үйретті. Әрқашан тура жолға салды, мәселе болса шешуге көмек берді. Мен шетелде, Қазақстанда да ем алдым. Жолдасым жеке көмекшім, ұлым еркелеп, ер жетіп келеді. Өзім арбада отырсам да хорда ән, сән көрсететін топ модель де болдым. Мүгедек ана ретінде қоғамдық қордың қолдауын сезініп келемін. Арбада отырған кезді ешбір ананың басына бермесін, ешбір бала ана қасіретін көрмесі деп тілеймін», — деді І топ мүгедегі Венера Сұлтанова.

Спортшылардан бес ұсыныс

«Біздің бес ұсынымызмыз бар. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдау, ынталандыру. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт кешенінің құрылысын жеделдету, үшіншіден арбаға таңылған спортшыларды тасымалдау үшін шағын автобус сұраймыз», — деді спортшы Шахан Жолдасбаев. Сонымен қатар Арбадағы би, пауэрлифтинг, волейбол, жеңіл атлетика секілді спорттың бірнеше түрінен жаттықтырушыларды арттыруды және қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді ұсынды.

Шахан Жолдасбаев Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының 20 жылдығына орай Құралай Бәйменова мен облыс әкімі Оңдасын Оразалинге «Ақтөбе облысының құрметті спортшысы» медалін табыс етті.

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Қазақстанның 38 спорт шебері бар. Ал спорт клубы 5 жыл бұрын құрылды. Оны Ақтөбе облысының әкімдігі мен Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы қолдап отыр.

Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындылады

Пластикалық ота жасайтын орталық қажет

Аманжол Әлімов 2008 жылы құрылыста жүріп, бетон қабырғасының астында қалды. Сол күннен бері екі аяғы жансыз, қозғалмайды. Әрі жамбасына ойық жара шықты. Уақыт өте келе екінші жамбасы зақымданды.

«Мен үшін Алматыдан арнайы дәрігер келіп, ота жасалды. Ота сәтті өтіп, арбаға отыруға мүмкіндік алдым. Ұсынысым бар, бізге пластикалық ота орталығы керек», — деді Аманжол Әлімов.

Дәл осындай пластикалық ота Ұлан Абдулғазинге де жасалған. Ол енді үстел теннисін ойнай алады.

«Арбада отырғанның төсекке таңылатын күні де болады. Сол кезде бізге ерік-жігер, сенім сыйлаған қоғамдық бірлестік болды. Өзім үстел теннисімен шұғылданып, Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері болған едім. Дерт меңдеген кезде төсекте жаттым. Құралай Базарбайқызының көмегімен нейрохирург те шақырылып, пластикалық ота жасалды. Нәтижесінде арбаға отыруға мүмкіндік алдым», — деді І топ мүгедегі Ұлан Абдулғазин.

Айта кетейік, «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі арбаға таңылған адамдарға жүйелі қолдау көрсетіп келеді. Мүгедектерді оңалту, «Д.А.Р» еріктілер тобы, әлеуметтік қызмет бөлімі мен қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Арбаларды жөндеу, тігін цехы қарастырылған. Сонымен қатар, 2005 жылы инватакси қызметі іске қосылды. Қазір Ақтөбе облысының екі ауданында инватакси жұмыс істеп тұр. Бала кезден өмірге бейімделуді үйренгендері қоғам алдында өзін-өзі ұстау, мәдени шараларға белсенді араласуды білді, үйренді. Қазір 17 адам өз ісін бастап, орта арнаулы, жоғары білім алды. Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған екі көпқабатты үй салынды. Қазір 73 отбасы тұрып жатыр. Ал бәрінің қолдаушысы атанған Құралай Бәйменова 2001 жылы «Құрмет» орденін алды.

Кейін Елбасы Құралай Бәйменоваға Қазақстанның Еңбек Ері атағын берді.

Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындылады
Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындылады
Еңбек Ері Құралай Бәйменова 20 жылдық жұмысын қорытындылады

 

kazinform.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support